Солтүстік Қазақстан газеті

ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

Печать PDF

Дмитрий Нападовтың негізгі мамандығы – электрмен дәнекерлеуші. Ал темірден түйін түйетін ұсталықтың қыр-сырына мектепте оқып жүргенде қанығыпты. “Нағашым бесаспап ұста еді. Ұстаханаға қанша келсем де, жұмысы қайнап жататын. Ыстықтан сапсары жүзі нарттай қызарып кететін. Жанарынан ерекше шабыт ұшқындайтын. Шеберлігіне қызыға қарайтынмын. Кез келген темірді еркіне бағындырып, ырқына көндіріп, жұртшылықтың қалаған затын жасап беретін. Кей кездері мені көмекшілікке алатын”, – дейді кейіпкеріміз өткен күндерді еске түсіріп.

argaiv1208

Ұсталық – ертеден келе жатқан кәсіп. Қазақ халқы оны қасиетті өнер ретінде жоғары бағалаған. Оның өзі бірнеше түрлерге бөлінген. Ұстаның қолынан шыққан бұйымдарды киелі санап, ерекше қастерлеген. Тұрмыста, шаруашылықта молынан қолданған. Өкінішке қарай бүгінгі күні ұсталық кәсіпті нәсіп еткен адамдар саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – ұлттық болмысымызға жақын зергерлік өнердің өрісін кеңейтуге тынбай атсалысып келе жатқан петропавлдық Дмитрий Нападов. Оның ұсталықпен айналысқанына төртінші жыл ғана. Бұрын негізгі қызметтен қолы қалт еткен сәттерде ғана мойын бұрса, қазіргі ермегі – ұсталық, негізгі жұмыс орны – ұстахана. Әбден машықтанып, төселіп алғаннан кейін қолдану әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсті. Қолөнер туындыларының сапасына айрықша көңіл бөледі. Ағаш өңдеуге қарағанда темірмен жұмыс істеу әлдеқайда күрделі. Асқан іскерлікті, ыждаһатты еңбекті, шыдамдылықты қажет етеді. Көрік, төс, балға, қашау, егеу секілді құралдармен “алтынмен апталғандай, күміспен күптелгендей” етіп сапалы да сәндік дүниелер жасауға екінің бірінің тәуекел ете бермейтіні шындық емес пе?!

Ол жасаған бұйымдар мен заттар көздің жауын алады. Өрнектелуі, безендірілуі, көркемделуі, талғамдылығы жағынан өте үйлесімді. Бір-біріне ұқсамайтын темір әшекейлерге ою-өрнектер орнату, зерлеу хас шебердің қолынан ғана келсе керек. Сом темірді отқа қыздырып, балқыту, әбден иін қандырып алған соң төс үстінде балғамен соғу арқылы өзі ойлаған кейіпке келтіру, сол нұсқада шығару, өзіндік элементтер қосу темір ұсталығының көзге көрінбейтін ең бір жанкешті жұмысы, азабы деуге болады. Оған көздің майын тауыса отырып, сан қилы бедерлі өрнектер салу, қоңыр түсті бояулармен әрлеу секілді қат-қабат тірлікті қосыңыз.

Дмитрий соңғы кездері қазақтың дәстүрлі қолөнер кәсібімен орайластырып, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасауға көшкен. Қазір қазақтар мен жоңғарлар арасындағы шайқасты бейнелейтін туындыны жұртшылық назарына ұсынсам деген ой жетегінде жүр. “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында өткен облыстың мәдени күндеріне қатысқанын үлкен бақыт санайды. Өзіне көрсетілген сенім, құрмет деп түсінеді.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау