Солтүстік Қазақстан газеті

ОЙЛАСАТЫН МӘСЕЛЕЛЕР АЗ ЕМЕС

Печать PDF

Жаңа бағдарламаның жаңалықтарын ілкімді жүзеге асырудың мүмкіндіктері жергілікті жерлерде қалай қарастырылған деген мәселе төңірегінде ойласатын жайлар аз емес. Жаңа оқу жылына дайындық барысын зерделеу мақсатымен осы салаға жауапты адамдармен, ата-аналармен тілдесіп, бірқатар нысандарда болған едік.

argaiv1962

Заманауи компьютер, жылдам интернет желісі

түкпірдегі ауылдар үшін шешімін тапса, ғаламдық ақпараттық ресустарға деген қолжетімділік мүмкіндігі

арта түсері даусыз

Өз ойларын Елбасының: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстаздарға жүктелетін міндет ауыр», – деген пайымдармен сабақтастырған білім басқармасының мамандары мен жаңашыл педагогтер бүгінгі таңда білім беру жүйесі жаңаша ойлауға негізделген реформалар кезеңіне қадам басқанын, инфрақұрылымдық дамыту мен жаңартылған мазмұнға көшу басты басымдық болып табылатынын атап өтті. Бойында ұлттық, отаншылдық рухы жоғары, білігі мен білімі мықты қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу бағытында жергілікті жерде атқарылып жатқан шараларды кеңінен әңгімеледі.

Бүгіндері 505 білім мекемесі 70 мыңнан астам шәкіртті қабылдауға толық әзір. Оның ішінде 9,5 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 540 миллион теңге қарастырылған. Биыл инфрақұрылымдарды жетілдіруге 674 миллион теңге бөлінсе, алдағы екі жылда 820 миллион теңге бағытталмақ. «Мектепке жол» акциясы аясында тұрмысы төмен отбасылардың 8423 балаларына әртүрлі көмектер көрсетілген. Тегін ыстық тамақпен осынша оқушы қамтамасыз етіледі. Мектеп жанындағы интернатта тұратын 1566 тәрбиеленуші арнайы бөлінген көліктермен тасымалданбақ.

Бүгінгі күні Петропавл қаласындағы мектептерде орын жетіспейді. Балалар саны 3044-ке артып отыр. Келешекте 1800 балаға арналған Оқушылар сарайы салынып, IT-технологияларымен, робототехникамен жабдықталса, қосымша білім алуға жан-жақты жағдай жасалары анық.

Шағын жинақты мектептер қатарының артып келе жатқаны алаңдарлық жай. Білім басқармасының деректері бойынша қазір 413 білім мекемесі осы санатқа жатқызылып, 79 пайызды құраған. Салыстыру үшін айтайық, 2014 жылы 547 мектеп жұмыс істесе, қазір 505 болған. Биыл 11 бастауыш, 1 негізгі мектеп жабылды. Шағын жинақты мектептердегі білім сапасы әлі де талапқа сай еместігі талас тудыра қоймас. Әсіресе, педагогтерді қайта даярлау, жас мамандармен қамту өзекті мәселе саналады. Ұйымдастыру әдістері, кәсіби біліктілік оқытудың мазмұнымен үйлесе бермейді. Сондықтан білім беру проблемаларын дұрыс шешуде шағын жинақты мектептердің жұмысын терең ойластырып, дұрыс жоспарламайынша, педагогикалық шығармашылық әлеуетін қалыптастыру, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру қиын.

Сала мамандарының пайымдауынша, бұған дейін оқушылардың академиялық білім алуына үлкен мән беріліп келсе, енді баланың ойлау қабілетін дамытуға, оқу үдерісіне белсене қатысуға, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға, дербес шешім қабылдауға баса назар аударылмақ. Олай болса, заман талабына сай басқару мен білім сапасын жетілдіруде материалдық-техникалық базаның жабдықталуының, озық технологиялардың енгізілуінің орны ерекше. Аудандық оқу бөлімдері мен мектеп директорлары нақты жағдайларға негізделген әдіс-тәсілдер мен шараларды басшылыққа ала отырып, педагогикалық ұжымдарды жаңа талаптар үдерісіне икемдей білу міндетін бір сәт те естен шығармаулары керек. Қазір 169 миллион теңгеге мультимедиалық құралдар, 103 миллион теңгеге кең жолақты интернет желісі орнатылғанымен, істің жайы әлі де көңіл көншітпейтінін, артта қалып отырғанын ата-аналар, мұғалімдер тарапынан жиі естиміз. 1, 2, 5 және 7-сынып оқушыларының жаңартылған мазмұндағы білім алуға көшетінін, мектеп бағдарламасы бірнеше жаңа пәнмен толығатынын, 3 және 4-сынып оқушылары үшін «Ақпараттық байланыс технологиялары» пәнінің енгізілетінін ескерсек, келелі мәселелерді кешенді түрде шешпей болмайды.


Мектеп формасы, оқулық, маман мәселесі шешілсе,

оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудегі шығармашылық қарым-қабілет сапасы артары анық

Ата-аналар мен оқушылар үшін жылда қайталанатын «бас аурулардың» біріншісі – мектеп формасы. Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, оқушылар мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Десек те, бізге ақпарат ұсынған мамандардың ата-аналар тарапынан тігу сапасы жағынан арыз-шағымдар түскен емес деген тұжырымдарымен келісу қиын. Мектеп формалары келісімшарт бойынша тігілгенімен, сапа мен баға қолжетімділігі бәрін қанағаттандыра бермейтініне көзіміз жетті. Әсіресе, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін ауыр соғып отырған жайы бар. «Северный» тұрмыстық үйі ішінде орналасқан тігін фирмасында кезек қатары қалың. Алдын ала тапсырыс берілсе, 30 пайыздық жеңілдік қарастырылғаны құптарлық. Мұндағылар кешенді формалы киімнің 22-25 мың теңге тұратын матаның Ресейден әкелінуімен байланыстырады. Бұрынғы «Комсомолка» (қазіргі «Прогресс») фабрикасы оқушылардың формалы киімдерін тігуді тоқтатыпты. Сұраныстың жоқтығынан емес. Оның себебін технолог Райхан Сағындықова кәсіпорын күштік құрылымдар үшін киім тігетін салалық кәсіпорынға бейімделуімен түсіндірді. Балалар пальтосы мен курткасын талапқа сай тігіп жүрсе де, оқушылар формасына тапсырыс қабылдамайтыны түсініксіз.

Ал әзірге атауы ғимаратына ілінбеген, шалғайда орналасқандықтан табуы қиямет, бірақ атағы дардай тігін фабрикасы оқушылардың формалы киімдерін дайындағанмен, тапсырысты Астанадан ғана қабылдайтын болып шықты. Кәсіпорынның атқарушы директоры Александр Белоконенко фабриканың құрылғанына жартыжыл ғана болғанын, тапсырыстың көптігінен үлгіре алмай жатқандарын көлденең тартты. Өнімдердің сапасында мін жоқ. Бағасына келетін болсақ, әркімнің қалтасы көтере бермейтіні анық. Мәселен, «Сокирко» фирмасында балалардың галстугы 700-800 теңге болса, мұнда 1300-1800 теңге тұрады.

Біздіңше, жеңіл өнеркәсіпті, оның ішінде балалар киімін тігу үдерісін дамытпайынша, бағаның қолжетімділігі туралы айтудың өзі артық сияқты.

Екіншісі, оқулықтар мен оқу құралдары жайында. Биыл бұл салада біршама ілгерілеушіліктің бары байқалады. Жергілікті қазынадан 900 миллион теңге бөлініп, 18 баспамен 233 келісімшарт жасалған. Қажетті 677 мың оқулықтың 60 пайызы алынған. Біздіңше, осы бағыттағы жұмыстар әлі де ширатуды, жеделділікті қажет ететінін «Мағжан» кітап дүкенінде болғанымызда аңғардық. Осында кездестірген ата-аналармен сөйлескенімізде, тегін оқулықтар кей жағдайда оқу жылы басталғаннан кейін таратылатынына, тіпті, қаражатқа да таппайтындарына алаңдаушылық білдірді. Тапсырыс беру, тасып-жеткізу жүйесіне ертерек қамданса деген өтініштерін айтты. «Атамұра» баспасымен тығыз байланыс орнатқан дүкенде оқулықтар мен оқу құралдары мол болғанымен, ғимарат өте тар. Сол сияқты, оқулықтардың бағасы қымбат деген уәждің де жаны бар сияқты. Мәселен, «Әліппенің» орнына алғаш рет қолданысқа енгізілетін «Сауат ашу» кітабы – 2200 теңге, «Көркем еңбек» 1300 теңге тұрады.

Үшіншісі, жас мамандар тапшылығы. Бұл – өте көкейкесті проблеманың бірі және бірегейі. Мәселе өңір басшысы Құмар Ақсақалов төрағалық еткен жиында арнайы қаралып, кемшіліктерді түзетудің жолдары атап көрсетілген болатын. Қазір білім саласында 10247 мұғалім еңбек етсе, 59,5 пайызы жоғары және бірінші санатты иеленген. Әлі 74 орын бос тұр. Оның ішінде 19 математик, 11 ағылшын тілі, 12 орыс тілі мен әдебиеті, 8 бастауыш мектеп мұғалімі, 6 физик, 5 химик жетіспейді. Қазіргі таңда 228 мұғалім жұмысқа қабылданыпты. Алайда, олардың көбі елді мекендерге бара бермейтіні, тұрақтамайтыны, қалыпты әлеуметтік жағдайдың жасалмайтыны жасырын емес. Жастар үлесінің 3,8 пайыздан аспайтыны да ойландырмай қоймайды.

Осы жерде педагог тапшылығы толық шешілмей отырғанда жаратылыстану, математика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді даярлау жайы қалай деген заңды сұрақ туары анық. Аталмыш циклдің 159 мұғалімі ағылшын тілін оқыту курсынан өтуде, 96 ұстаз сертификат алған. Тағы 452 мұғалім әзірліктерін шыңдамақ. 57 мектепте қанатқақты факультативтік курстар жүргізіледі. Оның нәтижесі нақты қолданыстағы тәжірибеде белгілі болады. Әзірге сенімнен гөрі, күдік басым.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау