Солтүстік Қазақстан газеті

ДАМУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Печать PDF

Кез келген мемлекеттің ұстанымын, басты құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Сондықтан Ата Заңды киелідей аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Бүгінде біз тәуелсіз Қазақстан Республикасының Негізгі Заңында айқындалған міндеттермен тарихтың жаңа үрдісіне бет бұрдық.

argaiv1934

Мемлекетіміз үшін маңызы зор Ата Заң – сот-құқық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігінің іргетасы. Судьялар Конституция күнін кәсіби мерекесі ретінде қабылдайды. Өйткені, сот төрелігін іске асыру кезінде біз тек Конституция мен заңды басшылыққа аламыз. Сот жүйесі азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқаруда.

Конституция қағидаттарына сәйкес еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Конституцияның арқасында қазақстандық қоғамның дамуына жағдай жасалғанын, көпэтносты болсақ та, біртұтас мемлекет бола алғанымыз өмір шындығы. Бүгінде этносаралық бірлік пен татулықты қалыптастырудағы тәжірибеміз көптеген елдерге үлгі болып отыр. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған Қазақстан халқын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді кемсітуге болмайтыны Конституцияда жазылған. Бұл ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ел болып қалыптасуымыздың негізгі себебі екені сөзсіз.

Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының негізгі тақырыбы – ширек ғасыр жүргізіліп келген мемлекеттік басқару жүйесі, Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерін өзгерту, қайта қарау. Ең бастысы, 1995 жылдан бері келе жатқан Конституцияға өзгерістер енгізу.

Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы жоба 2017 жылдың 25 қаңтарында қоғам назарына ұсынылғаны белгілі. “Реформалар бағдарламасы – бұл Қазақстан қай бағыт­та барады деген сұраққа біздің жауа­бымыз. Жауап айқын әрі дәйекті – демо­кратиялық даму жағында”, – деген болатын сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Конституциялық реформа үдерісіне бүкіл қазақстандық қоғам қатысты. Танымал ғылыми қайраткерлерден, мемлекеттік органдар басшыларынан, қоғам өкілдерінен жұмыс тобы құрылып, Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері, барлық саяси партиялардың өкілдері, шығармашылық зиялы қауым өз пікірлерін жеткізді. Талқылау нәтижесінде қазақстандықтардан алты мыңнан аса ұсыныстар түсіп, 23 бапқа өзгерістер енгізілді.

Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің конституциялық құндылықтарын және қызметінің қағидаттарын жаңа мазмұнмен толықтыра түсті. Конституцияға түзетулерді республикалық референдумға немесе республика Парламентінің қарауына шығарудан бұрын, олар бойынша Конституциялық кеңестің қорытындысын міндетті түрде алу қарастырылды. Ел Президентіне күшіне енген заңға немесе өзге де құқықтық актіге қатысты Конституциялық кеңеске өтініш жолдау құқығы, ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына конституциялық мәртебе берілді. Сот жүйесі мен прокуратураны одан әрі жетілдіру арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейі арта түспек.

Республикадағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәр­тебе беру, оны тағайындау мен қыз­метінен босатудың тәртібін реттеу Конс­титуцияның 1-бабы 1-тармағының және 12-бабы 2-тармағының “Қазақстан Рес­публикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деген ережелеріне сай келеді.

Реформа сот жүйесі мен прокура­ту­раның конституциялық негіздерін реттейді. Конституцияның 79-бабының 3-тармағында республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конс­титуциялық заңда айқындалады деп белгіленген. Негізгі Заңның 81-бабының жаңа ре­­дакциясы Жоғарғы соттың функция­­ларын нақтылауды көздейді – жер­­гілікті және басқа да соттардың қыз­метін қадағалауды жүзеге асыру туралы ереженің орнына, Жоғарғы сот заңда көзделген жағдайларда өзінің сот­ты­лығына жататын сот істерін қарайды, деп көрсетілген.

Жүргізіліп отырған реформалар тұр­ғысынан алғанда, Қазақстанның қа­зіргі дамуы жағдайында конститу­цио­нализмнің идеялары мен принциптерін, олардың таралу деңгейі мен ұлттық заңнамада іске асырылу динамикасын терең түйсіну қажет. Себебі, жаһандық сын-қатерлерге және мемлекет дамуының қажеттілігіне сәйкес оны одан әрі жетіл­діріп отыру уақыт талабы.

Тағы бір айтып өтерлігі, бұл реформаға еліміздің шетелдік әріптестері де жоғары баға беруде. Еуропалық кеңестің құ­қық арқылы демократия үшін Еуро­палық комиссиясы (Венеция комиссиясы) өзінің 110-шы жалпы сессия­сында қорытынды қабылдап, онда Қазақ­стандағы конституциялық өзгеріс­тер мемлекетті демократияландыру про­цесіндегі алға басылған қадам деген баға берілді. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді және айқын прогрестің айғағы болып табылады. Комиссияның пікірінше, Парла­мент палаталарының рөлін көтеру, республика Президентінің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есеп беру және бақылауында болу механизмдерін күшейту 1998 және 2007 жылдары өткізілген бұдан бұрынғы конституциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгеріс болып табылады.

Осының барлығын саралай келе айтарымыз, егемен еліміздің дамуының ширек ғасырдан астам тәжірибесіне, жаппай танылған конституционализм қағидаттарына, халықтың пікірін және ұлттық ерекшеліктерді кеңінен ескеруге негізделген конституциялық реформа мемлекеттің саяси-құқықтық даму тарихында ашылған жаңа бет екені сөзсіз.

Дәурен ДҮЙСЕНБАЕВ,

Қызылжар аудандық соты

төрағасының міндетін атқарушы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау