Солтүстік Қазақстан газеті

ТАЛАП — СЫНАҚТЫ ТОЛЫҚ ТОҚТАТУ

Печать PDF

1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, ажал отын шашқан Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын.

argaiv1934

Тарихи мәліметтерге сүйенер болсақ, Семей аумағында осы жылдар аралығында сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Ядролық сынақтардың салдары сол жерде тұратын адамдарға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Жарылыстан радиация алған мыңдаған адам қатерлі ісік, иммунды жүйе мен қан құрамының бұзылуына байланысты ауруға шалдығып, көптеген сәби дүниеге жарымжан болып келді. Қазаққа қайғы-қасірет әкелген радиациядан зардап шеккендердің саны екі миллион адамнан асады. Жетпіс жыл бұрын Семей полигонының орталығы болған Курчатов қаласы бір уақытқа дейін жабық болып саналды.

Қазақ еліне орасан зор қайғы-қасірет әкелген атаулы күнге орай Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасында “дөңгелек үстел” өтті. “Семей полигоны: Қазақстанның ядролық қасіреті” тақырыбында өрбіген шараны жүргізген журналист Данияр Қасымов қайғылы датаның тарихына тоқталды.

Сұрақ-жауап түрінде өткен шара барысында ел ертеңіне атсалысқан белсенді жастар өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Адамзат жүрегіне өшпес жара салған Семей полигонының салдарын тілге тиек еткен қатысушылар әлемдік қауымдастықты, халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды және барлық қайырымды адамдарды кешенді ядролық қарусыздану бойынша Қазақстан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамасын қолдауға шақырып, үндеу қабылдады. Көпшіліктің қолдауына ие болған бұл құжатта ядролық қару түрлерінен әлемнің барлық елдерінде толықтай бас тарту, жерде, ауада, суда сынақ жасамау қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, радиактивті материалдары элементтерінің халықаралық лаңкестер мен экстремистердің қолдарына түспеуінің маңыздылығы сияқты мақсаттарға басымдық берілген.

– Бүгінгі таңда атаулы күнге орай іс-шаралар еліміздің барлық қалаларында өткізілуде. Мақсат – Елбасының бейбіт бастамасын қолдап, ядролық қару сынақтарын мүлде тоқтатуға атсалысу, – дейді кітапхана директоры Гүлжан Саханова.

Ұйымдастырушылар үндеуді үстіміздегі жылы 29 тамызда Женева қаласында өтетін форумның назарына ұсынбақ. Оны Қазақстанның бастамашылығымен құрылған халықаралық “Атом” жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков жүзеге асырады деп күтілуде. Кәріпбек Елубайұлы – өмірге деген құштарлығымен қайсар мінезі арқылы ерекшелене білген жандардың бірі. Өмірі Семей полигонымен тығыз байланысқан суретшінің туғаннан екі қолы жоқ. Тағдырдың қатал сынына шыдай білген ол жоспар бойынша өткізілген “дөңгелек үстелге” қатыса алмаса да, жастарға арналған өз ойын жазып, 25 жыл ішіндегі жетістіктерді алдағы уақытта жас ұрпақ жалғайды деген үмітін жеткізген.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау