Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАҢА БАСТАМАЛАР ҰСЫНЫЛУДА

Печать PDF

Бүгінгі таңда дін мәселесі қоғамдағы өзекті проблемалардың біріне айналуда. Біздің қоғамды діни радикализм мен экстремизм проблемасы біршама алаңдатып отыр. Бұл бағытта мемлекет нақты шараларды қолға алып, дін саласындағы ахуалды реттеуде жаңа бастамалар ұсынып отыр. Елдегі деструктивті ағымдардың қызметіне тыйым салына ма? Діни салада қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев әңгімелейді.

argaiv1682

 

– Елімізде Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осы тұжырымдаманың басты ерекшеліктері неде? Қандай басымдық беріліп отыр?

– Тұжырымдама діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас, діннің қоғам өміріндегі рөлі туралы мемлекеттің ұстанымы мен көзқарасын неғұрлым нақты және жүйелі түрде қалыптастырды десек, дұрыс болады. Аталған құжат бірінші кезекте қазіргі кезде республикада болып жатқан жағдайды назарға алып, бағалады. Екіншіден, тұжырымдама мемлекеттің бұған деген көзқарасын айқындады. Үшіншіден, кемшіліктерін жоюға бағыт бере отырып, осы жағдайдың жақсы-жаман жақтарын көрсетті. Бұл – өз кезегінде діннің қоғам өміріндегі рөлі мен алатын орнына қатысты мемлекеттің ұстанымын ашық, әділ көрсетуі болды. Оның рөлі осыған негізделген. Тұжырымдаманы осы саладағы мемлекеттік саясаттың таяудағы төрт жылға арналған “жол картасы” деуге болады.

Мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі мемлекеттің зайырлық негіздерін нығайту болып табылады. Зайырлылық дегеніміз не? Зайырлылық – бұл кейбіреулер қателесіп ойлағандай атеизм емес. Шын мәнінде зайырлылық – бұл құдай жоқ деген емес, дінді жоққа шығару емес, тек қана атеистік нанымды міндеттеу емес. Кеңес Одағы кезіндегі атеизмнен айырмашылығы сол (оның өзінде де шіркеулер мен мешіттер болған), қазіргі замандағы Қазақстанның зайырлы құрылымы бірде-бір дінді және бірде-бір конфессияны ресми түрде бөліп көрсеткен емес және діни тиесілігіне қарай біреуінен біреуін артық көрмейді. Мемлекет дінді саясиландыруға жол бермейді, бірақ діни бірлестіктер мен конфессиялардың дамуына қарсы болмайды, діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға кедергі жасамайды, билік органдары конфессиялар мен діни бірлестіктердің ішкі, канондық мәселелеріне араласпайды.

Бұл ретте мемлекеттік органдар барлық діни бірлестіктердің заңды сақтауын қадағалайды. Ендеше, мемлекет өз кезегінде ар-ождан бостандығы мен Құдайға сену немесе сенбеу құқығына, ғылыми дүниетанымына, өз күш-жігеріне немесе тылсым күштерге сену құқығына құрмет білдіретін әділ төреші. Бұл – әрбір азаматтың конституциялық құқығы, оның негізінде ар-ождан бостандығы жатыр. Ар-ождан бостандығы дегенді біз басқа адамдардың бостандығына және жалпы қоғамға зиян келтірмей, адамның өз сенімін, оның ішінде діни нанымын қалыптастыру құқығы немесе бостандығы деп түсінеміз.

– Алдағы уақытта діни салада біршама шектеулер мен тыйым салулар болатыны айтылып жүр. Жалпы, тыйым салу саясаты қаншалықты тиімді?

– Қазақстанда тыйым салу шараларына мүлде басымдық беріліп отырған жоқ. Тұтастай алғанда, тыйымның барлық түрлері демократиялық мемлекеттерге қарағанда діни фундаментализмге тән. Бұл менің пікірім емес, бұл – ғылыми факті. Егерде басқа елдермен салыстыратын болсақ, біз дін саласында тыйым салу шараларын өте аз қолданамыз, сондай-ақ, оған басымдық беріп отырған жоқпыз. Біз адамға ойлануға, өзінің көзқарасын ұстануына тыйым салмаймыз. Бірақ белгілі бір идеологияны деструктивті деп айта аламыз. Мемлекеттің оған құқығы бар. Бірақ адамға ойлауға немесе сенуіне тыйым салуға талпынбаймызда және ондайға бармаймыз. Мысалы, қазіргі уақытта қоғамда псевдосалафизм сияқты деструктивті діни ағымға тыйым салу туралы мәселе көп көтеріліп жүр. Мемлекет бұл біз үшін деструктивті ағым деп нақты және ашық айтты, дегенмен басқа елдер үшін қалыпты болуы мүмкін. Неліктен біз оған тыйым салмаймыз? Өйткені, бұл ұйым емес. Қайтсе де, бұл – көзқарас, ой, наным-сенімдер жүйесі. Бұл мемлекеттің тыйым салуды көздемейтіндігіне нақты дәлел.

Бірақ мемлекет осы деструктивті идеологияның таралуына тыйым салу құқығын өзіне қалдырады. Яғни, адам не ойласа да, өз еркі, ал егер өзінің жат, теріс ойларын насихаттайтын болса, басқаларды тарта бастаса, онда мемлекет шектеу шараларын қолданатын болады. Мәселен, елдегі христиан ұйымының біріне тыйым салуды жақтаушылар бар екенін білесіздер. Атын айтпасам да, сіздер қай ұйым жайында екенін білесіздер. Алайда, үкімет тыйым салу жолын қолданып отырған жоқ. Біз әрбір діни топпен жұмыс жасаймыз, оларды заңнаманы сақтауға шақырамыз. Көпшілік осы жолмен жүріп, заң бұзушылыққа жол бермеуге тырысады. Ал егер діни ағымдар, бірлестіктер қандай да бір жүйелі түрде заң бұзушылыққа жол беретін болса, мемлекеттің шектеу мен тыйым салу шараларын пайдалануға барлық заңды негіздері бар. Бірақ қайталап айтам, біз түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргізуге басымдық береміз.

Бұл жерде діни саладағы тұжырымдама ақпараттық-түсіндіру шараларын, консультациялық, бейімдеу-оңалту қызметтерін көрсетуді көздейді. Бізде дерадикализациялау бойынша оңалту орталықтары қызмет етеді, түсіндіру және консультация беру үшін “Қауырт 114” желісі жұмыс істейді, елімізде 300-ден астам ақпараттық-түсіндіру тобы бар, көптеген сарапшылар, теологтар мен имамдар белсенді түрде жұмылдырылған. Әрине, бұл жұмыстың сапасын әлі де арттыру қажет. Жұмысты жақсартып, проблемалық аудиторияға барынша нақты бағытта жүргізу керек. Қазіргі уақытта біз осымен айналысудамыз. Зардапты жоюға емес, профилактикаға, алдын алу шараларына баса назар аударылуда.

– Ислам мектептеріне қатысты сұрақ. Еліміздің өз исламтану мектебінің болуы қаншалықты орынды болар еді?

– Әріптестерімізбен бірге біз мынадай қорытындыға келдік, Қазақстан өзінің ислам мектебі болуына лайықты. Менің ойымша, ҚМДБ-мен бірге біздің ортақ мақсатымыз – ұлттық, мәдени-тарихи дәстүрлерді есепке ала отырып, Қазақстанның исламтану және Құранның, Сүннеттің жеке ережелерін қолдану тәртібін түсіндіретін дербес мектеп құру керек. Бұл жерде сөз – канондық мәселелерді қайта қарау туралы емес, қаншалықты сол догмаларды сақтау және біздің салада оларды басшылыққа алу орынды болатыны туралы болып отыр. Әлбетте, біз исламтанудан ең үздігін алуымыз тиіс. Алайда, әрбір елдің өзіндік ұлттық, мәдени ерекшелігі бар екенін түсінуіміз керек. Біздің ерекшелігімізге, мәдениетімізге, тарихымызға сәйкес өз мектебімізді құрудан қорқудың қажеті жоқ.

– Мемлекеттік аппарат өкілдері, әкімдер көпшілік алдында діни рәсімдерге, мәселен, ауызашарға қатысады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Кейбір лауазымды тұлғалардың ресми түрде бекітілген діни мерекелер – Құрбан айт, Рождество, Ораза айт сияқты іс-шараларға жұмыс бабында қатысуы орынды болады. Мемлекет басшысы православиеліктерді Рождество мерекесімен, мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Бұл қалыпты жағдай, өйткені, біздің Президентіміз барша халықтың атынан сөйлейді. Біздің үлкен құндылығымыз түрлі конфессиялар бір-бірінің діни нанымдарын құрметтейді. Мәселен, 70-ші жылдары Мысырда барлық конфессиялар толықтай бейбітшілік пен келісімде өмір сүрген, христиандар мұсылмандармен бірге Ораза айтты мерекелеген, мұсылмандар христиандармен, әртүрлі конфессияның өкілдерімен бірге Рождество, Пасханы атап өтетін болған. Бізде де барлығы бір-бірін мерекемен құттықтайды. Адамдардың белгілі бір ортасы үшін қызметтік функциялары мен міндеттерін орындау шеңберінде бұл қалыпты жағдай. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі де уәкілетті мемлекеттік орган ретінде діни бірлестіктермен бірлесіп, діндарларды діни мерекелермен құттықтайды.

Конституцияға сәйкес Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп жариялайды. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметшілер барлық конфессияларға бірдей дәрежеде қарауы тиіс, конфессиялардың бірін біреуінен артық көруіне болмайды, яғни жұмысқа мұның әсерін тигізбеуі қажет. Мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексінде мемлекеттік қызметші өзінің қандай да бір дінді ұстанатынын жариялап, ашық көрсетпеуі тиіс делінген. Мысалы, егер әкім жұмыс уақытында көпшіліктің алдында діни рәсімдерді орындаса, ол өзінің іс-әрекетімен сол дінді насихаттады деп қабылдануы мүмкін. Әдеп жағынан қарасақ, мемлекеттік қызметшіге олай істеуге болмайды. Мемлекеттік қызметші белгілі бір дінді ұстануы мүмкін, бірақ көпшіліктің алдында өзінің діни тиесілігін әдейі көрсетпеуі тиіс. Мемлекеттік қызметші саналмайтындарға осындай әдеп шектеуліктері қойылмайды. Әркім өз таңдауын жасауға құқылы.

– Қазақстанда мешіттер көп, сондықтан кадрлармен елеулі проблема бар. Бұл күрделі мәселе қалай шешілуде?

– Барлық жерде білікті кадрлардың жетіспеу проблемасы бар. Бұл БАҚ-та, бизнесте, мемлекеттік қызметте де бар. Бұл барлығына ортақ проблема, бірақ ҚМДБ-да бұл жағынан оң өзгерістер байқалады. Біз ұстаздар, молдалар мен имамдар даярлау деңгейі жақсарғанын байқадық. Бұл тек ҚМДБ-ға ғана қатысты емес, барлық конфессияларға қатысты. Дін қызметкерлерінің білім деңгейін арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Егер ҚМДБ-ға қатысты айтатын болсақ, бүгінгі күні мүфтият қызметкерлері Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университеті, ҚМДБ жанындағы арнайы курстар базасында біліктігін арттыруда. Шетелдік оқу орындарына, оның ішінде Түркияға, Ресейге, Татарстанға, Мысырға дәріс алуға жіберіледі. Өткен жылы діни экстремизмнің алдын алу саласында имамдарды қайта даярлауға арналған институт ашылды. Нұр-Мүбарак университетінің жанындағы институттың қызметіне біздің министрлік әдіснамалық қолдау көрсетеді. Қазірдің өзінде онда 50 имам мен теолог маман оқып шықты.

Біздің міндетіміз – барлық мешіттерді арнайы білімі бар имамдармен жасақтау. Дегенмен, бұл барлық намазханалар мен мешіттерге жоғары білімі бар имамдар ғана керек деген сөз емес, орта діни білімі бар имамдардың өзі де жеткілікті екенін түсінеміз. Қазіргі кезде шамамен имамдардың 20 пайызында жоғары діни білімі бар, 60 пайызында орта діни білімі бар екенін ескере отырып, жоғары діни білімі бар имамдарға қажеттілікті жабу үшін біздің университетке 3-4 жыл жеткілікті. Осыған орай, дін басылары өкілдерін шетелге жіберіп оқытудың қажеттілігі жоқ. Мұндай қажеттілік тек оларды қайта даярлауда, біліктілік шыңдауда болып отыр. ҚМДБ-мен біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанда діни білім, әсіресе, бакалавриат дәрежесі бойынша білім алу үшін, толық жағдай жасау. Жастар бакалавр дәрежесі бойынша діни білім алу үшін басқа елдерге кетпеуі қажет. Бұл ретте, магистр немесе доктор дәрежесі бойынша оқуға олар ҚМДБ-ның жолдамасы бойынша барулары тиіс. Бірқатар елдерде шетелде діни білім алуға тыйым салынған. Біздің де өз ұсынысымыз бар. Осы жағдайды ретке келтіруді қолға алып отырмыз. Өйткені, адамдар, өз бетімен шетелге оқуға кеткен кезде, оның пайдасынан гөрі келеңсіз жағдайлары көп болады. Өңірлерде консультациялық орталықтар бар екенін атап өткен жөн, мысалы, Ақтөбе облысында “Аңсар”, Ақмола облысында “Насихат”, Атырау облысында “Шапағат” орталықтары жұмыс жасайды. Онда теологтар жұмыс істейді. Бұдан басқа, ҚМДБ-ның 2020 жылға дейін діни білім беру тұжырымдамасын және мұсылманның, имамның жеке басының кейпі және ҚМДБ қызметшісінің этикасы деген бірқатар маңызды құжаттарды қабылдады. Жыл сайын ҚМДБ имамдарды Әл-Азхар университетіне біліктілігін арттыру үшін жібереді. Барлық имамдарды аттестаттаудан өткізді. Үш мың имамнан 233 адам, яғни 10 пайыздан кемі аттестаттаудан өтпеді. 156-сы қызметінен босатылды. Жөнсіз сөз сөйлеп, келеңсіз іс-әрекеттерге жол берген имамдар бойынша жұмыс жүргізу жалғасуда. ҚМДБ басшылығы оларды қызметінен босатуға дейін апаратын шаралар қолдануда. Сонымен қатар шалғай елді мекендерде имамдардың жетіспеушілігі бар екенін айта кету қажет. Елдегі 150 мешітте имам жоқ. Осы мәселені шешуге атсалысу үшін “Уақып” корпоративтік қайырымдылық қоры құрылды. Қор халықтың әлеуметтік осал топтарының, тұрмысы төмен азаматтардың, жастардың проблемаларын шешумен айналысады. Мұсылмандық ғана емес, басқа да діни қызметкерлердің материалдық проблемаларын шешуге жәрдемдеседі. Бұл тек имамдарды қаржыландырады деген сөз емес. ҚМДБ-ның шамасы келмеген жағдайларда қор имамдарды шәкіртақылармен қолдап отыратын болады. Қажет болған жағдайда, қор мешіттер салуға да қолдау көрсетеді.

– Дін саласындағы тұжырымдама мемлекет көрінісінің тұжырымдамалық аясын білдіреді. Біздің түсінуімізше, күзде заңнамалық бастамалар болатын сияқты. Сіз не күтесіз? Қоғам қалай қабылдайды?

– Тұжырымдама, біріншіден – бұл пікірлер мен көзқарастар жүйесі. Ол – негіз қалаушы құжат. Бірақ кез келген тұжырымдамаға оны іске асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленетінін ұмытпауымыз қажет. Іс-шаралар жоспары – бұл белгіленген мерзімдері мен жауапты орындаушылары бар нақты құжат. Осыған байланысты тұжырымдама практикалық құжат, іс-қимыл жасауға нұсқаулық болады. Екіншіден, тұжырымдама заң жобалау үшін саяси-теориялық негіздерді құру үшін қажет. Тұжырымдаманың негізінде заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар топтамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни, 13 заң мен 4 кодекске, егер оны талқылау оң нәтиже беретін болса, шамамен 60-қа жуық түзету мен толықтырулар енгізілетін болады.

Жуық арада қоғамды таныстыру үшін арнайы порталда осы түзетулер мен толықтырулар жобасы жарияланады. Бірақ барлық өзгерістер министрліктің бастамасымен болып отырған жоқ, көбінесе бұл қоғамның, ҮЕҰ-ның қалауы, кейбір өзгерістерді діни бірлестіктер ұсынды. Біз заңнаманы әзірлеу кезінде қоғамның пікіріне жүгінеміз және түзетулерді қоғамның барлық өкілдерімен ашық түрде талқылау қағидасын ұстанамыз. Осы заң жобасын дайындау кезінде, жоба сарапшылардың, діни бірлестік өкілдерінің, ҮЕҰ өкілдерінің көптеген талқылауынан өтті. Барлық пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп, ауқымды және көп еңбекті талап ететін жұмыс жүргізілді, әлі жұмыс жалғасатын болады. Қараша-желтоқсан айларында оны Мәжіліске жолдауды жоспарлап отырмыз. Осы түзетулерді қоғам қалай қабылдайды? Бізде дінге қатысты қоғамның ұстанымы әртүрлі. Мұның екі жағы бар: бір жағынан – діни фанатиктер, екінші жағынан – атеистер. Бұл ретте олардың арасында басқа да ұстанымдағылар бар. Қоғам дінге қатысты көптеген сегменттерге бөлінген. Әрине, осындай заң жобасын бәрі бірдей қабылдамайды. Дін саласындағы кез келген айтылған ұсыныс діни адамдарға ұнаса, атеистерге ұнамайды немесе керісінше. Сондықтан бәріне бірдей ұнайды деп күтуге болмайды. Бізде ондай иллюзия жоқ. Біз қоғамның, барлық топтардың мүдделерін ескере отырып, мемлекеттің мүддесін негізге аламыз. Ең бастысы – мемлекет мүддесін қатаң сақтау.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Әсет ҚАНАФИН.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау