Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ

Печать PDF

 

argaiv1208

Балалардың жазғы демалысы аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Қолдарына гүл шоқтарын ұстап, мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған жас бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жайнап тұр, қуаныштарында шек жоқ. Балғын өмірінде бір-ақ рет болып, жадында мәңгі сақталатын осы жан тебірентер сәтпен №7 орта мектептің оқушылары мен олардың ата-аналарын, ұстаздар қауымын өңір басшысының атынан облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Бүгінгі мереке – барлық оқушылар мен оларды білім нәрімен сусындататын ұстаздардың күні. Әркімнің өмір жолы мектеп қабырғасындағы және студенттік жылдарымен айқындалатын болғандықтан, бұл күн әр бала үшін маңызды. Бұл кезең – зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуеті ашылатын кезең. Ұстаздарға қазақстандық жаңа ұрпақ қалыптастыру міндеті жүктеліп отыр. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз үлкен құрметке лайық. Шын жүректен сіздерге мықты денсаулық, даналық және шыдамдылық тілеймін, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Құттықтаудан кейін жарқын болашаққа қадам басқан бүлдіршіндер жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өлең шумақтарын оқыды. Жоғары сынып оқушылары қуанышпен бөлісуге келген ата-аналар мен мектеп ұжымына арнап әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Концерттік шарадан кейін жиналғандар асыға күткен алғашқы қоңырау да соғылды.

Биылғы оқу жылында облыс бойынша 505 мектепте 70 мыңнан астам шәкірт білім алады. Ал мектеп табалдырығын жаңадан аттап, білім нәрімен сусындауға алғашқы қадамын жасаған бүлдіршіндер саны былтырғы жылға қарағанда бір мың балаға артып, тоғыз мыңнан асқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жаңа оқу жылында шәкірттерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін 940 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бүгінгі күні облыстың барлық білім ошақтары оқулықтармен толық қамтылып, әр оқушы өзіне қажетті оқулықтар жинағы мен әдістемелік материалдарды тегін алған. Биылғы оқу жылының бір ерекшелігі – 2, 5 және 7-сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алады. Сондай-ақ, бірінші сынып оқушыларының оқу бағдарламасы да жаңалықтарға толы.

Облыста 23 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп, білім алып жатқан 541 мектепке дейінгі мекеме бар. Олардың 2 мыңнан астамы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында оқытылуда. Ұзақ жылдардан бері алғаш рет концессия келісімі бойынша екі балабақша салынуда. Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 680 орын ашылып, жылдың соңына дейін 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен толық қамту жоспарланып отыр.

Шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін Мадияр Қожахмет мектептің үздік шәкірттерімен жүздесіп, олардың жетістіктерімен және ғылыми жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар ол 11-сынып оқушыларының жаңа оқу жылындағы алғашқы ашық сабағына қатысты. Оқушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауына қатысты жобаларымен, ой-пікірлерімен бөлісті.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау