Солтүстік Қазақстан газеті

“Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?”

Печать PDF

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Петропавл қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасарлары Есмағзұм Байбосынов пен Сайран Есболатовтың, құқықтық жұмыс және салық заңнамасын түсіндіру бөлімінің жетекшісі Әлия Талипованың істерін қараудан басталды. Олар не бүлдіріпті дейсіз ғой?!

argaiv1977

“Жылдам құрастырылатын ғимараттар мен құрылғылар зауыты” ЖШС-і жұмысшылардың әлеуметтік төлемақы және зейнетақы аударымдарына байланысты қарызға батқаны белгілі болған. Сол себепті, кәсіпорынның кассаны пайдалануына шектеу қойылған. Алайда, серіктестік есеп айырысуды жалғастыра берген. Осыған байланысты өткен жылы басқарма мамандары хаттама толтырады. Бұл құжатта кәсіпорынның орта кәсіпкерлік субъектісіне жататындығы жазылған. Ал Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 277-бабы бойынша кіші кәсіпкерлік субъектілеріне 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, орта кәсіпкерлік субъектілері жасалған есеп айырымдарының 30 пайызын төлеуге міндетті. Алайда, Есмағзұм Байбосынов істі жедел қараудың орнына уақыт оздырып алған, осы кезде серіктестік өзін кіші кәсіпкерлік субъектісі ретінде қайта тіркеп үлгерген. Осылайша, кәсіпорын 200 миллион теңгеден астам айыппұлдың орнына шамалы ғана қаражат төлеп, жауапкершіліктен оңай құтылып кеткен. Кеңес мүшелері Есмағзұм Байбосыновты қызметіне толық сай емес деп таныды.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Александровка ауылдық округінің әкімі Қайыргелді Байтақовтың қылығы, тіпті, жаға ұстатқандай екен. Ол жұмыс уақытында мас күйінде көлік жүргізген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев әкімнің бұл қылығы ақылға сыймайтынын әрі мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен Әдеп кодексі нормаларын бұзу болып табылатындығын айтып, оны қызметінен босату туралы ұсыныс жасаған еді, кеңес мүшелері аудан әкімінен Қайыргелді Ақбарұлына қатаң сөгіс жариялауды сұрау керек деп табандап тұрып алды. Осындайда “Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?” деген халық сөзі ойға оралады. Өрескел қылығымен ел алдында масқара болған әкімді жазадан құтқарып жіберген кеңес мүшелері осы сауалдың жауабын таба алмаған-ау, сірә?!

Ал облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова көлік жүргізушісіне еңбекақыға қосымша заңсыз қаржы төлеп келген. Кеңес мүшелерінің ұйғарымымен оған да қатаң сөгіс жариялау ұсынылды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Комментарии   

 
0 #1 Айдар 13.09.2017 14:57
Әдеп кеңесінің мүшелері жұмыс уақытында мас күйінде көлік жүргізген Мағжан Жұмабаев ауданындағы Александровка ауылдық округінің әкімі Қайыргелді Байтақовқа қатаң сөгіс жариялауды ұсыныпты. Оның бұдан кейін де қызмет уақытында арақ ішіп, бассыздық жасамасына кім кепіл?! Әдеп кеңесінің мүшелері осыны ойлады ма екен? "Бір құмалақ бір қарын майды бүлдіреді". Мемлекеттік қызметшілердің атына кір келтірген ол енді ауылдастарының бетіне қалай қарайды екен?!
Цитировать
 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау