Солтүстік Қазақстан газеті

АРДАГЕРЛЕР ҚОЛҒАП ТҮЙІСТІРДІ

Печать PDF

Облыс орталығында ардагер боксшылар арасында “Ринг патшасы” ашық турнирі басталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңіріміздегі филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин айтты.

argaiv1208

– Жарыстың мақсаты – өңірімізде бокс спортын дамыту, өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын дәріптеу. Ең алдымен, қатысушылардың салмағын өлшеу және медициналық тексерістен өткізу шаралары өтіп, келесі күні “Ринг патшасы” титулы үшін жартылайфиналдық кездесу басталды. Оған өңіріміз бен Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан 20 адам қатысты. АИБА ережесі бойынша өткен бәсеке екі раундтан тұрды, – деді Руслан Бақыттыұлы.

Турнирге 35 жастан асқан боксшылар қатысып, олар 60, 70, 80, 90 килограмм және одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Бәсекеге спорт шеберлері мен халықаралық деңгейдегі боксшылар қатыстырылған жоқ.

Турнирге қатысқан ең үлкен боксшы Андрей Царевтің жасы 52-де. Ол – 1980 жылы Петропавл қаласында өткен кіші олимпиаданың жеңімпазы. 1978 жылдан бері бокспен айналысқан боксшы 70 рет рингке шығып, оның 49-ында жеңіске жетіпті. Алайда, осы турнирде ол қарсыласы – 37 жастағы алматылық Карен Пашикянға есе жіберді. Сонымен қатар шараға Әділ Нұржауыпов, Андрей Степура, Азамат Шұрағаев сияқты елімізге танымал боксшылар қатысты.

Спорттық шараны өңіріміздегі бокс федерациясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Шараны өткізуге және қатысушыларды ынталандыруға қажетті қаражатты да аталған федерация бөлді. Жалпы жүлде қоры 1 миллион 200 мың теңге болды.

Турнирдің ақтық сыны 30 тамыз күні Тәуелсіздік стеласының маңында өтетін болады. Барлық жеңімпаздар кубок, медальдармен марапатталып, абсолюттік салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен боксшы белбеу тағынады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау