Солтүстік Қазақстан газеті

САЯСЫ КЕҢ БӘЙТЕРЕК

Печать PDF

Біздің арамызда үнсіз жүріп-ақ үлкен істер атқарған қарапайым адамдар өте көп. Олар аты шулы әнші де, атақты ғалым да емес. Бірақ өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, талай қиындықты бастан өткерген, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өмір бойы – адал еңбек еткен жандар. Осындай жандардың қатарына ынтымақ-бірлігі мен сыйластықтары жарасқан Нұрымовтар отбасын жатқызуға болады. Биылғы жыл бұл отбасы үшін тым ерекше. Өйткені, Ескендір Қасенұлы мен Нұрикамал Қоңқашқызының қол ұстасып, шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр толыпты.

argaiv1582

“Өмірдің шыңына шығамын десең – Жаратқаннан жақсы жар тіле”, – деген нақыл сөзді есте ұстаған Ескендір ағамыз 1967 жылы жоғары білімді филолог, ай десе аузы, күн десе көзі бар Нұрикамал тәтемізбен отбасын құрады. Өмірге екі ұл, екі қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Барлығының жоғары білімі бар. Петропавл педагогикалық институтын бітірген үлкен қыздары Сәрия мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі кезде зейнет демалысында. Ұлдары Асқар мен Асхат Омбы қаласындағы С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Асқар Есіл ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болса, Асхаты Көкшетау қаласында колледжде қызмет атқарады. Ал кіші қыздары Айгүл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді бітіріп, аталмыш оқу орнында жұмыс істейді.

Қызметінде абыройлы, отбасында сыйлы бола білген Ескендір Қасенұлы кезінде өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, ізденімпаздығы және еңбекқорлығының арқасында мектеп директорының орынбасарлығына дейін көтерілді. Абзал жанның ерен еңбегі бағаланып, “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек ардагері”, “ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі”, “Ұландағы үздік қызметі үшін” медальдарымен және “Халыққа білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталған.

Білім саласында қырық жыл қызмет етіп қана қоймай, шаңырағын шаттыққа толтырып, шайқалтпай ұстай білген Ескендір аға – қызметке де, отбасына да бүкіл өмірін арнаған бақытты жан. Отбасы мен қызметтің тізгінін тең ұстаған азаматтың – адалдығы, табандылығы, шыдамдылығы көпке үлгі. Бар өмірін ұстаздыққа, бала тәрбиесі мен отбасына арнаған кейіпкеріміз бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ақсақал немерелері мен шөберелерінің балдай тәтті қылығына тоймай, өмірден көргені мен түйгенін айтудан жалыққан емес. 50 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптылардың өскелең ұрпаққа айтары көп екен.

– “Үйлену оңай, үй болу қиын” деген бабаларымыздың нақылы кейінгіге айтқан ақылы десем, артық айтқаным емес. Жұп жазбай бір шаңырақтың астында өмір сүру, ошақтың түтінін түзу түтету, дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп өсіру – ұлтымыздың бойындағы ұлы қасиеттер. Дегенмен, сүйдім-күйдім деп үйленіп, қарызданып-қауғаланып ұлан-асыр той жасап, ертеңіне ажырасып жатқандар да бар. Әйтсе де, арамызда өзі қалап алған жарын жанына өмірлік серік еткендер де жоқ емес. Олар – жарына адал, берген сертіне берік жандар. Ондай жұптар отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қояды. Сондықтан да ондай ерлі-зайыптының тіккен шаңырағы биік, керегесі кең болады. Ұрпағына ұлағат айтып, тәрбие мен өнеге көрсетіп, тамырын терең жаяды, – дейді ақсақал.

Осы тұста әңгімеге қарияның жанында отырған Нұрикамал Қоңқашқызы араласты:

– Ертеректе қыз ата-анасының ақ батасымен ұзатылатын. Бертін келе жігіттер қызды “алып қашатын” болды. Бүгінде ата-баба салты жаңғырып, ұмыт болып бара жатқан қыз ұзату тойы көбейді. Жастардың бірін-бірі ұнатып, тіл табысып, отау тігіп жатқаны жақсы, әрине. Дегенмен, бүгін үйленіп, ертесіне ажырасып жатқандар да жоқ емес. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін қыздарым мен келіндеріме ақ некенің қасиеті, отбасы құндылығы жайлы үнемі айтып отырудан жалыққан емеспін. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кейде әйел баласы ашуланып артық сөйлесе, ер-азамат қызбалыққа бой алдырып, әйелін ренжітуі мүмкін. Сол кезде ерлі-зайыптының арасында сызат пайда болады. Міне, осындай келеңсіз жайттардың алдын алу немесе болдырмау үйдегі әке-шешеге, ата-енеге байланысты. Олар өз перзенттерімен, келін-дерімен ашық әңгімелесіп, ой-ларын сұрап, кеңес беріп отыруы керек. Сонда ғана отбасында тыныштық орнап, ерлі-зайыптының махаббаты да баянды болмақ, – дейді ол.

Алтын тойларын “Қызылжар” орталық мешітінде атап өткен ерлі-зайыптылардың некелерін Кенжетай қажы дін жолымен қиып, неке куәлігін табыстады. Сондай-ақ, Алтын той иелері бұл тойда бір-бірімен сақина алмасып, оны ұрпақтарына мұра етіп қалдыруды дәстүрге айналдырды. Ескендір Қасенұлы зейнет демаласына шыққан соң да қол қусырып отырмай, өлең жазумен айналысады. Ол кісінің өлеңдері мен мақалалары біздің газетімізде жарық көрген. Осы тойда ағамыздың “Ғұмырнама” атты кітабының тұсауы кесілді. Кітап 4 тараудан тұрады. 1-ші тарау – Шежіре. Балалары, немерелері мен шөберелеріне қажет болар деп жеті атасына дейін талдап, үш жұртының ұрпағын тегіс қамтыған. Кітапта ағамыздың бар ғұмыры – балалық шағы, соғыс кезіндегі қиын да қызықты өмірі, ұстаздық жолы, сексеннің сеңгіріне жеткенге дейінгі өмірі жазылған. Сонау аштық кезінен бастап, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел басына түскен нәубет, ағайын-туыстары мен әріптестері жайында жазылған естеліктер берілген. Бүгінгі жарқын өмірдің жайсаң көріністері туралы толғаныстар да кітаптан орын алған.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау