Солтүстік Қазақстан газеті

Фархат МОЛДАҒАЛИЕВ: “ТЕАТР МҰРАЖАЙҒА АЙНАЛМАУЫ ТИІС”

Печать PDF

“Театр өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол – өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – режиссердің перзенті”, – деген екен театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай. Иә, өнер ұжымының жан-жақты жетілуі, дамуы, мәртебесінің үстем болуы, актерлер қабілетінің шыңдалуы режиссердің шеберлігіне, таланты мен еңбегіне тікелей байланысты. Өңіріміздің мәдени өмірінің өрістеуіне үлес қосып жүрген Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қоюшы-режиссері Фархат Молдағалиевпен қарашаңырақтың бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары, болашақтағы жоспарлары жайлы әңгіме өрбіткен едік.

argaiv1962

– Фархат Ерланұлы, сахна сыртындағы сан түрлі еңбектің иесі – режиссерге артылатын жауапкершілік қашанда орасан. Қойылымның көрермен жүрегінен орын алуы үшін режиссерге тың шығармашылық шешімдер қабылдауға, қысылтаяң жағдайдан шығудың жолын енгізуге тура келеді емес пе?

– Иә, мен режиссерді кәдімгі суретшіге теңеймін. Өйткені, олар драматургиялық шығарманы талдау барысында ақ кенептің үстіне болашақ сурет туындысының нобайын салғандай спектакльдің негізгі айтар ойын топшылайды. Актерлерге бағыт-бағдар береді. Театр ұжымдық өнер болғандықтан, әлбетте қойылымның сәтті шығуы тұтас ұжымға тәуелді. Десек те, спектакльдің кескіндемедегідей түрлі түсті бояуларға қанық болуы, пьесада суреттелген оқиғаның, қозғалған мәселенің қазіргі қоғам дертінің дегбіріне дөп түсуі, әлбетте, режиссердің шеберлігіне, тәжірибесіне көп байланысты болмақ.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Сәбит Мұқановтың есімін еншілеген қасиетті өнер ордасына сонау Алматыдан арнайы келгеніңізді білеміз. Содан бері қызылжарлық көрермен қауым сіздің қоюыңызбен бес-алты спектакльді тамашалап үлгерді. Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы аз-кем айтып берсеңіз...

– Мен Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласы маңындағы Қайнар деген шағын ауылдың баласымын. Әкем – Ерлан Әсембаев алты жасымнан өнерге баули бастады. Ол жас кезінен көптеген халық театрларында өнер көрсеткен. Ата-анасының ықпалымен техникалық мамандық бойынша оқуға түсіп, одан өз еркімен шығып кетіпті. Әкем жайлы ауылдың үлкендері: “Табиғатынан өнер үшін жаратылған”, – деп айтып отырушы еді. Халық театрлары жанынан көңіл-ашар ұйымдарын ашып, ауыл мәдениетінің өркендеуіне көп үлес қосты. Ауылдағы өнерге жақын, дарынды жастарды жинап, “Қасқалдақ” әзіл-сықақ отауын құрды. Ал мені “Қайнар” халық театрында қасына ертіп жүрді. Алғашында ән айтуға баулыды. Одан кейін сахнада жас балалардың рөлдерін сомдап жүрдім. Әкем менің болашақта өнер академиясында білім алғанымды армандады. Жетінші сыныпта оқып жүргенде академияны көрмесем де, өзімді сол оқу орнының студенті сияқты сезінетінмін. Асқақ арман мен ұшқыр қиялдың жетегінде жүрген күннің бірінде өмірдегі асылым, жанашырым дүниеден озды. Осы қайғылы оқиға бала жүрегімді орны толмас өкінішке душар етті. Қолтығыңнан демеп жүрген аяулы әкеден бір күнде айырылып қалу кімге болсын ауыр соққы. Алайда, алға қойған мақсатымнан жаңылыспадым. Әке аманаты, арманы менің Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне жетеледі. Белгілі ақын Бауыржан Жақып пен Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркеұлы қабілетімді байқап, оқуға қабылдады.

– Маман Байсеркеұлының қазақ театрын биік дәрежеге көтергенін көзі қарақты жұртшылық жақсы біледі ғой...

– Дұрыс айтасыз. Ол – театрдың дарабозы атанған тұлға. Айналасына артық ойын-күлкі, арзан мақтау-мадақ, ерсі сөз, қатты зіл көрсетпейді. Бірақ көрген кісі сескеніп тұрады. Маман ағаның терең білімі, бай парасаты, кәсіби шеберлігі қасында тұрған адамның мысын басып кететін. Театр дарабозының шеберханасында шыңдалғаныма ризамын. Маман Байсеркеұлы шеберханасында оқып жүргенде үйренгенім де, көргенім де көп болды. Әкемді қатты сағынып жүргенде оның орнына әке болды десем, кателеспеймін. Өйткені, ол мені өнерге ғана емес, өмірге де баулыды. Тазалыққа, риясыздыққа, қарапайымдылыққа, адалдыққа үйретті. Ағамыз сексен жасқа толғанда біз оқу бітірдік. Сексеннің сеңгіріне шықса да, мол тәжірибесін, көрген-білгенін жастарға үйрету өнерге деген кіршіксіз құрметінің белгісі емес пе?!

– Сізді Қызылжардағы театрға бағыттаған да ұстазыңыз шығар?

– Маман Байсеркеұлының шеберханасында жүріп, өмірлік мақсатымның режиссер болу екенін ұқтым. Өнердің осы қиын да күрделі саласымен айналысуға толық бет бұрдым. Жоғары оқу орындары арасындағы конкурстарға қатысып жүрдім. Төртінші курста оқып жүргенде Тәжікстаннан есімі ТМД елдеріне белгілі режиссер Барзу Абдуразаков келіп, бес күн бойы академияда студенттерге шеберлік сабақтарын өткізді. Ол кісіден тағы да үйренгім келетінін айттым. Ол жақын арада Петропавлға Н.Гогольдің “Ревизорын” қоюға барады екен. Мені де шақырды. Бірден келісе кеттім. Қызылжардағы театрда белгілі өнер иесінің қасында жүріп, режиссер жұмысының қыр-сырына терең бойладым.

Театр басшысы Біржан Жалғасбаев пен режиссер Баатырбек Шамбетовтің дипломдық қойылым қою туралы айтқан ұсынысын да жерге тастай алмадым. Менің жетекшілігіммен қойылған балаларға арналған “Сиқырлы дүрбі”, Барзу Абдуразаковтың “Мама” спектакльдері қызылжарлық көрерменнің жүректерін баурап алды. Тырнақалды туындымды тамашалаған Маман ағамыз ризашылық білдіріп, батасын берді. Театрдың қоюшы режиссері болып жұмысқа орналасқан сәттен бастап көптен бері қолданылмай тұрған камералық оркестрді іске қосып, әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін “Сыған серенадасын” қойдық.

– Сіздің жетекшілігіңізбен “Нашақор атты новелла” шығармасының желісі бойынша “Қасірет” пьесасы сахналанды ғой. Қойылымды тамашалаған көрермендердің дені “кәдімгі өмірді көргендей күйге бөлендік” деп жақсы әсерлерімен бөлісті. Мені сол сәтте қазіргі уақытта адамдардың театрға жиі бас сұқпауы актерлердің бүгінгі өмірдің шындығын көрсете алмауында шығар деген мәселе мазалады?

– Спектакльдің мақсаты да сол болатын. Біз қоғамның дертіне айналған нашақорлықтың тамырына балта шаба алмаймыз. Осы кеселге шалдыққан адамдардың өздері де бұл спектакльді көрмейді. Біз көрерменге ой тастаймыз, санасына әсер етеміз, толғандырамыз, дұрыс шешім қабылдауға септесеміз.

Қойылым сәтті шығу үшін көп жұмыс жасалды. Көрерменді логикалық ойлауға, қиялын ұштауға, жетелеуге тырыстық. Уақыттың әр кезеңінде өтетін сахна кеңістігін құбылтып қолдануды жүзеге асырдық. Қойылымның шарықтау мезетінде көрерменнің көз алдына мешіт сұлбасын шығардық. Осы арқылы фәни өмірдің шолақ екендігін көрсеткіміз келді.

Сұрағыңыз өте орынды. Ұстазым Маман Байсеркеұлы: “Бүгінгі күннің үдесінен шықпаған театр – өлі театр”, – деуші еді. Мен өзім қызмет атқаратын өнер ордасын баяғы заманның шекпенін әлі жамылып жүрген театрлардың қатарына жатқыза алмаймын. Қазіргі көрерменге Қыз Жі­бек пен Баян эпостық жырдағы кейіпкерлер арқылы он­сыз да аян. Біз үшін маңыздысы – бүгінгі Жі­бек пен Баян. Қазір олар не істеп жүр? Әрине, киім киісі, сөйлеу мә­нері, сөз саптауы, қимылы бәрі-бәрі ұқсамайды. Театрға бет алған жас көрермен шын­дық­ты, бүгінгі шындықты естігісі, көргісі ке­леді. Ал біз оларға өзіміз көрмеген, тек оқы­ған этно­гра­фиялық бағыттағы, бет-бей­не­сін шаң басқан, бұрынғы Қозы-Ба­ян­дар­ды көрсеткеніміз ерсі болмай ма? Жас көрермен олардың бойынан өзде­рін­дегідей жастық жа­лынды, аяулы ар­ман­ды, үкілі үмітті көре алмаса, не пайда? Өзіміз бабамыздың со­ғыс­та киген шекпенін киіп, көшеге шығар ма едік?! Егер оны киген күннің өзінде адамдар мұражайға тап­сы­руға ақыл-кеңес берер еді. Ал театр мұражайға айналмауы тиіс. Ол бүгінгі өмірдің шындығын көрсетуі керек. Біздің мақсатымыз да осы.

Режиссер ретін­де­гі мақ­са­тым – қатып қалған стереотип­тер­ді бұзып, өнерде жаңа имидж қалып­тас­тыру. Заңғар дра­матургтер Мұхаң, Ғабеңдердің кестелі тілін бұз­бай, жас көрермендердің рухани әле­міне сіңіру, классикалық шығармаларды қа­зір­гі заманғы баяндаумен сахналаудың фор­­­ма­ла­рын табу – менің де басты мақсатым. Се­бебі, “Көк­серек”, “Қаралы сұлу”, “Қа­ра­гөз” секілді ғажап дүниелер – күллі адам­зат­қа ортақ туындылар. Ал театрға бармаудың себебі аз емес деп ойлаймын.

– Поэзияның қарыштап дамып жатқанына ешкім дау туғызбасы анық. Ал драматургия кенжелеп қалды. Көп театрлар кешегі кеңестік кезеңдегі шығармаларды әлі сахналап жүр. Бұл театрдың дамуына тұсау емес пе?

– Әрине. Қазіргі заман бұрынғы дәуір емес. Тағы да айтамын, мен Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” пьесасын дәл бұрынғыша сахнаға шығара алмас едім. Оны өзгерту, қазіргі уақыттың өлшеміне салу жоспарымда бар дүние. Драматургия саласының кенжелеп қалғаны рас. Бірақ мүлдем дамымай қалған жоқ. Жас драматургтер аз емес. Мерей Қосын, Мұрат Қолғанат, Мирас Әбіл сияқты өсіп келе жатқан жас қаламгерлердің талпыныстары ерек, көзқарастары жаңашыл. Олардың бәрімен етене араласып тұрамын. Жас драматургтермен бірлесіп жұмыс істеу арқылы театрдың әлеуетін көтеруге мүмкіндік бар. Өнерді өрістету негізгі міндет. Бұрынғы пьесаларды өзгертіп қойғанға құмармын. Пьеса жоқ дегенге қарсымын. Пьеса жоқ болса, театр да жоқ болушы еді. Онда қазақ драматургиясы да жоқ болушы еді. Көп режиссерлер пьесаның жоқтығын айтып, шағымданады. Пьеса жоқ болса, прозаны ал да, оны лайықтап қой. Шетелдік драматургтердің шығармаларын алайық, біздің сана-сезімімізге сай келетін дүниелер көп. Ең бастысы, қызығушылық пен талпыныс керек.

– Театр өнерінің жілігін шағып, майын ішкен майталмандардың біразы: “Қа­зақ көрермені тым әсершіл, кө­біне-көп теа­тр­ға егіліп жылап қайту үшін ғана келіп жа­тады”, – дейді. Бұл бәлкім, ре­жис­сер­лердің де кінәсінен болар.

– Мен көр­ер­мен­нің интеллектуалдық деңгейінің биік бол­ғанын қалаймын. Олардың дүние­та­ны­мы мен фи­ло­софиялық тағылымын ойлы қо­йылымдар арқылы биік­тетуіміз қажет. Көрерменнің талғамымен де санасу маңызды. Қойылым барысында көрермендердің әсерлерін байқап отырамын. Қателіктерді жөндеуге тырысамын. Мәселен, “Мама” атты спектакльді қойдық. Ана мен бала арасындағы қатынас суреттеледі. Трагедиялық қақтығыс жоқ. Көрермендер залдан шыға бере, бірі аналарына хабарласып, енді бірі бір-бірлерімен құшақтасты. Пьесаны жаңаша бағытта сахналауға тырыстық. Тіпті, актерлердің суырып-салмалық қабілеттеріне де ерік берілді. Менің ойымша, кез келген өнер ұжымы “өз қазанында ғана қайнамай”, өзгелердің озық жетістіктерін бойға сіңіре білу керек. Сонда ғана деңгейі мен талғамы жоғары көрермен қалыптасады.

– Жуырда Ақтөбеде өткен республикалық театрлар фестивалінде “Үздік режиссерлік шешім” аталымы бойынша жеңімпаз атандыңыз. Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Жоспар көп. Мақсат біреу – театрдың сахнасында шектелмей, жаңа кеңістіктерді, бағыттарды, жанрларды игеруге күш жұмсау, тоқталмай, шығармашылық тұрғыдан толысу.

Әңгімелескен

Нұргүл ОҚАШЕВА.

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау