Солтүстік Қазақстан газеті

МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

Печать PDF

Мұсылман жұртшылығының асыға күткен қасиетті мерекесі – Құрбан айт биыл 1 қыркүйек күні басталады. “Құрбан” сөзі араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – “шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен құрбан шалу”.

argaiv1208

Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламның иесі – құдіретті Алла жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп, дін жіберген.

Жағдайы бар адамға Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп. Оған аят-хадистерден мынадай дәлелдер бар: Алла тағаланың Құран Кәрімде: “Намаз оқы және құрбан шал”, – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді (“Кәусар” сүресі, 2-аят). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) “Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті”, – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені, хадисте айтылған “сүннет” сөзі жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу Ибраһимнің (ғ.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.

Құрбандық мал сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде, Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен, негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет” (“Хаж” сүресі, 37-аят).

Құрбандық шалуға ниеттенген адамның сатып алған малында кемшіліктер пайда болса, орнына басқа мал алып бауыздағаны абзал. Алайда, жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен, осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі, жоқ-жітік жанға құрбандық шалу нәпіл ғибадат болып саналады. Ал нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.

Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал Құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Түрлі себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. “Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын”, – деп намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Бай болсын, кедей болсын Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да, сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Алла тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: “Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер”. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын”.

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Ал сатылса, оның ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: “Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. “Қасап ақысын біз өзіміз береміз”, – деді”. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.

2017 жылғы 1 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 7.30-да өңіріміздегі барлық мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Сондай-ақ, осы айтулы күн Елбасымыздың Жарлығымен демалыс күні болып бекітілді. Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, “Айт құтты болсын” айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылыжүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, қолынан келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасы мүшелеріне, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше, кішігірім болса да, сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.

Құрбан айтта Ұлы Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау