Солтүстік Қазақстан газеті

Ауылдың шынайы қамқоршысы

Печать PDF

Бүгіндері өңірімізде күзгі жиынтерін науқаны қарқын алған. Мамлют ауданында биылғы орақ науқанына алғашқылардың бірі болып кіріскен шаруашылықтардың бірі – “Хуландой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш агроқұрылым бидайдан басқа жүгері, сұлы, зығыр, біржылдық шөп өсірумен айналысады.

argaiv1962

Мамлют ауданына қарасты Токаревка ауылындағы Небиюла Сағындықов басқаратын агроқұрылымға арнайы жұмыс сапарымен барып, астық жинау барысымен танысып қайттық. 1997 жылы құрылған серіктестіктің барлық егістік алқабы 2700 гектар екен. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған агроқұрылым көктемде 1600 гектар алқапқа бидай сепсе, 200 гектарға майлы дақылдар, 530 гектарға арпа егілген. Бүгіндері егінжайда 6 комбайн, тіркемесі бар 6 трактор жұмылдырылған. Несібесін жерден тапқан жігіттердің қимылы ширақ. Орақ науқаны басталғаннан бері 25 еңбеккер дәнді дақылдардың 60 пайызға жуығын дестеге түсіріп, оның жартысынан астамын бастырып үлгерген.

– Былтыр біз әр гектардан орта есеппен 17,5 центнерден өнім алсақ, бүгіндері гектар берекелігі 20 центнерден айналуда. Келесі алқаптардан бұдан да жоғары өнім алынады деп күтеміз. Қазір Мамлюткадағы элеваторға бітік шыққан бидай мен арпамызды жөнелтудеміз. Жұмысшыларымыз күздің әр ашық күнін бағалай біледі. Сондықтан мол астық жолындағы жұмыс өнімді қамбамызға ысырапсыз құйып алғанда ғана аяқталады, – дейді серіктестіктің бригадирагрономы Мұса Сағындықов.

Мұса Нұрмолдаұлының айтуына қарағанда, биыл алқапқа “Омбы-35” және “Орал-Сібір” сұрыпты бидай егілген. Шаруашылық нөлдік технологияларды кеңінен қолдану, егіншілік мәдениетін арттыру нәтижесінде соңғы жылдары гектар басы 17 центнерден кем өнім алып көрген емес.

Техникалары жеткілікті, механикалық қырманы мен астық сақтайтын қоймалары бар. Агротехникалық шараларды тиімді қолданудың арқасында жыл сайын егістіктен жақсы өнім алып келеді. Науқанға жоғары өнімділікті заманауи “Полесье”, “Джон Дир” және “Sampo Asia” комбайндары жұмылдырылған. Жаңартылған техникалардың 70 пайызы “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы лизингке алынған.

Ауылдың еңбекке жарамды тұрғындары осы агроқұрылымның ісіне бір адамдай тартылып, қыста мал күтімінде, ал жазда танап басында жұмыс істейді. Серіктестікте екі қолға бір күрек тапқан жұмысшылардың орташа айлық жалақылары 90 мың теңгені құрайды. Күзгі орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізуге тәжірибелі комбайншылар мен автокөлік жүргізушілері өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, механизатор Александр Пестреков, Александр Крестовец, Владимир Звягинцев және тағы басқалар еселі еңбектерімен көзге түсуде. Агроқұрылым басшылығы осындай озат еңбеккерлерінің арқасында орақ науқанын алдағы жеті-сегіз күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

Агроқұрылымның мал шаруашылығында әлеуеті еселене түскен. Бүгіндері серіктестікте екі жүзден астам қара мал бар. Оның 140-ы – сауын сиырлары. Қыстап шығатын жайлы қоралар салынған. Мал азығын қамту тұрғысында көпжылдық сөлді шоқ пен сұлы егіледі. Ендігі мақсат – жергілікті ірі қараны асылдандыра түсу. Ол үшін “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінен жоғары өнімді шетелдік сементал мен ангус тұқымдас бұқалар сатып алынған. Ірі қара табиғи жолмен және қолдан ұрықтандырылады. Шаруашылықтың бір үйір жылқысы да бар. Қамбар ата төлдерінің де өнімділігін арттыру көзделіп отыр.

Бригадирдің айтуынша, шаруашылықтың басшысы Небиюла Нұрмолдаұлы жұмыс беруші ретінде өз міндеттерін толығымен орындап келеді. Ұжымда еңбек адамдарының бар мұқтажы ескерілген. Тамақтанулары тегін, демалыста шипажайларға жолдама беріліп, озат еңбеккерлер сыйақы алып тұрады. Ауылдың ардагерлері мен мүгедектеріне, аз қамтылған отбасыларға да басшылық тарапынан ерекше назар аударылуда. Таза ауызсу тарататын мұнараны да Небиюла Сағындықов өз қаржысына салып берген. Жергілікті тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарын жем-шөппен, отынмен қажетінше қамтамасыз етіп отырған да – осы серіктестік.

2013 жылы серіктестік “Парыз” республикалық байқауының “Үздік ұжымдық шарт” аталымының күміс жүлдегері атанды. Ал тұрғындар болса, алақандай ауылдың қабырғасын сөкпей, айрандай ұйытып отырған шаруашылық басшысына дән риза.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау