Солтүстік Қазақстан газеті

ӨСІМ БАРДА ӨРІС КЕҢЕЙЕДІ

Печать PDF

Өңір тұрғындарының 56 пайызы өмір сүретін ауылды жерлердегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту – бүгінгі күннің басым міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар өңір экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

argaiv1934

Облыстық мәслихаттың он бесінші сессиясында өңіріміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдымызда 4,2 миллион гектар алқапта жайқалып өскен егінді шашау шығармай қамбаға құю міндеті тұрғанын атап өтті. Қазірдің өзінде диқандар егіннің 25 пайызын бастырып үлгеріпті.

Үстіміздегі жылы жердің құнарлылығын арттыруда жүйелі жұмыстар атқарылғаны белгілі. Осының арқасында өңір диқандары 94 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімге қол қойды. Мұнымен қоса егін шаруашылығын әртараптандыру жұмысында да ілгерілеушілік бар. Биыл жасымық екі есеге көп егілсе, алғаш рет соя дәні сіңірілген болатын. Әлемдік нарықта сұранысқа ие мұндай дақылдарды өсіру әлеуетімізді арттырары сөзсіз.

Мал шаруашылығын дамытуға да көп көңіл бөлініп отыр. Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтитын бұл саланың арқасында жазда қызылсырамаймыз, қыста дастарқаннан ақ үзілмейді.

– Бүгінгі таңда 129 мың жеке қосалқы шаруашылықтың тек 77 мыңы, яғни 60 пайызы ғана мал, құс ұстайды. Біз мемлекет әзірлеген тетіктерді пайдалана отыра ауылдықтардың кірісін көбейтуді көздеп отырмыз. Үстіміздегі жылы 20 кооператив ашу жоспарланған. Оның он жетісі – сүт қабылдау қосыны, қалғандары құс, ара және қой өсіру шаруашылықтары. Бұл Елбасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Біздің өңірге 1,7 млрд. теңге бөлінсе, соның 1,5 млрд. теңгесі игерілді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар болашақта ауылдағы ағайынның өрісіндегі ірі қараның өнімділігін арттыруға басымдық берілмек. Ол үшін ауылдағы өріске асылтұқымды бұқаларды жіберу көзделіп отыр. Ауыл тұрғындары жаз бойы сүт тапсырып, қаржы тауып отырғанын ескерсек, бұл олардың ырысын арттырар тиімді шешім болмақ.

Өткен жеті айда өңірдің машина жасау кәсіпорындары 32,5 млрд. теңгенің тапсырысын алды. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “С.М. Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарына технологиялық жаңғырту жүргізу үшін 4 және 2 млрд. теңге қаржы бөлу келісіміне қол жеткізілді. Ал 2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген 36 жобаның сегізі биыл жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінде солардың екеуі – “Компания Визави” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен “Тайынша май” зауыты жұмысын бастап та кетті.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге де тоқталды. Жыл басынан бері туберкулез бен онкологиялық дертке шалдыққандар саны – 7 және 10,3 пайызға төмендеген. Соңғысы бойынша өлім-жітім көрсеткіші 13,5 пайызға азайыпты.

Логистикалық инфрақұрылымды дамыту – басым бағыттардың бірі, биыл облыс бойынша 547 шақырым жол қалпына келтірілмек. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 едәуір көп.

Сессия барысында халық қалаулылары да атқарған жұмыстарын баяндады. №14 сайлау округінен сайланған депутат Есжан Оразалин Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда автожолдарды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтса, оның әріптесі Айман Асанова ауылдық округтердегі кітапханалардың, клубтардың ескі ғимараттарда орналасқандығын және жастардың бос уақытын тиімді өткізетіндей жағдай жасалмағандығын жеткізді. Ал шаруа қожалықтары басшыларынан көмек аз. Халық қалаулысы Анатолий Рафальский кәсіпкерлердің Тайынша ауданының Ильичевка ауылында медициналық қосын салып жатқаны өзгелерге үлгі боларлық іс екенін айтып өтті.

– Соңғы он жылдан бері қалалардағы, аудан орталықтарындағы көптеген әлеуметтік нысандар жөнделді. Енді шалғай ауылдарға әлеуметтік нысандарға назар аударар уақыт жеткен сияқты, – деді Анатолий Рафальский.

Мінбеге көтерілген депутат Юрий Шоль егіс алқаптарын әртараптандыру арқылы жеткен жетістіктерді тілге тиек етті. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” сынды мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ірі қара малдың саны артып, ет пен сүт өндіру көлемі өскендігін жеткізді. Белгілі болғандай, өткен жылы өңір агроқұрылымдары инвестициялық жобалар бойынша 9 млрд. теңге демеуқаржы алса, оның 1,8 млрд. теңгесі облыс бюджетінен бөлініпті.

Облыс әкімі депутаттарға тұрғындармен жиі кездесіп, оларды мемлекеттік бағдарламалар жайлы ақпараттандыруды, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысын қадағалауды тапсырды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау