Солтүстік Қазақстан газеті

БОЛАШАҚҚА НЫҚ СЕНІМ

Печать PDF

Елбасының салиқалы саясатының арқасында елімізде “Серпін – 2050” әлеуметтік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, кадрларды толықтыруға бағытталған бұл бағдарламаның берері мол. Оның шартына сәйкес еліміздің жұмыс күші көп Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының түлектері солтүстік өңірлерінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болуда.

argaiv1962

Қиялдың қалайы шамын ұстап, болашаққа бағыт-бағдар жасап, білікті маман иесі болуға ұмтылған жастардың қатарын мен де толықтырған едім.

Қолайлы және тиімді бағдарлама жайында естіп-білген сәттен бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан солтүстікке келіп оқуға талаптандым. “Сабақты ине, сәтімен” дегендей, арманым орындалып, Петропавл темір жол көлігі колледжіне оқуға түстім. Қызылжар өңірі бізді құшақ жая қарсы алды. Оқу орнында барлық жағдай жасалып, білім алумен қатар, өнерден де өрге басуға мүмкіндік алдық. Білікті мамандардың бағыт-бағдары арқылы қос тізгінді қатар ұстап, бізге жүктелген сенімді ақтауға тырыстық. Қоғамдық шараларға белсенді түрде қатысып, серпіндіктердің сенімге лайық екенін дәлелдеуді мақсат тұттық.

Білім бұлағынан сусындаған үш жыл ішінде есте қалған елеулі оқиғалардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесу еді. Ол өткен жылы Спорт сарайында өтті. Алқалы жиында мен Солтүстік Қазақстандағы білімді жастар атынан тілек білдірдім.

Бүгінгі таңда мемлекетімізде жас ұрпақтың білім алып, еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Елбасының сеніміне лайық болуға тырысқан серпіндіктердің алғашқы толқыны жаңа өмірге қанат қақты. Колледжді тамамдаған алғашқы қарлығаштардың ішінде қызыл дипломға қол жеткізгенімді бағындырған белестің бірі деп санаймын.

Бағдарлама аясында мен қалаған оқу орнына түсіп, диплом алып, баспанамен қамтамасыз етілдім. Осындай қуанышты жаңалықтарға көңілі толған әкем балалардың болашағы үшін отбасымызбен бірге Мағжан Жұмабаев ауданына қоныстанды. Енді осы жерде тамырымызды жайып, ел болашағы үшін еңбек етеміз. Түсіне білген адам үшін осының бәрі баға жетпес бақыт емес пе?!

Ата Заңымыздың арқасында армандар орындалатын Қазақ елінің азаматы болғанымды мақтан тұтамын.

Гүлнәр ЕСБАТЫРОВА.

Петропавл қаласы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау