Солтүстік Қазақстан газеті

ИНВЕСТОРЛАРДАН КҮТЕРІМІЗ КӨП Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Асановпен сұхбат

Печать PDF

– Жеңiс Мұхтарұлы, ең алдымен, өңiрлiк кеңестің кезекті отырысын өткізудің негізгі мақсатына тоқталып өтсеңіз.

argaiv1428

– Бүгіндері Солтүстiк Қазақстан облысы – еліміздің экономикалық әлеуеті зор өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің даму қарқыны жоғары.

Өңірлік кеңестің мақсаты – облысымызға инвестиция тартуда кедергілерді жою бойынша бірлескен шешімдердің, жобалардың проблемалық мәселелерін қарау және талқылау, жаңа инвестициялық жобаларды іздестіру және іске асыру болып табылады. Былтыр кеңестің екі отырысы өтіп, Инвестициялық мәлімдемеге қол қойылды. Жұмыс істеп тұрған және ықтимал инвесторлармен өзара іс-әрекет жасау үшін Солтүстік Қазақстан облысының “Investinsko” атты инвестициялық порталы ашылды. Ол инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттері үшін бағдар болмақ.

Соңғы деректер бойынша үстіміздегі жылдың жеті айында облыстың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 8 пайызға өсіп, 78 млрд. теңгені құрады. Дегенмен, біз бұл межеде тоқтап қалмай, жаңа мүмкіндіктерді қарастыра беретін боламыз. Ал бұл ретте өңiрлiк кеңес отырысының оң ықпалы тиетіні сөзсіз.

– Өңіріміз үшін маңызды осы жиынға кімдер қатысады және бағдарлама бойынша қандай шаралар ұйымдастырылатын болады?

– “Open air” форматында өтетін шараға Германия, Голландия, Литва, Австралия, Қытай және тағы басқа шетелдердің үш жүзге жуық компанияларының өкілдері қатысады деп күтілуде. Бүгінге дейін тығыз әріптестік орнатып үлгерген Қытай Халық Республикасынан онға жуық компания келмек. Көршілес Ресейдің шекаралас облыстарынан да үлкен делегация қатысады.

“Green Park” демалыс аймағында өтетін пленарлық сессия барысында бiрлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшiн бизнес-байланыстарды жолға қою және әлеуеттi серiктестер мен инвесторларды iздеу үшiн “В2В/G2B” форматындағы диалог алаңы ұйымдастырылып, ынтымақтастық туралы екiжақты меморандумдарға, келiсiмдер мен шарттарға қол қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ, бірқатар кәсiпорындарға экскурсия жүргiзу аясында облысымыздың өндiрiстiк қуаттарын көрсететін боламыз. Шара аясында, сондай-ақ, жергілікті және шетелдік жобалар мен перспективалы ин­но­вациялық идеяларды таныс­тыратын көрме ұйымдастырылады. Шара барысында ауыл шаруашылығы, тау-кен салалары инвестициялық жобаларының көрмесі өтеді. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс материалдарын өндіру, энергетика және көліктік логистика жобалары таныстырылады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өтетін пленарлық отырыс барысында өңіріміздің экономикалық жағдайы, инвестициялық ахуалы қаралады. Сондай-ақ, инвестицияларды тарту бойынша үлесін қосып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі тілге тиек етіледі. Солтүстік Қазақстан облысының мүмкіндіктерімен кеңінен танысқан инвесторларға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер, қолдаулар туралы нақты айтылады. Пленарлық отырыстан кейін “Мәмбетов және К”, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестіктері, “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты өңіріміздің үздік агроқұрылымдар мен тауар өндіруші кәсіпорындар басшыларының қатысуымен өтетін панельді сессия барысында ауыл шаруашылығы саласының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ойларын ортаға салу мүмкіндігіне ие болады. Жеке бір панельді сессия энергетика саласындағы жобаларға арна­лмақ.

– Облысымызда инвестициялық саясаттың жүзеге асу барысы қандай? Бізде бұрынғыдан гөрі инновациялы бола түстік дегізетіндей нақты нәтижелер бар ма?

– Жалпы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасына 67 млрд. теңгенің 36 жобасы енген. Екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бүгіндері 21 жоба жүзеге асырылып, 700-ге жуық жұмыс орны құрылды. Оған 12 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйылды. Үстіміздегі жылы 150 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 6 млрд. теңгенің 8 жобасы іске қосылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республика өңірлері арасында бірінші орынға көтерілдік.

Облыс басшылығы тарапынан өңірімізге инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні өңірде шетелдіктердің қатысуымен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, қытайлық инвестор – “Айцзю” компаниясы Тайынша ауданында “Агроөнеркәсіптік парк” құрылысын жүргізуде. Оның құрамында өсімдік майын шығаратын зауыт, бордақылау алаңы, ет комбинаты, сүт және спирт зауыты жұмыс істейтін болады. Ауданның Ильичевка ауылында қытайлық компанияның қаржысына салынған май зауыты болашақта өңірдегі ірі өндіріс орындарының біріне айналмақ. Елбасының қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 300 мың тонна майлы дақыл тұқымын қайта өңдеуге жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысында балық шаруашылығын дамытудың, яғни балық өсірумен, оның өнімдерін өндірумен және ұқсатумен айналысудың мүмкіндіктері де зор. Бұл бағытқа Финляндияның “GeneralFinland” компаниясы қызығушылық танытып отыр. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда қытайлық инвесторлар бидайды терең өңдейтін зауыт салады. Ресейдегі “ЭФКО” компания тобы Тайынша ауданында қуаттылығы жылына 330 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт салуды қолға алса, “МЭЗ – СКО” ЖШС-і Петропавл қаласында жылдық қуаттылығы 500 мың тонна өсімдік майын өндіретін кәсіпорын құрылысын бастады. Ал италиялық “Il Trebbiolo” компаниясы Қызылжар ауданының әкімдігімен екіжақты келісімшартқа отырды.

“К-704-4Р “Батыр” брендімен тракторлар шығаратын Петропавл трактор зауытының ашылуы өңіріміз үшін үлкен жаңалық болғаны сөзсіз. Жер жыртатын, топырақты өңдейтін, коммуналдық қажеттіліктерге жарайтын көпбейінді трактордың құны осы санаттағы импорттық тракторлардан үш есе арзан, яғни шаруалар үшін қолжетімді. Зауыттың жылына 100 бірлік техника шығаруға мүмкіндігі бар. Өңірде ресейлік инвесторлармен бірлесіп қолға алынған кәсіпорынның тракторлары дала жұмыстарына қатыстырылып, сынақтан сәтті өтті.

Пайдалы қазбалар қорын игеру саласына халықаралық стандарттарды енгізу жөнінде жұмыс қарқын алған. Әлемдегi iрi цирконий және диакси титан өндiрушiсi болып табылатын австралиялық “Iluka Resources Limited” трансұлттық компаниясы Тайынша, Есіл, Уәлиханов аудандарында геологиялық зерттеу жүргізу жұмыстарына кірісті. Бүгінгі күні Ресей Федерациясы мен Орталық Азия өңірлерінің маңызды транзиттік көлік дәлізі болып табылатын облыс орталығында көліктік-логистика орталығын құру үшін Қытай компаниясы мен қазақстандық “Гранд Строй Астана” ЖШС келісімге келді.

– Ендігі кезекте өңірлік кеңес барысындағы көрмеде инвесторлардың назарына ұсынылатын инвестициялық жобаларға тоқталып өтсеңіз.

– Әдетте инвесторлар жеті рет өлшеп, бір рет кесуге бейімделген бизнес адамдары. Олар ұсынылған жобаларды терең зерттеп, ең алдымен, оның қайтарымын ойлайды. Сондықтан да біз бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Қазіргі уақытта біздер үшін өнім өндірумен бірге, оны өңдеу, шикізатты өзімізде пайдалану маңызды мәселеге айналуда. Сондықтан да осы жағына да ерекше көңіл бөлдік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты биылғы Жолдауында экономика арқа сүйейтін ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен шикізатты қайта өңдеу мәселесіне басымдық берілген. Осыған орай агроқұрылымдар егін алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп, майлы, дәнді және бұршақ дақылдарын өсіру мен өңдеу, қайта өңдеу саласын дамытуға көңіл бөлуде. Себебі, біз бұған дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат ретінде сатып келдік. Ал шикізат өңдейтін кәсіпорынның өзімізде болғаны әлдеқайда тиімді.

– Өңірлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша қандай ортақ жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде? Ірі жобаларын ұсынып жатқан шетелдік компаниялар бар ма?

– Шетелдік инвесторлар бізге бірнеше жобалары бойынша ұсыныс жасады. Олар, негізінен, агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қызығушылық танытуда. Жекелеген бағыттар бойынша қазірдің өзінде бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Дайындық жұмыстары жүргізіліп, құжаттар рәсімделуде.

Егер шетелдіктердің ұсынған ірі жобаларына тоқталатын болсақ, ресейлік инновациялық мұнай компаниясының бизнес-жобасын атап айтуға болады. Ресей Федерациясының кәсіпкерлері Айыртау ауданында май өңдейтін зауыт ашуға ниет танытып отыр. Кәсіпорын рапс, зығыр майын қайта өңдеу жұмыстарын жүргізетін болады. Жалпы құны 30 млрд. теңге тұратын серіктестіктің қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды. Дайын өнім Ресей мен Еуропа елдерінде саудаланбақ. Бүгінде болашақ жобаны жүзеге асыруға қажетті жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Басқосуда бұдан басқа да бірнеше ірі жобалар талқыланады.

– Жеңiс Мұхтарұлы, 2014 және 2016 жылдары Петропавлда өткен “Kyzylzhar Invest” халықаралық форумдарынан белгілі бір тәжірибелер жинақтаған шығарсыздар.

– Иә, “Kyzylzhar Invest” халықаралық инвестициялық форумдарын ұйымдастыру барысында біраз тәжірибе жинадық.

Үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық делегация Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында өткен жеті инвестициялық форумға қатысып, бірқатар меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасы павильонында Хайнань және Шаньси провинцияларының ресми аймақтарының ашылу салтанаты біздің өңір үшін жемісті болғаны сөзсіз. Бұл шаралардың аясында өткен Қазақстан – Қытай ынтымақтастық форумын атап өтуге болады. Экономиканың түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және жаңа байланыстар орнату жөнінде келіссөздер жүргізілген жиынның қорытындысында Қытайдың Шаньси провинциясының көмір өндірумен айналысатын бес ірі корпорациясының қатарына кіретін “Луань” таукен компаниясы біздің өңірмен әріптестік қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытты. Басқосудың соңында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен “Ишэбэй” ғылыми-техникалық корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Біз, сондай-ақ, облысымыздың инвестициялық ахуалы туралы ақпарат беретін таныстырылымдық материалдарымызды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған “KAZAKH INVEST” ҰК” акционерлік қоғамының павильонына қалдырдық. “ЭКСПО – 2017” көрмесіне келген шетелдік қонақтар инвесторларды тарту жөніндегі оператордың павильонында облысымыздың инвестициялық мүмкіндігі туралы ақпаратпен таныса алады. Қысқаша айтқанда, инвесторлардың облысымызда жұмыс істеуіне мол мүмкіндіктер бар. Барлық жобаларымыз инвесторлардың назарын аударады деп ойлаймыз.

Әңгімелескен

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау