Солтүстік Қазақстан газеті

АУЫЛДАҒЫ ИГІ ШАРА

Печать PDF

Туған жер – әркімнің шыр етіп дүниеге келген, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Оны қайда жүрсе де, жүректің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туып-өскен мекенге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі болып табылады.

argaiv1208

Ел болашағы солардың қолында деп үміт артып отырған жастарымыз кіндік қаны тамған жерінің қадірін біліп, оған ерекше сүйіспеншілікпен қараулары керек. Осы жағынан алғанда “Туған жер” бағдарламасын өте қажетті және маңызды жоба деп ойлаймын. Жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналған “Туған жер” бағдарламасында туып-өскен жеріне көмек жасаған адамдарды қолдап-құрметтеудің маңыздылығы тілге тиек етілген. Бұл – өте орынды айтылған ой. Әр азамат өзінің туған ауылын ұмытпауы керек.

Менің туып-өскен жерім – Қызылжар ауданындағы Архангелька ауылынан жиырма шақырымдай жердегі Бірінші май деген ауыл. Өкінішке қарай, қазір ол ауыл жоқ. Тек ақ қайыңның ортасындағы алаңқайда балықты көліміз ғана қалды. Осы көлден 400 метрдей жерде зират бар. Сол жерде ата-бабаларымыз жерленген. Оларға зиярат ету үшін зират басына жыл сайын жиналып, аруақтарға арнап Құран бағыштаймыз. Игі шараның жүзеге асуына үлкен де, жас та бәрі бір адамдай атсалысады. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тапты.

“Өлі риза болмай, тірі байымас” дегендей, дүниеден өтіп кеткендерді еске алу үшін шараның ойдағыдай өтуіне мұрындық болған адамдар ішінен інілеріміз Аманжол Баукенов, имандылық жолында жүрген молда Зарап Телтаев, Қастай Мусин, Зейнолла Баукенов сияқты азаматтардың есімін атап өткім келеді.

Жетпіс, сексенді алқымдап қалған Сұраған Мырзахметұлы мен оның зайыбы Бәтима, Дәмелі Қапезқызы, Күлман Қаппасқызы, Назира, Алтын Тотайқыздары және басқа да ауыл үлкендері күннің ыстығына, жол алыстығына қарамай, зират басына келіп, бас көрсетті. Жігіттер мен қыз-келіншектер дастарқан жайып, қарттар мен қарияларға қызмет етіп, баталарын алды. Осының өзі туған жерге деген сүйіспеншіліктің, салт-дәстүрге деген құрметтің, ұрпақ арасындағы сабақтастықтың бірден-бір белгісі болып табылады. Жастарымыз осыдан үлгі-өнеге алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау