Солтүстік Қазақстан газеті

ӨРІСІ КЕҢЕЙГЕН ӨНДІРІС

Печать PDF
Мұндай кәсіпорын жайлы сөз болғанда ғасыр тоғысындағы ауыртпалығы жанға батқан жылдардан аттап өтіп кете алмайсың. “Көппен көрген ұлы той” демекші, ол кездердің қиыншылығын тартқандар шын мәнінде аз болған жоқ. “Жұнысов Б.Н.” жеке кәсіпкерлігінің құрылғанына 17 жылдан аса уақыт өтіпті. Сол екі мыңыншы жылдарды еске алсақ, осындай ұжымдарды басқаратын жандар тығырықтан қалай шығу керектігін ойлап, сергелдеңге түскен, әркім үшін ертеңгі күніңе алаңдайтын сындарлы кез болатын.

Боштай Нәбиұлының ата-бабасы ертеде Көкше өңірінде тұрған екен. Кейін тағдырдың жазуымен Ресейге қоныс аударған. Алайда, туған жердің түтіні де ыстық қой, ол өзіне тартпай қоя ма? Сағыныш сезімі бойын билеген жас жігіт өз елінде, өзінің ағайындарының ортасында жүруді аңсаған. Сөйтіп, көңілі қалаған Петропавл қаласына қоныс аударған. Ал жоғарыда тоқталып өткен уақыттың алға қарай адым аштырмайтын тұсында: “Ана жақта мына жақтағыдан гөрі көп жеңіл емес пе, қайтып оралсам қайтеді”, – деп Ресей жақты ойға алмаған. Туа бітті мінезі бар, намысты қолдан шығармауға тырысқан ер жасы – елудегі Боштай Нәбиұлы ойға алғандарын жерге тастамай, жұмысына бел шеше кірісіп, өзі басқаратын ұжымды да жұдырықтай жұмылдыра білген.

argaiv1087

“Жолы түзудің, тірлігі де түзу болады” деп бекер айтылмаса керек. Сол үлкен жолға шағындап жасаған қадаммен бірте-бірте жетуге болатындығын қаперінде ұстай білген кәсіпкер алғашында автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсететін станция ашқан. Ондағы жұмыстардың ойдағыдай атқарылуы үшін алдымен бесаспап мамандарды іріктеп, оларға қолайлы жағдай жасаған. Оған қоса, алыс-жақын шетелдерден жеңіл автокөліктер әкеліп, оларды сатумен айналысқан ол қолда бар техникаларын, қоймаларды жалға беру арқылы да табыс табу жолын қарастырған. Түрлі түсті металдар қабылдауды да артық санамаған. Автокөлік жуатын орын да шыққан.

Нарықтық қатынастың өз талабы бар. Оған бейімделу кәсіпорын жұмысының алға басуына өзіндік септігін тигізіп, оң ықпал етеді. Ұжымның бүгінгі таңда жеткен жетістіктері қуантады. Мемлекет тарапынан қолдау көрген Боштай Нәбиұлы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы арқылы тиісті мөлшерде несие алып, оны жұмыстарын өрге бастыру үшін пайдаға асыра білген. Атап айтқанда, соңғы үш жылдан бері жылулығы тиімді блоктар шығарумен айналысып келеді.

Мұндай жұмыс оңай атқарыла қоймайтынын ескерсек, жеке кәсіпкерліктің директоры Боштай Нәбиұлына бірнеше рет ойланып, толғануына тура келген. “Келісіп пішкен тон, келте болмайтынын” ескеріп, ұжым мүшелерімен де ақыл бөліскен. Сөйтіп, алдын ала келісім жасалып қойылған Ресейдің Златоуст қаласына жол тартқан. Ол жерден финдердің жобасымен жасалған “Кондор” деп аталатын жылулығы тиімді, салмағы 20 килограмдық кірпіш жасайтын екі станок әкелген.

– Мұндай құрылыс материалын шығаратын станок еліміз бойынша жалғыз біздің кәсіпорында ғана бар екендігін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Жұмысымыз нәтижелі. Шығаратын өнімімізге сұраныс бар. Ең бастысы, оның сапасына ризашылықтарын білдіріп жататындардың қатары көбейе түсуде. Кірпіш шығаруға жергілікті жерде өндірілетін жуылған құм, Семейдің, Көкшетаудың цементі және Петропавлдың пенопласты пайдаланылады. Әрине, оны жасаудың өз құпиясы барын да айта кеткен жөн. Кірпіш шығаратын цехта 3-4 адам жұмыс істейді. Тәулігіне олар 300-400 кірпіш шығарады. Ал қажеттілік туындап жатса, 1000-1500 дана кірпіш шығаруға мүмкіндік бар, – дейді кәсіпкер Боштай Жұнысов.

Сапасының аса жоғары екендігінен болар, құрылыс материалы 75 жылға дейін жылу сақтау қасиетін жоймайды. Жаңа технология бойынша өндіріліп жатқан жылу блоктары – құрылыста сұранысы көп материал. Ол блоктарды үйдің қабырғасын үшінші қабатқа дейін көтеріп, қора-қопсы, гараж, саяжай салуға пайдалануға болады. Аталған кәсіпорынның құрылыс бригадасы тамыз айында Тайынша ауданында іске қосылған май зауытына арнап медициналық мекеме салған. Оның құрылысын олар 15 күн ішінде толықтай аяқтап шыққан.

Еңбектері ел игілігіне жарап, пайдаға асса, шығарып жатқан өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, “Қазақстанда жасалған” деген маркаға лайық болса, мәртебе деп осыны айт. 2015 жылы “Жұнысов Б.Н.” жеке кәсіпкерлігі республикалық “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік көрме-байқауында “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымы бойынша екінші дәрежелі дипломға ие болған. Ұжымның еңбектегі жетістіктерін паш ететін марапаттар жалғыз бұл ғана емес.

Кәсіпорынның іскер басшысының алға белгілеген жоспарлары да көңілге қонымды. Ол бүгінде қол жеткенді қанағат тұтып қалмай, өз жұмысын жетілдіре түсірудің қамын ойлауда. Мақсаты – өндіріс орындарын барынша тиімді пайдалану. Міне, сол үшін үлкен бір цехтың үстін көтеріп, онда көкөніс өсіру үшін жылыжай ашпақшы. Бөдене сияқты құс өсіру керектігін де ол әңгіме барысында айтып қалды. Еңбек десе, ерінбейтін осындай жігіттерді жолықтырғанда “Ер айнасы – еңбегі”, деп текке айтылмағанына көз жеткізгендей боласың.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау