Солтүстік Қазақстан газеті

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ — ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Печать PDF

Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті” деп айқын жазылған. Яғни, туып-өскен елінің болашағы мен ертеңіне алаңдаған әрбір азамат Отан алдындағы қасиетті борышын ұмытпауы тиіс. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Дәулет Толыбаевпен мереке қарсаңында әңгімелесіп, күзгі әскерге шақыру маусымына дайындық барысы жайлы сұрап білген едік.

argaiv1322

– Дәулет Толыбайұлы, солтүстікқазақстандық жастардың Ата Заңымызда көрсетілген талаптың маңыздылығын түсініп, Отан алдындағы міндетін өтеуге жаппай құлшынысы қандай?

– Жасыратыны жоқ, бұрындары жастар әскер қатарына барудан қашқақтайтын. Лажы болса, түрлі жолдармен қалып қоюға тырысатын. Қазір, керісінше, Отан алдындағы борыштарын өтеуге ұмтылыс өсе түскені бізді қуантады. Қазір жастардың бойында Қазақстанға, елге, жерге деген патриоттық сезімдері қалыптасқан. Отан қорғауды биік сын, аза­маттық белес деп түсінеді. Жалпы, әскери бөлімдердің солтүстікқазақстандық сар­баздарға деген ілтипаты ерекше, құрметі жо­ғары деп айтуға әбден болады.

– Биылғы көктемгі әскерге шақырудың қорытындысы мен күзгі маусымның жоспарларына тоқталып өтсеңіз.

– Көктемгі маусымда әскер қатарына 700-ден астам жас іріктеліп алынса, күз мезгілінде де Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын азаматтардың саны осы шамада болмақ. Олар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде, Ұлттық ұлан, мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі. Әскерге көбінесе колледж немесе жоғары оқу орнын тамамдаған жастар шақырылады. Олар медициналық тексеруден өтетіні баршаға мәлім. Сонымен қатар әскерге аттанғалы отырған азаматтар психологиялық тест тапсырады. Олардың әскерге жарамды немесе жарамсыз болуы психологиялық тестің қорытындысына да байланысты болады. Жалпы солтүстікқазақстандық жастардың денсаулығы жақсы деңгейде екенін атап өту керек. Өйткені, қазіргі кезде жастардың денсаулығын жақсартып, саламатты өмір салтын ұстануына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тұтастай алғанда, әскерге шақыры­лушылар арасында денсаулығы жақсы, спортқа, саламатты өмірге бейім ұлан­дар аз емес. Алайда, денсаулық жағдайына байланысты әскерге бара алмайтын да жағдайлар аз кездеспейді. Мәселен, биылғы көктемгі шақыру маусымында 3926 азамат әскер қатарына шақырылса, оның 500-ден астамы денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылды. Ал 800-ден астамына емделуге уақыт беріліп, кейінгі маусымға шегерілді. Көптеген сырқаттарға жастар спортпен шұғылдану барысында да шалдығуы мүмкін. Себебі, олар кейбір спорт түрімен жаттықтырушысыз, өз беттерінше шұғылданады. Басқа да себептер болуы ықтимал.

– Елімізде жастарға бір жылдың орнына 40 күндік әскери мектепте оқып, әскери билет алу мүмкіндігі берілген. Бүгінде осыған қатысты тиісті заңға да өзгерістер енгізілген көрінеді.

– Иә, әскери-техникалық мектеп – жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Ал өзгерістерге келетін болсақ, олар мектепке қабылданатындардың жас ерекшелігіне байланысты. Бұған дейін 22 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар қабылданған болса, енді әскери мектепте 24-тен 27 жасқа дейінгілер ғана оқи алады. Ал оқуға төленетін ақша көлемі өзгеріссіз қалды, яғни 263 318 теңге.

– Жастарға әскери борышты өтеудің маңыздылығын түсіндіріп, бойларындағы патриоттық сезімін ояту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Әрине, жастардың бойында еліне деген сүйіспеншілік сезімін ояту маңызды. Біз оларға еліміздегі төрт жоғары әскери оқу орнының біріне түсу мүмкіндігі жайлы айтып отырамыз. Болашақ өмірін Қарулы Күштерге, елін қорғауға арнағысы келген 17 мен 21 жас аралығындағы жастар Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институты мен радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына, Ақтөбе қаласындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына және Щучинск қаласындағы кадет корпусына оқуға түсе алады. Оларға тегін оқу, шәкіртақы қамтамасыз етіледі. Оқуды тамамдағаннан кейін түлектердің барлығы жұмысқа орналастырылып, тұрғын үймен қамтылады немесе жалға алынған баспананың ақшасы төленетін болады. Сонымен қатар білім саласы мамандары ұйымдастырған шараларға да белсене қатысып, мектеп оқушыларының бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мен арттыруға атсалысамыз.

– Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар келісімшарт бойынша әскери қызметке орналаса алатынын білеміз. Жергілікті жастардың оған қызығушылығы қандай?

– Былтыр келісімшарт бойынша қызмет етуге 41 азамат шақырылған болатын. Олар бүгінде түрлі қызметтер атқаруда. Биыл да осынша азаматпен келісімшартқа отырамыз. Осыдан-ақ жастар тарапынан келісімшарт бойынша қызмет етуге қызығушылық бар екенін аңғаруға болады.

Әңгімелескен

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау