Солтүстік Қазақстан газеті

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ЖЕМІСІ

Печать PDF

“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер инвестициялық бағдарламаның орындалуы және күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Оған журналистермен бірге жергілікті мәслихат депутаттары, қалалық әкімдіктің, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының, тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілдері, сараптама кеңесінің мүшелері қатысты.

argaiv1900

Кәсіпорында жөндеу қорын игеру және инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы серіктестіктің техникалық директоры Арман Сауытов айтып берді.

– Үстіміздегі жылы “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында Петропавл қаласындағы төрт кәріз сорғы станциясында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 370 миллион теңге бөлінді. Жаңа сорғылар қазан айына дейін іске қосылатын болады. Жаңа техниканың тиімділігі жоғары, – деді Арман Сауытов.

Аталмыш кәсіпорынның өкілдері бастаған топ, ең алдымен, Тоқсан би – Брусиловский көшелерінің қиылысында орналасқан кәріздік сорғы станциясында болды. Бүгінгі таңда “Қызылжар су” ЖШС-нің балансында пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын 19 осындай станция бар. Мамандардың айтуынша, көп жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген ғимараттың және жабдықтарының тозығы жеткен. Осыған орай инвестициялық бағдарлама аясында жаңғырту жұмысы қолға алынған. Соның алғашқысы – осы нысан. 26 жылдан бері жөндеу көрмеген станция қаланың орталық бөлігіне, Тоқсан би, Брусиловский, Букетов көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерге, әкімшілік ғимараттарға, №1 мектепке қызмет көрсетеді. Нысанды жаңғыртуға республикалық бюджеттен 57,6 млн. теңге қаражат бөлінген. Бүгінде оның 61 пайызы игерілген. Қазір серіктестіктің мамандары станцияның шахтасына заманауи сорғыны орнатуға арналған дайындық шараларын жүргізуде. Сарапшылардың айтуына қарағанда, шетелдік агрегаттың арқасында 8 млн. теңге үнемделмек.

Одан кейін баспасөз турына қатысушылар Петропавлдағы ірі кәріз станцияларының бірі – Нефтепроводный көшесінде орналасқан кәріздік сорғы станциясына ат басын бұрды. 1992 жылы салынған нысан қаланың “Береке” шағынауданы, солтүстік-шығыс өнеркәсіптік аймағы мен мұнай құятын бекетке қызмет етеді. Станция тәулігіне үш мың текше метр кәріз суын сорады. Заманауи техника жұмыстың басым бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жоба құны – 255,5 млн. теңге.

Су тарту кешенінің басшысы Ербол Нәбиев баспасөз турына қатысушыларды сорғы станциясының құрал-жабдықтарын қайта жаңарту жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысымен таныстырды. Басшының айтуынша, электр қуатын үнемдейтін шведтік “Flygt” фирмасының сорғылары орнатылуда. Аталған қондырғы сынақтан өтіп, нарықта өз бағасын алған. Ең бастысы, қауіпсіз техника. Фирма өз өніміне 50 жыл мерзімге кепілдік берген. Жаңаларында арнайы үккіштер бар. Олар кәріз суының ішіндегі қоқыстарды ұсатып, құбырлардың бітелуіне жол бермейді екен.

Баспасөз турындағы келесі аялдаған нысан – Шухов көшесіндегі кәріздік коллектор. Мұнда диаметрі 500 миллиметрлік құбырды жуып-шаю жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін арнайы машина қолданылуда. Ол коллекторда тұрып қалған кірпіш, түрлі бетон қалдықтарын жоғары қысыммен шығатын сумен шаяды. Мердігер компания павлодарлық – “Казстрой-сервис 7” ЖШС-нің жөндеу учаскесінің басшысы Рустам Омаров қазіргі уақытта коллектордың 1500 метр құбырының 50 метрі жуып-шайылғанын хабарлады. Құбырды жуып-шайғаннан кейін санациялау жұмыстары қолға алынады. Жалпы бұл жұмыстарды жүргізуге 284 млн. теңге қаражат бағытталған. Жоспарлы жұмыс 25 күнде аяқталады деп күтілуде.

Сапар соңында баспасөз турына қатысушылар “Қызылжар су” ЖШС-нің қарамағындағы екінші көтерме сорғы станциясында болды. Кәсіпорынның бас энергетигі Евгений Мокренскийдің айтуынша, 1969 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан станцияда алты қуатты сорғы агрегаты орналасқан. Үзіліссіз жұмыс істейтін сорғы агрегаттары электрқозғалтқыштарының жалпы қуаты – 4290 кВт. Ол кәсіпорын тұтынатын электр қуатының 32,4 пайызын құрайды. Энергия ресурстарын тұтыну деңгейін азайту және олардың жұмыс істеу сенімділігін қамтамасыз ету үшін жиілігі реттелетін асинхронды қозғалтқыштар негізінде үнемді сорғы агрегатын орнату қолға алынуда. Мәселен, бүгіндері сорғы станциясындағы сорғылардың үшеуі жаңасына ауыстырылған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылына 10 млн. теңгені үнемдеуге мүмкіндік бар.

– Облыс орталығындағы жылу желілерінің ескіруі, оның өзекті мәселеге айналғанына біраз уақыт болды. Десек те, соңғы үш жылда жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында жағдай біршама жақсарғаны сөзсіз. Жаңғырту жұмыстарына тартылған 437 млн. теңге инвестицияның 234,6 млн. теңгесі игерілді. Кәсіпорында инвестициялық бағдарламаларға сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстың куәсі болдыңыздар. Яғни, кәсіпорнымыз заман ағымына сай электр қуатын үнемдеуге ерекше мән беріп отыр, – деді баспасөз турын қорытындылаған кәсіпорынның техникалық директоры Арман Сауытов.

“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылы шаһарда 241 құдықты жөндеп, 73 ысырманы жаңартқан. Соңғы сегіз айдың ішінде су құбыр желілерінің 4,2 шақырымы және 1,8 шақырым кәріз желілері ауыстырылды. Сондай-ақ, кәсіпорын өз қаражатына 241 құдық пен 721 кәріз құдықтарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау