Солтүстік Қазақстан газеті

ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ — НЕГІЗГІ ҚҰЖАТ

Печать PDF

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаң­­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында ел экономикасын дамыту, әлеуметтік саланы жақсарту, руханиятымызды жаңғырту, қоғам қауіпсіздігі және тағы басқа мәселелерге басымдық берілген.

argaiv1934

Бүгінде әлем бойынша белең алған экономикалық дағдарыс тың қадамдар жасауды талап етуде. Жолдаудағы бес басым­дықтың төртеуі экономиканы дамытуға бағытталған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Нұрлы жол” бағдарламасы, Индустрияландыру картасы және “100 нақты қадам” Ұлт жоспары экономикамызды өркендетуге, еліміздің әр азаматын жұмыспен қамтуға бағытталған.

Жылдың басты құжатындағы еңбек нарығын жаңғыртуға арналған үшінші кешенді міндетте жұмысшыларды қайта оқыту, азаматтардың табысын көтеру мәселелеріне зор маңыз берілген. “Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын. Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек”, – делінген болатын Елбасының Жолдауында.

Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шараларға қарамастан, еңбек қа­­тынастарын реттеу саласында қиындықтар аз кездеспейді. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке еңбек қатынастарын реттеп, жаңа Еңбек кодексін әзірлеуді тапсырған болатын. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Еңбек кодексі күшіне енді. Онда жұмыс берушілер үшін жұмысшы жалдау, кадрларды ауыстыру, жұмыстан шығару, жағдай жасау мен еңбекақы төлеу ресімдері бойынша біраз жеңілдіктер қарастырылған.

Жаңа Еңбек кодексінің біздің жұмысымызға тікелей қатысы бар. Онда еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу, әсіресе, өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту, әлеуметтік-еңбек дауларын туын­дат­қаны үшін құқықтық жауапкершілікті қолға алу қажеттігі айтылған. Осы мақсатты жүзеге асыруды көздеп, жұмысын үйлестіріп отырған облыстық еңбек инспекциясы басқармасы бүгінде айтарлықтай жұмыстар жүргізуде.

Қазақстанның әрбір тұрғыны еңбек бостандығына ие, тиісті шарт бойынша қауіпсіз де таза жұмыс орнында еңбек етуге құқылы. Облыстың мемлекеттік еңбек инспекторлары үстіміздегі жылдың басынан бері 271 кәсіпорында тексеру шарасын жүргізді. Тексеру барысында Еңбек кодексін бұзудың 662 фактісі анықталды. Заңсыздықтың басым бөлігі жұмыс берушілерге қатысты болды. Еңбек қатынасы 351 рет бұзылса, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 284 кемшілікке жол берілген. Халықты жұмыспен қамту бойынша 27 заңсыздық анықталды. Осы анықталған кемшіліктердің негізінде инспекторлар 212 нұсқама толтырды. Еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген 137 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылып, 19,6 миллион теңгенің айыппұлы салынды.

Кейбір жұмыс берушілер Еңбек кодексінің 108-110-баптарында көрсетілген талаптарды орындауға құлық танытпайды. Яғни, жұмыс берушілер еңбеккерлері белгіленген уақыттан артық жұмыс істесе немесе мереке және демалыс күндері жұмысқа шықса, сондай-ақ, түнгі уақыттағы ауыр еңбегіне тиісінше ақы төлеуге немқұрайды қарайды. Біздің инспекторлар мұндай олқылықтармен жиі кездеседі. Олар заң шеңберінде өткізілген тексерістерді мұқият сараптап, тиісті шешім қабылдайды. Еңбек қатынастары бойынша заңсыздықтар, негізінен, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің Еңбек заңнамасын жіті білмеуінің, жұмыс берушілердің бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуінің кесірінен орын алады. Еңбек заңнамасын қасақана бұзатын жұмыс берушілердің де бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Жұмыс берушілердің кәсіпорындар мен өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесіне үстіртін қарайтын кездері жиі анықталады. Мәселен, жұмысқа алынғалы отырған адамнан кәсіптік жарамдылығына байланысты міндетті медициналық тексеруден өтуді талап етпейтін, жеке қорғану құралдары және арнайы киіммен қамтамасыз ету мәселелерін ұмыт қалдыратын жұмыс берушілер аз емес. Соның салдарынан өндіріс басында орын алып жатқан қайғылы оқиғаларды да көріп жүрміз.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген алдын алу шараларына қарамастан, облыс кәсіпорындарында 30 жазатайым оқиға орын алды. Онда 33 адам зардап шегіп, оның бесеуі мерт болды. Жеті адам ауыр, тоғызы орташа, ал он екі адам жеңіл жарақаттанды. Бұл оқыс оқиғаларға себеп болған жағдайлардың ішінде жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын бақыламауы, зардап шегушінің еңбек қауіпсіздігі талаптарын толық білмеуі және сақтамауы, машиналар мен механизмдердің ақауларының болуы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, апаттар, жеке қорғану құралдарын пайдаланбау сияқты фактілер жиі кездеседі.

Жаңа Еңбек кодексінің басты ерекшелігі – мемлекеттің жұмыс беруші мен жұмысшы ара­сындағы еңбек қатынасына араласуы барынша шектеледі. Бұл жерде жұмысшының құқын қорғайтын басты құжат – ұжымдық шарт болмақ. Өйткені, онда жұмысшыға қолайлы жағдай жасау, жалақы төлеу мен еңбек қауіпсіздігін сақтау нормалары секілді қарапайым еңбеккердің мүддесіне сай келетін барлық шарттар қарастырылған. Үстіміздегі жылдың жеті айында облыс аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелер 3739 ұжымдық шарт жасады. Бұл барлық жұмыс істеп тұрған мекемелердің 94 пайызын құрайды. Ұжымдық шарттардың сапасы еңбек инспекторларының тұрақты бақылауына алынған.

Өткен кезеңде мемлекеттік инспекторлар жазбаша келіп түскен 562 өтінішті тексерді. Ондағы заңсыздықтардың басым бөлігі еңбек қатынастарына қатысты, қалған 19-ы еңбекті қорғау бойынша. Инспекторлардың көмегіне жүгінген 1057 азаматқа кеңес беріліп, құқықтары түсіндірілді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының Еңбек кодексінің мазмұнын терең түсіндіру мақсатына арналған кешенді жоспары бар. Басқарма белгіленген кесте бойынша жұмыс берушілерді, еңбеккерлерді, кәсіподақтар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерін қатыстыра отырып, облыс орталығы мен аудандарда семинар-кеңестер ұйымдастыруда. Сондай-ақ, тексерістер барысында нысан әкімшілігі және еңбек ұжымымен заңнама бойынша әңгімелер өткізеді. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Қайрат ПІШЕМБАЕВ,

облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау