Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАРНА ТӨЛЕГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

Печать PDF

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі биылғы 1 шілдеден бастап іске қосылды. Жан-жақты жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жұртшылық арасында міндетті сақтандыруға қатысты туындап отырған сауалдар аз емес. Сонымен кім қанша төлейді? Жарнаны қайда және қай уақытқа дейін аударуға болады? Жарнаны төлемесе қандай шара қолданылады? Осы сұрақтар төңірегінде нақты жауап беріп, көпшілікке түсіндіруді жөн көрдік.

argaiv1208

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын биыл екі санаттағы азаматтар төлейді. Олар жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер.

Жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна аударады. Ай сайын төленетін жарна мөлшері: 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – жұмыскер жалақысының 1 пайызы; 2018 жылдан бастап – 1,5 пайызы; 2020 жылдан бастап – 2 пайыз; 2022 жылдан бастап – 3 пайыз.

Шілденің бірінен бастап жарна төлейтін қос санаттың бірі – жеке кәсіпкерлер, жекеменшік нотариустар мен сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар. Олар жарнаны жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін төлейді. Жеке кәсіпкердің жарнасы ең төменгі айлық жалақының 5 пайызын құрайды. Нақтырақ айтқанда, жарна мөлшері 2017 жылы – 2445 теңге 90 тиынға, 2018 жылы 2828 теңгеге тең. Жарна есептелетін жалақының ең жоғары мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан немесе 366 мың 885 теңгеден аспауы тиіс. Яғни, ай сайын төленетін міндетті жарнаның ең жоғары мөлшері 3 668 теңге 85 тиыннан аспауы керек.

Ал егер жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлері болса, олар үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударып отыруы тиіс.

Шілде айының жарнасын тамыздың 25-іне дейін төлеуге болады. Төлеу үшін сізге “Қазпочта” бөлімшесіне не болмаса екінші деңгейлі банктерге барып, ТАӘ, ЖСН көрсетіп, форманы толтыру керек. Құжаттың дұрыс толтырылуы өте маңызды. Егер құжат дұрыс толтырылмаса, ақша өтпейді.

Жаңа жүйенің ерекшелігі – әрбір азаматтың ай сайынғы кірісінің белгілі бір пайызы медициналық сақтандыруға бөлініп отырады, кейін ол медициналық қызметтерді тегін қолдана алады. Ал мәртебесі және есепшотында кірісі жоқ азаматтарға 2020 жылдан бастап медициналық көмек қолжетімсіз болады.

Жарна төлемесе не болады деген сауалдың туындауы заңдылық. Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлердің аударымдарын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бақылап отырады. Жарна міндетті болғандықтан, дер кезінде төленбеген жағдайда комитет тиісті шаралар қолдана алады. Кешіктірілген әр күн үшін (қорға жарна төлейтін күнді қоса алғанда) ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшері көлемінде өсімақы төленеді. Егер жұмыс беруші немесе жеке кәсіпкер жарна аударудан бірнеше рет бас тартса, қарыз сомасының 50 пайызына дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Себебі, Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекс бойынша заң бір рет бұзылғанда ескерту жасалады. Заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанған жағдайда, берешек соманың 20 пайыздан 50 пайызына дейін мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Айыппұл мөлшері субъектінің мәртебесіне (шағын немесе ірі кәсіпкер) байланысты.

Аударымдар мен жарналарды төлеу кезінде мәселе туындайтын болса, 8 (7152) 46-59-34 телефонына немесе “Call-center” 1414 хабарласуға, басты парақшасында МӘМС салымдары мен жарналарды есептеу үшін калькулятор мен төлеушілерге нұсқаулық орналасқан fms.kz қордың сайтынан толық ақпарат алуға болады.

Лариса ГОРДЕЕВА,

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау