Солтүстік Қазақстан газеті

БАЛА БАҒБАНЫ

Печать PDF

Ұзақ жылғы ұстаздық жолымда қаншама жақсы тәлімгерлермен қызметтес болдым. Зәуреш Қайырбекқызы солардың ішінде мен үшін орны бөлек адам.

argaiv1087

Ақиқатында, шәкірт бұ­лақ болса, сол бұлақтың көзін ашып, көл­ге айнал­дыратын адам, ол – ұстаз. Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған әріптесімнің де ұстаздық қызметте бағындырған ауыз толтырып айтарлықтай белестері аз емес.

Сағынышқа айналған өткен күндерге шегініс жасайтын болсам, мен Зәуреш Қайырбекқызымен Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледж қабырғасында бірге еңбек еттім. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қазақтың аяулы перзенті Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген оқу орнында алғаш рет бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын қазақ бөлімі ашылды. Сол кезде жаңадан ашылған бөлімнің аяғына нық тұрып кетуіне аяулы ұстаз үздіксіз ізденіс, қажырлы еңбегі арқылы өз үлесін қосқанын әріптестері жақсы біледі. Нақтырақ айтар болсам, оның басшылығымен бірнеше ұстаздардың әдістемелік жинақтары жарық көрді. Сол кездері Сәуле Қаскенова, Лаура Рахметова, тағы басқа мұғалімдерге қол ұшын берді.

Халқымызда “Шәкіртсіз ұстаз тұл” деген тәмсіл бар. Зәуреш Қайырбекқызы қаншама жастарға жақсы ұстаз болды десем, артық айтқаным емес. Бүгінгі күні өңіріміздің түкпір-түкпірінде ғасырға жуық тарихы бар оқу орнын тамамдаған ұл-қыздар еңбек етіп жатыр. Менің әріптесім сол жастардың бәрінің де екінші анасы атанып, олардың өмірде лайықты азамат болулары үшін аз еңбек сіңірген жоқ. Ол жайлы студенттері де тебіреніспен айтып отырады. Әсіресе, мінезінің турашылдығын, балаларға жанашырлығын қалай ұмытарсың. Ата-ана бауырынан енді ғана ұзап шығып, оңы мен солын танып үлгермеген қыздардың тәрбиесіне қатал қарайтын. Соның арқасында біздің алдымыздан білім алған оқушылардың жаман аты шыққан жоқ. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Кейін Зәуреш Қайырбекқызы ұстаздық қызметін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жалғастырды. Онда да орыс топтарына қазақ тіленен сабақ бере жүріп, баяғы әдетінше ізденіп, жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқытудың озық үлгілерін ұсынумен болды. Оның әдістемелік жинақтарын өзінен кейінгі қаншама жас мамандар пайдаланды. Ол, осылайша, қазақ тілінің дамуына қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүріп, үлес қосты.

Иә, ұстаз жолы – ауыр жол. Ел ертеңі жастарды тәрбиелеудің жауапкершілігінің зор екенін Зәуреш Қайырбекқызы жақсы түсінді. Сол үшін көп мұғалімнің бірі емес, жақсы ұстаз болуға тырысты. Әсіресе, алғашқы тәлімгері Қабікен Ғаббасұлы секілді шәкірттердің жүрегіне жол таба білуді мақсат тұтты. Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тамамдап, қолына диплом алған сәтте де ана тілінің жанашыры болуға өзіне сөз берген еді. Ол бұл арманына қол жеткізді деп айтуға болады.

“Еңбек адамды бақытқа жеткізеді” демекші, Зәуреш Қайырбекқызының да ұстаздық қызметі ескерусіз қалған жоқ. Ол Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері атанды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің, білім басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хаты оның ұзақ жылғы еңбегіне берілген зор баға деуге болады.

Ол ұрпақ тәрбиесіне ғұмырының 44 жылын арнады. Осынша уақыт мұғалімдік қызметтің суығына тоңып, ыстығына күйіп еңбек ету әркімнің маңдайына жазыла бермейді. Меніңше, бұл өмірде ұстаздан бақытты адам жоқ. Ендеше, болашаққа қанатын қомдаған талай жастардың томағасын сыпырып, топқа қосқан Зәуреш Қайырбекқызы да бақытты жандардың бірі. Оның есімі әлі талай жылдар бойы шәкірттерінің арасында мақтанышпен айтыла беретін болады.

Қымбат ИСМАНОВА,

ардагер ұстаз.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау