Солтүстік Қазақстан газеті

Парасат пен парыз — басты талап

Печать PDF

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында республикалық “Парасатты полицей” байқауы өтті.

argaiv1962

Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған шараның мақсаты ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып табылады. Байқауда еліміздің әр облысының ішкі істер департаменттерінен және Ішкі істер министрлігінің үш жоғары оқу орнынан – барлығы 19 команда сайысқа түсті. Баптары мен бақтары сынға түскен тәртіп сақшыларына облыс әкімінің атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров сәттілік тіледі.

Сегіз жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бәсекеге осынау айтулы шараны қабылдау құрметіне ие болған өңіріміздің тәртіп сақшылары қатысқан жоқ.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалар ішкі істер органдарының 25 жылда жеткен жетістіктерін, мәртебесі мен ерекшеліктерін, қызметте қазақ тілінің қолданылуын көрсетіп, өздерін таныстырды.

Екінші кезеңде қатысушылар Отанға, полициядағы қызметтеріне, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілікті байқататын авторлық әндерін орындады. Соңғы сында командалардың капитандары өздерінің заңнамаларды, мақал-мәтелдерді, еліміздің тарихи жерлерін қаншалықты деңгейде білетіндіктерін көрсетті.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі келесі күні “Түркістан” мәдени-ойын-сауық орталығында өткізілді. Оған облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, полицейлерді жеңістерімен құттықтады.

– Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Сондықтан мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған бұл шараның маңызы зор деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Полицейлер – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте тұратын адамдар”, – деп тәртіп сақшылары қызметінің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Полицейлер ел тыныштығын сақтау міндетін абыроймен атқаруда. “Парасатты полицей” байқауы ішкі істер органдары қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін анықтайтын маңызды сайысқа айналып отыр, – деді Құмар Іргебайұлы.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынға Павлодар, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменттерінің “Сарыарқа сақшылары” мен “Каспий” командалары және Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының “Қабылбаев ұрпақтары” командасы лайық деп танылды. ІІ орынды Ақмола және Жамбыл облыстық ІІД-нің “Көкше сақшылары” мен “Тараз қырандары” командалары иеленді. Ал Ақтөбе облыстық ІІД-нің “Серт береміз” командасы жеңімпаз атанды.

Шара барысында жеті аталым бойынша жеңімпаздар да анықталды. “Тілегі мен тілі бір” аталымында Қызылорда облыстық ІІД-нің “Сыр сақшылары” командасының мүшесі, полиция капитаны Владимир Федорук, “Үздік капитан” аталымында Қостанай облыстық ІІД-нің “Қостанай қырандары” командасының жетекшісі, полиция капитаны Ербол Сейтмағанбет суырылып алға шықты. “Өнерлі команда” аталымында Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының “Сақшылар ордасы” командасына тең келер ешкім болмады. “Көрермен көзайымы” аталымының жүлдесі Алматы және Қарағанды облыстық ІІД-нің “Мәңгілік ел” және “Алаш айбынына” бұйырды. “Актерлік шеберлігі үшін” аталымына Ақмола облыстық ІІД-нің “Көкше сақшылары” командасы лайық деп танылды. Ал Астана қаласының “Елорда” тобы өздерін ең “Ұйымшыл команда” ретінде көрсетті. Командалардың әрбір мүшесіне бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: байқау жеңімпазы – Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің командасы.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау