Солтүстік Қазақстан газеті

Киелі Қызылжар елінде

Печать PDF

Жаз айының жайма-шуақ күндерінің бірі еді. Қызылжарды бетке алып, жаңадан салынған оқтай түзу тасжолмен жүйіткіп келеміз. Жол жиегінен басталып, тұтас даланы алып жатқан биылғы егіннің беталысын көріп сүйіндік, сары кілемдей жайқалған рапсты қызықтадық, осы өлкенің ең бір ерекшелігі – сыңсып тұрған ақ балтырлы ақ қайыңдары екен, көздің жауын алады.

argaiv1797

Мақсатымыз – осы елдің белгілі азаматы Ескендір Есмақұлының 70 жасқа толған мерей-тойына қатысу. Ел үшін еңбек еткен азаматты сыйлау, ол Халел Досмұхамедұлының сөзімен айтқанда, “Елдіктің белгісі”. Басқа жақтан бақыт іздемей, еңбек жолын қатардағы қызметтен бастап, ауданның бірінші басшысы, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасына дейін көтерілген Ескендірдің өмірі осы өлкемен тығыз байланысты.

Бұл той елдің игі жақсылары жиналған құтты мерекеге айналды. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы “тәртіпке бағынған құл болмайды” демекші, той межелі уақытында басталды. Құдайға шүкір, еліміздің түрлі деңгейдегі тойларына қатысып жүрміз. Көп жерлерде тойдың кешігіп басталуы дағдыға айналып бара жатыр.

Халықтың арасында “өмір адамдардың бәріне беріледі, ал әдемі қарттық таңдаулылардың үлесінде” деген әңгіме бар. Той дастарқаны басында тоғысқан азаматтарға қарап отырып Махамбет Өтемісұлының мына сөзі ойыма оралды:

Үлкені кімнің жоқ болса,

Жастары болар дуана.

Бір сынаған жаманды,

Екінші рет сынама.

Тіріде сыйласпаған ағайын,

Құм құйылсын көзіңе

Өлгенде бекер жылама...

Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің делегациясының құрамында Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев мырза да болды. Белсенді, ілкімді азамат барған жерінде ортаның сәні, әңгіменің кеніші. Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлы да ортаны толтырды. Орталық кеңестің жауапты хатшысы Көпболсын Бекмағанбет мырза той иесіне жырдан шашу шашып:

Еліңізге несібе еккеніңіз,

Егін болып жайқала өсіп кетсін.

Екі 35, бүгінгі жеткеніңіз,

Енді – бірін көруге нәсіп етсін! – деп төкпелетті.

Жол ұлы нәрсе. Ұлы жол бойында адамдар кездеседі, амандасады, сөйлеседі, түсініседі, жанына жақын тұтқандарымен достасады. Осының дәлелі, мен де көптеген әріптестерімді осы жолда тереңірек біліп, танығандаймын.

Той иесі, қайраткер азаматқа – Ескендір Есмақұлына ел ағалары ақ тілектерін арнады. Әдемі той сәнімен жалғаса берді. Арқаның әуезді әндері шырқалды, құйқылжыған күй төгілді.

Осы сапардың тағылымды сәті деп Көкшетау қаласындағы жаңадан ашылған мешітте болуымызды, оған Арқа өңірінің қасиетті тұлғасы Науан Хазіреттің есімінің берілуі, жер бетіндегі “Құдай үйінің” осылай ашылуы көкшетаулықтарды қуанышқа бөлеген көңілді жайдан басталған еді. Мешіт жамағатымен кездесіп, пікірлескен кезімізде осыған көзіміз жетті.

Осы өңірде облыстың бірінші басшысы болып, ел басқарған, күні кешегі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған әріптесіміз, марқұм Чапай Әбутәліпов ағамыздың жатқан жерінде – бейіт басында және отбасында болып, азаматтың елі үшін атқарған қалтқысыз қызметіне тағы да бір мән беріп, Құран бағыштадық. Иә, өмір өткінші, қамшының сабындай қысқа өмірде қалдырған ізі, қайырлы істері ғана ұрпақтарына, қадірі өткен замандастарына айта жүрер мұра болып қалады.

Осы сапардан ел ағаларына көңілім толып, ризашылығымды білдіріп, Астана қаласына оралдым.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау