Солтүстік Қазақстан газеті

Гіршілер жеңісі

Печать PDF

Өңірімізде біраз жылдан бері армрестлинг және гір спорты жақсы дамып келеді. Спортсүйер қауымға Олег Чегодаев, Виталий Диденко, Андрей Свистунов, Владислав Третьяков, Мария Наумова сияқты чемпиондардың есімі белгілі. Аға жаттықтырушы Андрей Глывяка жетекшілік ететін өңіріміздің гір көтерушілер командасы Қазақстан чемпионаттарында бірнеше рет үздік атанған.

argaiv1977

Жуырда Спорт сарайында Халықаралық гір спорты конфедерациясының ұйымдастыруымен әлем біріншілігі өтті. Бұл конфедерацияның президенті Анатолий Ершов – бірнеше дүркін әлем чемпионы және есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылған. Ал жарыстың бас төрешісі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, бірнеше дүркін әлем чемпионы, Гиннестер кітабының рекордшысы Виктор Сайко болды.

Жеті жыл бұрын Петропавл қаласының балалар үйінде гір спорты үйірмесі ашылған болатын. Балаларды спорт шебері, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері Сергей Гутевич жаттықтырады. Осы уақыттан бастап көптеген балғындар спорттың жаңа түрімен белсенді шұғылданып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Спорт сарайында өткен жарыста ел құрамасы сапында өңірімізден балалар үйінің тағы бес тәрбиеленушісі өнер көрсетті. Балалардың барлығы да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, өз салмақтарында әлем чемпиондары атанды. Сондай-ақ, жасөспірімдердің бірі қалмай жартылай марафонға (гірді жарты сағат көтеру) қатысты. Ереже бойынша жарыс барысында гірді жерге қойып, сәл демалуға мүмкіндік болса, қатысушылар жаттығуды үзіліссіз жасады. Нәтижесінде гір тасын Леонид Чеботарев – 709, Александр Лебедев – 697, Влад Шагвалиев 555 рет көтерді. Ал Дарья Скакунова 469 рет көтеріп, рекордты жаңартты. Сайысқа жаттықтырушы Сергей Гутевич пен аға оқытушы Виктор Сайко қатысып, тағы бір мәрте әлем чемпионы атанды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау