Солтүстік Қазақстан газеті

АУЫЛ ЖАНАШЫРЫ

Печать PDF

Есіл ауданындағы Мектеп ауылы тұрғындарының дені несібесін төрт түлік малдан тауып отыр десек, қателеспейміз. Аз-маз пайлары – бөгденің қолында. “Балапанды күзде санар” уақытта ғана төбе көрсететін жер телімдерін жалға алушылар “қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып” келіп, үлестерін итке сүйек тастағандай етіп бергендеріне “барға қанағат, жоққа салауат” айтып үйренген тұрғындар түтіннің түзу ұшқанына риза.

argaiv1934

Жаңабай Сейдахметов, Нұрбек Бейсенбаев секілді орда бұзар жастағы азаматтар ата-баба кәсібін жандандырып жүр. Шаруашылық ыдыраған кезде “тақымға басқан” бір-бір “МТЗ” тракторымен шөп те шабады, отын-су да тасиды. Қай жерден жұмыстың құлағы қылтиса, құсша ұша жөнеледі. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтыны нарық заңы екенін жақсы түсінгендіктен кергімейді, міндетсімейді. Әйтпесе, туыстықтан, бауырмалдықтан ажырап бара жатқан бүгінгідей қым-қуыт, аласапыран заманда қалың шаңның арасында көміліп қалу оп-оңай. Олар көмекке зәру көпбалалы отбасылардың, қарттардың да өтініш-тілектерін екі етпейді. Тек ауылды қатты қинап тұрғаны – ауданға, облысқа қатынайтын грейдер жолдың адам төзгісіз жайы. Ойдым-ойдым, шұрқ-шұрқ. Оның азабына әбден көндігіп кеткен, мәселені айта-айта шаршаған. Жол машақаты еңселерін қанша езсе де, түгін тартса, майы шығатын атақонысын еш нәрсеге айырбастамақ емес.

Туған жерге емешегі үзіліп тұратындардың бірі – Ағыбай Әбілмәжінов. Сырттай біртоға, жуас көрінгенімен, күлімсіреп тұрғанымен, оның да шындық десе “шабыты” оянып кететін мінезі бар. “Тура биде туған жоқтың” нағыз өзі.

Жайшылықта өмірдегі әлімжеттілік пен әділетсіздікке онсыз да реніш білдіріп жүретін Ағыбай қызуқандылықпен “шу, қарақұйрық!” деп Мәскеуге бірақ тартқан. Тура бас хатшының өзіне! Оның қабылдауына кіре алмайтынын біле тұра! Қайтарында “Человек и закон” журналына соғып, салақұлаш мақала тастап кеткен. Елге оралғанша орталықтың жер жарған “дүмпуі” облыс басшыларын бидайша қуырып, екі аяғын бір етікке тыққан. Өңтүстен айрылған аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Коваленко екі тілге жүйрік, саяси сауатты, өлең-әңгіме жазуға әуес журналист болуды армандап жүрген Ағыбайдан мұндай тегеурінді қадам, оқыс шешім күтпесе керек, түлкіше құбылып шыға келген. Қанша қызмет ұсынса да, бұл иілмеген. Қойшының ақ таяғын ұстап, ақтылы қой бағуға кете барған.

“Ақты – ақ, қараны – қара” деп таныған кесек мінез оған отбасы тәрбиесінен дарыған. Сұрапыл соғыстағы оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралған әкесі Қоспан адамгершілік қасиеттерімен елге сыйлы болды. Бір кіндіктен жалғыз өскен ұлын еркеліктің ауылынан алыс ұстады. Аурулы-сырқаулы ата-анасының жоғары білім ал деген тілегіне қарамастан, күнделікті қатынауға қолайлы-ау деген оймен іргедегі Покровка ауыл шаруашылығы техникумын таңдаған. Оқуға алғыр, тәртібі жақсы ол отбасына қарайлай жүріп, мал дәрігері мамандығын алды. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді. Сөйтіп жүргенде ... “ит” мінезі өзіне қырсық болып жабысып, жұмыстан шеттетілді.

– Бірде қиранды клуб жанынан өтіп бара жатып үйінділер астында жатқан кітаптарды көзім шалды. Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, тағы басқа классик ақын-жазушылардың оқырман іздеп жүріп оқитын таңғажайып, қайталанбас туындыларының шашылып, ту-талақайы шыққанына жүрегім қатты ауырды. Мұның алдында ғимаратты бұзбау жөнінде жергілікті басшыларға бірнеше рет өтінгенмен, заман қиындығын, қаржы тапшылығын сылтау еткен. Мектептегілерге айтқанымда, өзіміз сыйдырта алмай жатырмыз деп алудан бас тартқан. Сосын тәуекелге бел будым да, төрт мыңнан астам кітап пен сөрелерді ескі, тар үйге әкеліп, жинап қойдым. Біраз жыл кітапханашы қызметін атқарған әйелім Рыскелдінің ақылымен және оның іс-тәжірибесіне сүйене отырып, бір бөлмені кітапханаға айналдырып, үйдің сыртына “Кітапхана” деп жазып, іліп қойдым. Ауылдастарымның мәдени ошаққа келе бастағаны, көркем әдебиетке деген құштарлықтары көңілдегі күдікті сейілтіп, сенімді оятты. Содан тегін, ақысыз қызмет көрсетуге кірісіп кеттім, – дейді кітапханашы Ағыбай. Ол, тіпті, Ш. Уәлиханов атындағы университеттің кітапхана ісі мамандығын 52 жасында игеріпті.

– Балаларыммен қабаттаса жүріп жоғары оқу орнында оқып шыққаныма күле қарағандар да болды. Білім ешқашан көптік етпейді. Енді үш дипломды маған ешкімнің тісі бата қоймас, – деп қалжыңдап қояды ол. Сөз реті келгесін айтпасқа болмайды. Кей ата-аналар: “Балам оқуға түсіп, диплом алса болды”, – дегенді мақсат тұтса, Ағыбай мен Рыскелдінің төрт ұл-қызын заман ағымына бағыттай білгені сүйсіндіреді. Мәселен, Алмас – құрылысшы-сәулетші, Айым – дәрігер, Абылай – қаржы академиясының студенті, Тілеужан автоматтандыру-байланыс саласында жұмыс істейді. Үлгі аларлық тәлім емес пе?! Қиын мамандықтарды игергендеріне қарамастан, ана тіліне өте жетік, өлең жазумен де әуестенеді.

2003 жылы Мектептің 75 жылдығы атап өтілді. Жиында Жұмаш Сейітбеков ақсақал бастаған қауым ауыл мәдениетін жандандыру, мәдени ошақтарды қалпына келтіру туралы бастама көтеріп, аудан басшылығына хат жазуды Ағыбайға тапсырды. Ең қиыны сол, сөзбұйдалық, қағазбастылық кедергілерді еңсеруге бір жылдай уақытын сарп етті. Сонда да тәуекелі мол істі аяғына дейін апару үшін ізіне індете түсіп, халық қалаулыларының назарын аудартты. Мәселе аудандық мәслихат сессиясының күн тәртібіне шығарылып, арнайы штат бөлдіртуге қол жеткізді. Кейін оның үлгісімен Жарғайың, Өрнек, Бірлік, Талапкер, Жекекөл ауылдарында кітапхана ашылып, әрқайсысына штат бірлігі берілді. Бұл үлкен ерлікке пара-пар жеңіс еді.

Ағыбайдың отбасы жаңа үйге қоныс аударып, кітапхана аумағы біршама ұлғайыпты. Десек те, кітап қоры алты мыңға жетеғабыл екенін, оның үстіне “Егемен Қазақстан”, “Солтүстік Қазақстан”, “Ана тілі”, газеттері, “Жұлдыздар отбасы”, “Аңыз адам” журналдары, бұған қоса бірсыпыра балалар басылымдарына жазылғанын қоссақ, орынның тарлық ететіні рас. Сөрелердің де әбден тозғаны байқалады. “Кітапханада жиі бас қосып тұрамыз. Еліміздегі саяси-қоғамдық жаңалықтар мен халықаралық оқиғалар жөнінде ой-пікірлер алмасамыз. Түрлі мәдени кештер өткіземіз. Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын талқылауға ауылдастарым ерекше белсене атсалысты”, – дейді кейіпкеріміз жеке басына қатысты түйткілді жайттан гөрі болашақтағы жоспарларымен бөлісіп.

Ауылға мәртебелі мейман немесе делегация келсе, әкім-қаралар алдымен кітапханаға алып келеді екен. “Біздерде мынадай бар, мынадай бар” деген мақтануды жаны сүйетін шенеуніктер бір кез материалдық-техникалық базаның жақсаруына көңіл бөлсе, дұрыс болар еді. Айтпақшы, Ағыбай кезінде кітапханадан бұрын клуб салмақ болып, азды-көпті құрылыс материалдарын жинастырыпты. Алайда, қаражат тапшылығынан ол ойы жүзеге аспай қалыпты. Мектептіктердің бұл мәселеге қайтадан оралып, клуб пен кітапхана үйін қалпына келтіру жөнінде бізге айтқан ұсыныстары ескеруге тұрарлық.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау