Солтүстік Қазақстан газеті

БАТЫР ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

Печать PDF
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы негізінде қолға алынған “Ұлы дала батырлары” акциясы аясында Ресей Федерациясындағы Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті, Кеңес Одағының Батыры, ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Руслан Аушев туған жері Айыртау ауданына келіп, жерлестерімен кездесті.

Руслан Сұлтанұлы Аушев 1954 жылы 29 қазанда Саумалкөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Аушев Сұлтан-Хамид Юсупұлы және анасы Аушева Тамара Исултанқызы 1944 жылдың ақпан айында тағдыр тәлкегіне ұшыраған мыңдаған ингуштармен бірге Қазақстанға жер аударылып, жергілікті халықтың қамқорлығының арқасында аман қалған екен.

argaiv1962

“Туған жер – тұғырың” демекші, көп жылдан бері кіндік қаны тамған жерінен жырақта жүрген жерлесіміз бұл сапарын Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінде болып, қос батырдың аруағына тағзым етуден бастады.

Содан соң аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Михаил Янко атындағы №1 Саумалкөл орта мектебінің тарихи-этнографиялық мұражайын аралап, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлерге арналған Даңқ Монументі мен “Мәңгілік Ел” саябағындағы ауған соғысында әскери борыштарын өтеу кезінде қаза тапқан жауынгерлерге аналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Аудан орталығындағы балалық шағы өткен үйге барып, оның қабырғасына орнатылған “Бұл үйде Кеңес Одағының Батыры Аушев Руслан Сұлтанұлы тұрды” деген жазуы бар ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты.

Бұдан кейін Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен “Ұлы дала батырлары” атты “дөңгелек үстел” барысында Руслан Аушев сонау сұрапыл жылдарда қазақ жеріне еріксіз жер аударылған ата-анасы мен туысқандарына жергілікті халықтың көрсеткен қамқорлығы мен бауырмалдығы үшін алғысын айтып, өмір жолына қысқаша тоқталып өтті. 1994-2001 жылдар аралығында Ингушетия Республикасының президенті болған жерлесіміздің жақсы қырлары жайында оны жете танитын үзеңгілестері де баяндады. Ресей тауар өндірушілер одағының президенті Олег Сосковец, “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы Салман Героев, ардагер-ұстаз Идея Смирнова оның ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі екенін баса айтты. Осындай мазмұнды әңгіменің арқасында біз де жерлесіміз жайлы біраз мағлұматқа қанықтық.

Жиын барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов Руслан Аушевті “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 25 жыл” мерекелік медалімен марапаттаса, айыртаулықтар оған “Айыртау ауданының құрметті азаматы” атағын берді.

Кездесу соңында сөз алған Руслан Сұлтанұлы солтүстікқазақстандықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, №1 Саумалкөл орта мектебіне “Вайнах” шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің атынан “ГАЗель” автокөлігінің кілтін табыстады.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Комментарии   

 
0 #1 Ахметжан 13.09.2017 15:22
Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті, Кеңес Одағының Батыры, ауған соғысының ардагері, генерал-лейтена нт Руслан Аушев туған жері Айыртау ауданына келіп, жерлестерімен кездесіп, автокөлік сыйлағанын газет бетінен оқыдым. "Туған жерге туың тік", деген. Жерлестеріне жақсылық жасау әркімнің қолынан келмейтін қайырлы іс. Нағыз азамат екен.Батырдың ұшқан ұя, өскен ортасына тағзым жасап қайтқаны сүйсінтті.
Цитировать
 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау