Солтүстік Қазақстан газеті

ДАМУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

Печать PDF

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аграрлық саясаты ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуды, аграрлық білім, ғылым мен өндіріс интеграциясын дамыту арқылы агроөнеркәсіптік кешенде бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер көлемін арттыруды, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді.

argaiv1934

Үстіміздегі жылдың 15 тамыз күні мен Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауында болдым. Кездесу барысында отандық аграрлық ғылым мен білімнің бүгінгі дамуы және осы саладағы күрделі мәселелер мен оны шешу жолдары туралы баяндадым.

Кездесуде мемлекет тарапынан аграрлық ғылым, білім саласына көрсетілетін көмек, серпінді инновацияларды жүзеге асыру үшін мегагранттар бөлу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы көлемін ұлғайту, жобаларды технологиялық сараптама мен сынақтан өткізетін ірі орталықтар құру сияқты көптеген өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Аталған бағыттарды дамыту АҚШ, Франция, Аргентина, Бразилия, Израиль, Қытай сынды дамыған елдердің озық тәжірибелерінің жан-жақты талдауына негізделген. Бұл мемлекеттердегі ірі университеттер білім беру мен ғылыми үрдісінің бизнес құрлымдармен байланыстыратын орта болып табылады. Мұндай жоғары оқу орындары зерттеу университеттерінің мәртебесіне ие.

Білім, ғылым мен бизнестің интеграциясын жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттары дәл осы оқу орындарының базасында жұмыс жасайды. Университет құрамында жұмыс істейтін Стратегиялық агробизнесті талдайтын орталық Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайына толыққанды сараптама жүргізіп отырады.

Осы орталықтың ақпараты бойынша бүгіндері Қазақстанда 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибе шаруашылығы және 10 білім тарату – экстеншн орталығы жұмыс істейді. Ал АҚШ-та 10 ғылыми-зерттеу институты, 91 тәжірибе шаруашылығы, 2900 білім тарату орталығы болса, Аргентинада 4 ғылыми-зерттеу институты, 47 тәжірибе шаруашылығы, 320 білім тарату орталығы бар. Өзге елдерде де осындай көрсеткіштер тіркелген.

Ғылыми-зерттеу институттары, тәжiрибе шаруашылықтары және білім беру орталықтарының санына байланысты біздің елде басқа мемлекеттермен салыстырғанда “төңкерілген пирамида” байқалады. Қазақстан ғылыми-зерттеу институттары саны бойынша көптеген шетелдерден озық тұр, бірақ білім тарату орталықтарының саны аз. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелерінің өндіріске іс-жүзінде енгізілмей жатқанын, ал білім беру орталықтары агроөнеркәсіп кешен қызметкерлері үшін тек біліктілікті арттыру курстарын өткізумен ғана шектелетінін көрсетіп отыр.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық тиімділігін көтеру үшін Қазақстандағы ғылыми зерттеулердін нәтижесін өндіріске енгізу, агробизнеске озық тәжірибе мен білімді тартуға, ауылдық кәсіпкерлердің білімдерін көтеру үшін тәжірибе шаруашылықтарында озық білімді таратудың заманауи жүйесін көбейту қажет. Сондықтан Қазақстанда ғылыми-зерттеу институттарының санын көбейтуге қарағанда, инновацияға бейімделген тәжірибе шаруашылықтары мен білім тарату орталықтарын көбірек ашу тиімді болар еді. Себебі, қазіргі таңда елдің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің 12 пайызының ғана ортадан жоғары және жоғары білімі бар.

Қазіргі кезде елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін 66 млрд. теңгенің 4,2 млрд. теңгесі (6,4 пайызы) ғана ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеулерге бөлінеді. Мысалы, ЮНЕСКО-ның ақпараты бойынша Оңтүстік Кореяда ғылымға бөлінетін қаржының мөлшері ішкі жалпы өнімнің көлемінен – 4,3 пайызын, Израильде – 4,1 пайызын, Швецияда 3,6 пайызын құрайды. Ал ТМД елдерімен салыстырсақ, Ресейде – 1,2 пайыз, Украинада – 0,7 пайыз, ал Қазақстанда 0,2 пайыз ғана болып отыр.

Қазіргі уақытта трансұлттық компаниялар ғылымды дамытуға өз саласының ғана шеңберінде қаржы бөледі. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы саласында ірі трансұлттық компаниялардың жоқтығынан агроөнеркәсіп кешеніндегі ғылымға мұндай қаржылар бөлінбей келеді. Осы жерде еліміздегі аграрлық ғылымның дамуында кедергі болып отырған өзекті проблемалар туралы айта кеткен дұрыс болар. Атап айтқанда, аграрлық ғылымның мәртебесінің, сондай-ақ, ғылыми-техникалық бағыттағы еңбекке деген сұраныстың төмендігі, ғылымға бөлінетін қаржының жетіспеушілігі, жаңа формациядағы білікті мамандардың тапшылығы (мұның себебі, еңбекақы мөлшерінің аздығы, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайлардың дұрыс шешілмеуі, т.б.), ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе станцияларының материалдық-техникалық базасының ескіруі, ғылыми нәтижелердің өндіріске енгізілмеуі аяққа тұсау болып отыр.

Мемлекет басшысы ғылымға жаңалық алып келетін жастар екенін үнемі айтып келеді. Бүгіндері оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде. “Болашақ” бағдарламасы – осының айқын көрінісі. Бірақ осы салада шет мемлекеттерден инновациялық технологиялар мен озық білім трансфертін тартатын жаңа форматтағы ғалымдардың қатары өте аз. Айта кетсек, Тәуелсіздік алған 25 жылда ауыл шаруашылығы саласы бойынша “Болашақ” бағдарламасымен 70 қана жас маман шетелдерде оқып, біліктілігін арттырып келген.

Бәсекеге қабілетті, заманауи озық біліммен қаруланған, жаңаша ойлайтын кәсіби мамандардың тапшылығынан ауыл шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды игеру үрдісі баяу жүргізілуде.

Елбасы “Инновациялық Қазақстан – 2020” форумында инновацияның төрт бағытын анықтап берген болатын. Ол – елеулі, серпінді, түбегейлі, абсолютті инновация. Осы бағыттардағы инновациялық бастамалар елде жаңадан қалыптасып келеді. Мысалы, жалпы ішкі өнімнің 0,92 пайызы ғана инновациялық өнімнің үлесінде. Сондықтан жаңалық ашқан ғалымдарға, ғылыми институттар мен агробизнес құрылымдарына мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы нәтижелі жұмыс атқарған жағдайда мақсатты түрде инновациялық грант бөлінуі қарастырылғаны жөн.

Оқу орнымыз 2010 жылдан бастап зерттеу университетіне трансформациялану бойынша стратегиялық бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бұл жерде айтатын жағдай, трансформациялану тәжірибесіне шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының 13 білікті ғалымы оң бағаларын беріп, сараптама тұжырымдамаларын ұсынды.

2016 жылы университетте трансформация шеңберінде Агротехнологиялық хаб құрылды. Оның қызметі агроөндіріс кешеніне инновациялық технологияларды, стартап-жобаларды, идеяларды тартуға, оларды өндіріске енгізуге, сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тетіктерін іске асырып, университеттің өзін-өзі қаржыландыруын және дербестігін қамтамасыз етуге арналған. Сол арқылы жалпы республиканың ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады.

Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықпен тығыз әріптестік байланыс орнатып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орынымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері тиіс. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударылуда. Бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбе қайта қаралып, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімі жеті айға дейін ұзартылды. Университетте білім алушылар екінші курстан бастап агробизнесті ұйымдастыру пәні бойынша өздері шыққан өңірлердегі шаруашылықтарда тәжірибеден өтіп, бизнес-жоспарларын жасау үшін нақты мәліметтер жинап, дайын жобаларын комиссия алдында қорғайды.

Студенттердің орындайтын барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертацияларында бір бөлімі зерттеліп отырған бағыттың экономикалық тиімділігіне арналуы тиіс. Бұл талаптар болашақта мамандардың тәжірибеге бейімделуін және аграрлық нарықта сұранысқа ие болуын көтеріп, кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.

Университетіміздің діңгегі саналатын Агротехнологиялық хаб қызметі аясында бүгінде Корнель университетімен “Жергілікті алманың перспективті сорттарының гендік қорын зерттеу”, Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен “Климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау”, Малайзияның Путра университеті мамандарымен “Халал өнімдер өндірісі технологиясы”, Финляндия ғалымдарымен “Тағам қауіпсіздігі және ветеринария” мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге “Зиянкестер мен сортаңдарды алдын ала анықтау”, “Геоскан” мен NASA ғалымдарымен бірлесіп “Агроөнеркәсіп кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру” жобалары жүзеге асуда.

Мұндай ауқымды жобалар еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарында да жүргізілуде. Оның ішінде, “Нан өнімін шығаруға арналған микроорганизмдер түрлерінің жиынтығы”, “Органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру”, “Арал теңізінің құрғатылған жерінде фитомелиоративтік өсімдіктердің технологиясын қалыптастыру”, “Арнайы мал азығын дайындаудың отандық рецептурасын жасап, өндіріске енгізу”, “Қойдың “Ордабасы” тұқымының өнімділігі жоғары, экологиялық таза етін шығару” және т.б. жобалар бар.

Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттарының тиімді жұмыс жасауы үшін салаларға байланысты топтастырып, құрылымдарын қайтадан қарастырып, олардың базаларында 10-12 салалық ғылыми-зерттеу институттарын құру қажет. Өңірлік сипаттағы басқа ғылыми институттар тәжірибе шаруашылықтарымен біріктіріліп, қайта құрылды. Енді олар отандық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды коммерцияландыру, шетелдік технологияларды сынау және бейімдеу, бірегей тұқым өндіру, импорттық жабдықтар, технологиялар, асылтұқымды мал және тұқым сұрыптарын, көшет материалдарын сертификаттау, магистранттар мен докторанттардың диссертациялық зерттеу жүргізуіне қатысу, студенттердің білім беру практикасын ұйымдастыру және алдыңғы қатарлы білім тарату бойынша жұмыс істейді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында озық шаруа қожалықтарының базасында кем дегенде 160 білім тарату орталықтарын (ауылдық жерлердің санына байланысты) құру керек. Бұл орталықтарда “Фермер-фермерге” тәлімгерлік озық тәжірибесі бойынша дамыған шарушылықтың тәжірибесін беру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша өзекті тақырыптар төңірегінде семинарлар өткізу, ауыл тұрғындары арасында заңнама және мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүзеге асады.

Білім тарату жүйесі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден мемлекеттік органдарға, ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындары мен қоғамдық ұйымдарға кері байланыс құралы болмақ.

Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің біліктілігін арттыру үшін үш бірдей бағдарламаны пайдалануға мүмкіндік бар. Мәселен, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы – жаңадан кәсіп бастаған фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар, кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы бизнесінің негіздерін оқыту (“Бастау”), аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қолданыстағы фермерлерге арналған және өнімділікті арттыруға бағытталған (“Демеу”) және “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы тәжірибелі фермерлердің маркетингтік сауаттылығын арттыру, олардың ішкі және сыртқы нарықтарға қатысуын кеңейтуге бағытталған бағдарлама (“Шебер”) болады.

Семинарларды ұйымдастыруға және басқа да шараларға шетелдік сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдары қатысатын болады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге басымдылық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына берілмек. Жергілікті жағдайларға байланысты технологияларды анықтау және оның бейімделуі мақсатында жасалынған зерттеулер нәтижесі тәжірибе шаруашылықтарына беріледі.

Қазақстан әзірге жаһандық технологиялық кеңістікке кіруге толық дайын емес. Себебі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көлемі, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе шаруашылықтарының ғылыми әлеуеті бойынша әлемдік технологиялық тізбекке енбеді десе де болады. Барлық ғылыми-зерттеу институттарын сандық жүйеге көшіріп, “Агроинновациялық парктер” құрып, жаңа формациядағы жас ғалымдарды даярлау үрдісін күшейту керек.

Қазіргі кезде көптеген жаңа инновациялық жобалар өндірісте қолдау таппауда. Оның себебі, қаржылық кедергілер, сараптаманың жоқтығы, жобалардың технологиялық сынаудан өтпеуі, ғалымдардың ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі жауапкершілігінің болмауы және инновациялық жобаларды ынталандыру механизмдерінің жетілдірілмеуі.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда зерттеушілік бағытқа басымдық беріп отырған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жұмысына оң баға беріп, білім сапасын арттыру, оны халықаралық деңгейге көтеру, жаңа формациядағы мамандар мен ғалымдарды дайындау, ғылыми жобалардың тиімді нәтижесін өндіріске енгізу, агроөнеркәсіптік кешенінде бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау