Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАЛДЫҚСЫЗ ӨНДІРІС

Печать PDF

Биылғы көктемнен Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылдық округінде шере (фанера) өндірісімен айналысатын нысан бой көтеруде. Жаңа кәсіпорын Тоқшын ауылының шығыс жағында орналасқан бұрынғы май зауытының алаңында салынып жатыр. “Қазақстан Шере Компаниясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрдос Ержігіт кәсіпорынның атқаратын жұмыстарымен таныстырып, жоспарларымен бөлісті.

argaiv1087

– Аққайың ауданында бұл кәсіпорын биылғы жылдың қаңтар айында ашылды. Оған облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктер тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Нысанның Аққайың ауданында салынуының да өзіндік себебі бар – бұл өлке географиялық орналасуы жағынан қолайлы. Мұнда шикізат та, жұмыс күші де жеткілікті, темір жол қызметі де бар, – деді Нұрдос Ержігіт.

Өндіріс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде шерені дайындауға арналған шикізат – кілтек өндірілсе, екінші кезең екі-үш жылдан кейін қолға алынбақ. Кілтек (шпон) – ағаш, табиғи материал немесе ағаштың жұқа парағы. Қалыңдығы 0,5-1,5 мм. өлшеммен дайындалған кілтек ағаш беттеріне жапсырма ретінде де қолданылады. Асүй жиһаздарының барлығында, шкафтарда және тағы басқа жиһаздарда осы кілтек жабыстырылған.

Кәсіпорын кілтекті қайыңнан жасамақ. Өйткені, жоғары сапалы кілтекті тек қайыңнан ғана жасауға болады. Ал Қазақстан аумағындағы аққайыңның 86 пайызы біздің өңірімізге тиесілі екендігін ескерсек, өнімдері болашақта үлкен сұранысқа ие болары сөзсіз. Құрылыс жұмыстарын Петропавл қаласының “Пенобетонмонолитстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алыпты. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті тұрғындар да жұмысқа қабылданған.

– Алдағы уақытта осы жұмысшылардың арасынан іріктеп, шерені және кілтекті шығаратын мамандарды даярлаймыз. Ал кәсіпорынға жұмысқа орналасу үшін тоқшындықтар екі апталық курстан өтіп, сертификат алуы тиіс. Әзірге жиырма шақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлап отырмыз. Болашақта ісіміз кеңейіп жатса, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Кілтекті тапсырысқа сәйкес көрсетілген өлшем бойынша дайындаймыз. Шикізатты сақтау үшін кәсіпорын маңынан 1,47 га. алаңды жалға алдық. Тапсырыс беруші тауарды осы жерден алып кетеді, – дейді кәсіпорын басшысы Нұрдос Ержігіт.

Серіктестіктің бұл ісі орман пайдаланушыларына да айтарлықтай пайда келтірмек. Қажетті шикізат өзінің сапасы бойынша бағаланбақ. Яғни, бірінші сұрыпты ағаштың бір текше метрінің құны – тоғыз мың теңгеден қымбат болмақ.

Құрал-жабдықтарды жете тексеріп, түрлі нұсқаларды қарастырған кәсіпорын басшылығы өндіріске украиналық “МАГР” компаниясының жабдықтарын пайдалануды жөн көріпті. Қажетті жабдықтар осы айда әкелініп, орнатылады. Ал өнімді шығару үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр. Келешекте цехтардың санын көбейтуді ойлап отырған басшылық жиһаз шығаруды да қолға алмақ.

– Әрине, ең алдымен, өніммен ішкі нарықты қамтамасыз етуге тырысамыз. Сонымен қатар біздің экологиялық таза шере мен кілтеге шетелдік жиһаз өндірушілердің сұранысын да қарастырамыз. Бір айда – 500-700 текше метр, ал жылына 6 мың текше метрге жуық кілтек дайындауды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрдос Ержігіт.

Жергілікті тұрғындар арасында: “Бұл өндіріс түрі экологияға және адамдардың денсаулығы үшін зиян”, – деген алаңдаушылық та бар. Осы жайында сұрап едік, кәсіпорын басшысы ауыл тұрғындарының алаңдаушылығына еш негіз жоқ екенін айтты. Себебі, өндірісте экологиялық таза өнім әзірленбек. Шерені жабыстыру үшін еш химиясыз ұннан жасалған желім қолданылатын болады. Ағашты жонғанда қалған қабық пен жаңқалар цехты жылыту үшін қолданылып, қалдықсыз өндіріс құрылмақ.

Ботагөз СМАҒҰЛОВА.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау