Солтүстік Қазақстан газеті

Ел байлығын еселер сәт

Печать PDF
Өңірімізде күзгі орақ науқаны алдында өзекті мәселелерді талқылауға және оларды тиімді шешуге арналған “Дала күнін” өткізу игі дәстүрге айналған. Биыл бұл шара Тайынша ауданының Ильичевка ауылында өтті. Күзгі аттаныс алдында солтүстікқазақстандық диқандардың басын қосқан шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Семинар-кеңеске қатысушылар, ең алдымен, аудандағы ірі агроқұрылымдардың бірі – “Агрофирма Эксимнан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқабын аралап, ондағы дәнді дақылдарды өсіру технологиясымен танысты. 2003 жылы құрылған серіктестік көктемде 25 мың гектар алқапқа – дәнді, ал 5,9 мың гектарға майлы дақылдар сіңірген. Бүгіндері 418 адамды жұмыспен қамтып отырған агроқұрылым соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлуде.

argaiv1977

Шаруашылықтың директоры Төлеген Қонысбаев қонақтарды орақ науқаны жүріп жатқан №34 алқапқа бастап келді. Жалпы аумағы 283 гектар танапта барлық технологиялық талаптар сақталып, қажетті химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Табиғатымызға қолайлы “Астана” сұрпы себілген алқаптың шығымдылығы 25 центнерден айналады деп күтілуде. Соңғы екі жылдан бері Петропавлдағы “КазТехМаш” ЖШС-нің базасында шығарылып жатқан “Sampo Asia” комбайндарын тізгіндеген шаруашылықтың механизаторлары бидайды дестелеуге кіріскен. Бүгіндері еңбеккерлер жасымықтың 65, ал арпаның 30 пайызын жинап үлгерген.

Құмар Іргебайұлы біздің өңір үшін таңдаулы болып табылатын бидай сұрпының өсірілу технологиясына жоғары бағасын берді.

– Биыл облысымызда бидай бітік шықты. Өйткені, ауа райы қолайлы болғанын айта кету қажет. Уақтылы жауған жауын егіннің жақсы пісуіне сеп болды. Мемлекеттің қолдауының арқасында орақ науқанына дайындығымыз жақсы. Ендігі кезекте табиғат оң қабақ танытып тұрғанда бидайды ысырапсыз жинап алу міндет, – деді Құмар Ақсақалов.

Жиын барысында облыс әкімі күзде астықты сату мәселесіне де тоқталды. Алдын ала болжам бойынша биыл шамамен 6 млн. тоннаға жуық астық қамбаға құйылады деп күтілуде. Құмар Іргебайұлының айтуынша, біздің өңірден Ресей, Иран, Қытай және тағы басқа елдер астық сатып алмақ. Бүгіндері шетелдерге астықты жеткізу үшін тиімді тасымал жолдары қарастырылуда.

Содан кейін аграршылар осы жерде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникалары көрмесiн тамашалады. Көрмеге егіншілікке арналған тіркеме құрал-жабдықтардан бастап түрлі комбайндарға дейін қойылған. Агро-құрылым басшыларының назарына “КазТехМаш” ЖШС-нің “Sampo Asia” комбайндары және “Петропавл трактор зауыты”, “Dostar New”, “Avagro” кәсіпорындарының техникалары ұсынылды.

Өңiр басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге биыл орақ науқанында кәсіпорындар ұсынған техникалардың барлық параметрлерін тексерудің маңыздылығын ескертті. Бұл техникалар кәсіпорындардың жарнамаларында айтылғандай іс жүзiнде дизель отынын үнемдеп, сапасы мен өнiмдiлiгi көңілден шығатын болса, комбайндарға агро-құрылым басшылары тарапынан сұраныстың артары сөзсіз. Кәсіпорын басшылары тұтынушыларына қолжетімді бағаға жоғары өнімді техника ұсынып, одан ақау табылған жағдайда, сапалы техникалық қызмет көрсетулері қажет.

Осы жерде облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев өңірімізде баламалы энергияны дамытудың әлеуетi туралы баяндады. Оның айтуынша, бу қазандықтарына көмiрдiң орнына сабанды қолданудың пайдасы зор. Петропавл №2 жылу-электр орталығын есепке алмағанда, облыс тұрғындары бiр жылда – 410 мың тонна, бюджет мекемелерi – 173 мың, заңды тұлғалар – 153 мың, орталық қазандықтар 47 мың тонна көмiр жағады. Мамандардың есебі бойынша, бұл қажеттіліктің орнын 940 мың тонна сабан жаба алады екен. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәлiметi бойынша, облыста 4 млн. тоннадан астам сабан қордаланады. Оның бiр бөлiгi алқаптарда үгiтiлiп, жердi құнарландыруға, басқа бөлiгi мал шаруашылығына пайдаланылады. Антон Владимирович күз бен көктемде өртелетін 40 пайыз сабанды отын ретiнде пайдалануға болатынын тілге тиек етті.

– “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің арқасында дәстүрлi энергия көздерiнiң баламасын қолдану мәселесіне ерекше назар аударылуда. Ал сабан – энергия көзi ретiнде пайдаланылатын биомасса. Егер бұл бағытта жұмыс істейтін болсақ, екі жылдың iшiнде 500 млн. теңге бюджет қаражатын үнемдеуге болады. Бұған дейін майлы дақылдардың қалдығы еш жерде пайдаланылмай келді. Ал енді сабанды отын ретiнде қолданатын болсақ, көмірді үнемдеуге мүмкіндік болады. Ендігі кезекте бiз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек, – дедi облыс әкiмi Құмар Ақсақалов.

Осы күнi Ильичевка ауылындағы “Тайынша-Май” зауытында майды тазартатын жаңа цех iске қосылды. Қытайлық “Айцзю” компаниясының қаржысына салынған кәсіпорын Қазақстандағы рапс пен зығыр майын өңдейтiн ең iрi зауыт болып табылады. Енді, міне, Жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған зауытта май тазартатын еліміздегі ең ірі цехтың тұсаукесері өтті. Салтанатты ашылу рәсiмiне облыс әкiмi Құмар Ақсақалов пен компания директоры Фан Лун Фэй қатысты.

– Бүгiндері май тазартатын цехты iске қосу арқылы зауытты толық қуатына шығаруға бір қадам жақындай түстік. Шикiзат өндiрушiлермен, ауыл шаруашылығы кооперативтерімен келiсiмшартқа отырудамыз. Цехта тазартылатын май зауыт өндiрiсінiң негiзгi бөлiгiн құрайтын болады. Қосымша инвесторларды тарту арқылы кеспе, ет-сүт өнiмдерiн шығаруды қолға алу жоспарымызда бар. Ол өнімдерді де кейін экспортқа шығаратын боламыз, – дедi “Тайынша-Май” зауытының құрылтайшысы Сәкен Мұхамадиев.

Цех қызметкерлері өңір басшысына цехта тазартудың тиісті сатысынан өткен өнiм барлық қасиетiн сақтайтындығын айтты. Кәсiпорындағы өндiрiс автоматтандырылған. Жетпіс адам жұмыс істейтін цехта күніне бір мың тонна өнiм ұқсатылады. Оның қуаттылығы тәулiгiне 400 тонна тазартылған өсiмдiк майын шығаруға жетеді.

Дала күні аясында өткен облыстық семинар-кеңесте республика бойынша ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері, агроқұрылымдардың егін орағына дайындығы, шаруашылықтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтылды.

Кеңесті ашқан облыс әкімі аграрлық аймақ болып саналатын өңіріміз үшін аса маңызды орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізу үшін өзекті мәселелердің бүкпесіз айтылып, оны бірлесе шешу қажеттігін атап өтті.

– Мемлекеттің зор қолдауы арқасында биылғы көктемгі дала жұмыстарын қолайлы уақытта аяқтап, химиялық өңдеу шаралары жүргізілді. Машина-трактор парктері жаңартылды. Елімізде өндірілетін астықтың үштен бірі біздің диқандардың маңдай терімен өсірілетінін ескерсек, алдымызда әрбір ашық күнді барынша тиімді пайдалану, орақ науқаны мерзімін қатаң сақтау, астық сапасына әсер ететін барлық жағдайларды ескеру міндеті тұр. Біз осы қарқынды сақтай отырып, өз өніміміздің жоғары сапалылығын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан кейін жиналғандар алдында өңірлік агросектордың бүгінгі жағдайы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір диқандары үстіміздегі жылы 4,2 млн. гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Оның 3 млн. гектары бидай болса, 770 мың гектары – майлы дақылдар. Бұршақ тұқымдары екі есе артық себіліп, 196 мың гектарды құрады. Екі мың гектар алқапқа соя егілді. Биыл гектар берекелігі 17,5 центнерден асып, диқандардың маңдай тері ақталады деген үміт бар.

Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы саласына 32,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. Мемлекеттің қолдауы арқасында жыл басынан бері 843 техника сатып алынды. Жауапты науқанға 8 мың-нан астам комбайн қатысады. Оның үш мыңы – жоғары өнімді заманауи техникалар. Үкімет күзгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін 75 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөліп, бұл мәселе толықтай шешілген. Өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда. Облыста 49 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорнының жалпы сыйымдылығы – 3,4 млн. тонна. Бұдан басқа агро-құрылымдарда 312 астықкептіргіш бар.

– Соңғы дерек бойынша, егістік алқаптардың 14 пайызы, яғни 400 мың гектардың дәндi дақылдары дестеге түсiрiлдi. Оның 220 мың гектары бастырылды. Қамбаға 310 мың тонна астық түссе, әр гектардан 14,1 центнерден өнiм алынуда. Осы уақытқа дейін 63 мың гектардың майлы дақылдары орылып, жоспар 9 пайызға орындалды. Оның 5,4 мың гектары бастырылса, 4,3 мың тонна өнім жиналды. Гектар берекелiгi 8 центнерден айналуда, – дедi Айдарбек Сейпілұлы.

Баяндамашы мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерге де тоқталып өтті. Жыл басынан берi мал саны 7 пайызға өскен. Үстіміздегі жылдың жеті айында 26,4 мың тонна ет өндiрiлiп, 5,2 мың тоннасы ұқсатылды. 322,7 мың тонна сүт сауылып, 110 мың тоннасы өңдеуге жiберiлдi.

Айдарбек Сапаров еңбекақы төлеу және басқа да ынталандыру шараларына, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Облыс экономикасының басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайыз төмен. Сондықтан агроқұрылым басшылары орташа айлық еңбекақыны облыстық деңгейге жеткізуге ұмтылулары керек.

Облыстық тәжірибе станциясының директоры Белгібай Қанафин дәнді және майлы дақылдарды жинау мен топырақты күзде өңдеу технологияларының өзіндік ерекшеліктері туралы сөз қозғады. “Тайынша-Астық” ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский, “Мәмбетов және К”, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестіктерінің басшылары Еркебұлан Мәмбетов пен Геннадий Зенченко егін орағына дайындық мәселелеріне тоқталды. Ал Солтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығының директоры Қымбат Мерғалимова жиналғандарды тамыз айының соңғы онкүндігі мен қыркүйек айының ауа райы болжамынан хабардар етті.

Жиын соңында қатысушылар мемлекет тарапынан сатып алынатын бидай мен майлы дақылдардың құны, қосалқы шаруашылықтардың өнiмдерiн өткiзу мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап алды.

Семинар-кеңесті қорытындылаған облыс басшысы орақ науқанын ұйымшылдықпен жүргізуді қамтамасыз ету қажеттігін атап айтып, аудан әкiмдерi мен агроқұрылымдардың басшыларына майлы дақылдардың алқабын көбейту жөнiнде бiрқатар тапсырма бердi.

Бұл күні Есіл ауданының Явленка ауылындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын сынау жөніндегі облыстық инспектурасының базасында күзгі орақ қарсаңына орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау