Солтүстік Қазақстан газеті

ӨҢІРДІ ДАМЫТУДА БЕЛСЕНДІЛІК ҚАЖЕТ

Печать PDF

Бүгінгі таңда өңіріміздегі орташа еңбекақы мөлшері республикалық көрсеткіштен 31 пайызға төмен. Ең жоғары еңбекақы Қызылжар ауданында тіркелсе, тайыншалықтардың кейбірінің “табан ақы, маңдай терінің” құны 40 мың теңгеге де жетпейді екен.

argaiv1428

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар маңызды мәселелер қаралса, соның бірі өңіріміздің өткен жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы болды. Облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Қалижановтың айтуынша, өңіріміз өнеркәсіп көлемі өсімінің қарқыны бойынша төртінші, тұрғын үйді пайдалануға беруде алтыншы, инвестиция тартуда сегізінші, ауыл шаруашылығын дамытуда тоғызыншы орынға тұрақтаған.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде ірі қара мал басы – 2, қой-ешкі – 1,7, жылқы – 2,7, құс – 6,8, шошқа 4,8 пайызға көбейіпті. Ет өндіруде Шал ақын ауданы алға шықса, тайыншалықтар көш соңында қалған. Тайыншалықтар сүт өндіру көлемі жағынан да соңғы орында.

Облыс бойынша құрылыс қарқыны көңілге қонымды болғанымен, жекелеген аудандардағы жағдай ортақ көрсеткішке көлеңкесін түсіріп отыр. Әсіресе, Аққайың ауданында құрылыс көлемі жеті пайызға төмендеген. Өңір экономикасын дамытар инвестиция тартуда да аудандардың әлеуеті толық пайдаланылмайды. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Уәлиханов ауданында инвестиция тарту көлемі 18 пайызға артса, Петропавлдың дәл іргесіндегі Қызылжар ауданы іскерлік аясын кеңіте алмай отыр.

Кеңес барысында “Электронды қылмыстық іс”, “Электронды әкімшілік іс”, “Құқықтық қызмет орталығы” жобалары таныстырылды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өңіріміздегі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Махаббат Кәрібайқызы әр жобаға жан-жақты тоқталды. Мәселен, “Электронды қылмыстық іс” бағдарламасы қылмыстың тіркелуінен бастап, оның тергелуі және үкім шығарылғанға дейінгі жұмыс үдерісін толық қамтиды. Бағдарламаны алғашқы болып – Астана қаласы мен Жамбыл, Атырау, Шығыс, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстары сынақтан өткізіпті.

Электронды қылмыстық істің тиімділігі қандай? Енді қылмыстық істі бұрмалау болмайды, істер жоғалмайды, қағазбастылықтан құтыламыз. Соттан санкция электронды түрде алынып, сараптама күшейеді. Әрбір қылмыстық іске терең үңіліп, мемлекет бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға мүмкіндік ашылмақ. Жәбірленуші, айыпталушы, адвокат істің қалай тергеліп жатқанын кез келген уақытта онлайн режімде көре алады. Электронды шағымдар модулі де қарастырылған. Тараптар тергеушінің іс-әрекетіне шағымданса, оны прокурор бірден онлайн арқылы тексере алады.

Үш жоба кезең-кезеңімен биыл және ендігі жылдың қаңтар айынан бастап республика аумағында жаппай қолданысқа енгізіледі.

– Бұл жұмыс тұрғындардың құқық қорғау және атқарушы жүйеге деген сенімін көтеруге бағытталған. Біз қызмет көрсету бойынша жұмыстарымызды жетілдіріп отыруымыз қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Отырыста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, рухани жаңғыру мәселелері жөнінде Бурабайда өткен кеңесте берген тапсырмаларын орындау жайы пысықталды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау