Солтүстік Қазақстан газеті

Әр үйге жеткізуде

Печать PDF

Шал ақын ауданындағы Новопокровка ауылдық округіндегі ірі агроқұрылым “ТНС-2020” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бес ауылдың 159 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Егістік алқабы 23 мың гектарды құрайтын шаруашылық осыдан үш күн бұрын орақ науқанына кірісті. Тамыз айының басынан бері шөп дайындаушылар қызу еңбек үстінде.

argaiv1900

Серіктестікте еңбек ететін адамдардың қосалқы шаруашылықтарына қажетті мөлшерде мал азығын дайындап беру дәстүрі биыл да жалғасын табуда. Бүгінде бес адамнан құрылған топ күніне 200 центнер шөпті жинап, әр үйдің орамына жеткізіп беруде.

– Биыл шөп қалың шықты. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Жұмысымыз нәтижелі болған сайын көңіліміз де жайлана түседі. Бүгінге дейін Ақсу, Жаңасу, Еңбек ауылдарындағы жұмысшыларымыздың тапсырысын орындап, қажетті көлемде шөбін тасып бердік. Енді Ақбалшық пен Новопокровка ауылдарындағы әріптестеріміздің тапсырысын орындауға кірістік. Арасында серіктестіктің Семиполка ауылындағы малына шөп дайындап жатырмыз. Еңбеккерлеріміз 6 тонналық тіркемедегі шөпке 10 мың теңге ғана төлейді. Ал тоғыз тонналық 15 мың теңгеге түседі, – дейді серіктестік бригадирі Қанат Тоқышев.

Механизаторлар таңның атысынан іңірге дейін қос басында. Шөп тасымалдап жүрген екі трактордың әрқайсысы күніне қойма басына 4-5 рет қатынайды. Шабындық жерлер ауылдардан алыс болғандықтан, жолға уақыт көп кетеді екен. Малмен күндерін көріп отырған ауылдықтардың мінез-құлқын білетін олар жолдарын тосып отыратын жерлестерінің көңілін алаңдатпау үшін әр үйдің шөбін тез тасып беруге тырысып, тынымсыз еңбек етуде. Көкмайса шөптен кейін олар баршаға сабан тасып бермек. Жемазық дайындаушылардың жұмысы қар түскенше дейін жалғасатын болады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау