Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАҢҒЫРТУ — ЖАҢА БЕЛЕС

Печать PDF

 

argaiv1208

Кеше Жастар сарайында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Кеңес басталмас бұрын өңір басшысының назарына оқушылардың зерттеу еңбектері мен робототехника саласының жетістіктері ұсынылды.

“Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі” тақырыбында өткен педагогтер жиынына Білім және ғылым министрлігі Статистикалық жоспарлау және үйлестіру департаменті директорының орынбасары Бахтияр Маликов, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, білім беру ұйымдарының басшылары мен ардагер ұстаздар қатысты.

Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова ашып, өңір ұстаздарының өткен оқу жылында жеткен жетістіктерін саралап, алдағы міндеттерге тоқталды.

– Бүгіндері білім саласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты биылғы Жолдауы мен “Туған жер” бағдарламасында жүктелген міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл бізден жаңартылған білім беру мазмұнына көшуді жалғастыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және біліктілікті арттырудың үздік жүйесін қалыптастыруға бағытталған түбегейлі шараларды қолдануды талап етеді, – деді Гүлмира Райынбекқызы.

Облыстың бас педагогі жаңа оқу жылында өзекті болып табылатын мәселелер ретінде оқу үдерісіне осызаманғы технологиялар мен әдістемелерді енгізуді, педагогтердің кәсіптік біліктілік деңгейлерін арттыруды, дуалдық оқытуды, кәсіптік-техникалық білім алған түлектерді жұмыспен қамтуды атады.

Конференцияда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның білім бөлімінің басшысы Серік Алтаев білім беру жүйесінде жаңғырту міндеттерін жүзеге асыру жайында хабарлама жасады. Оның айтуынша, адами капитал сапасының жақсаруы – білім беру мекемелерінің жемісті еңбегінің көрсеткіші. Өткен оқу жылының басынан ауданда “Биоинформатика және синергетика” жобасы қолға алынған.

Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінің директоры Сағат Елеукина, ата-аналар қауымдастығының өкілі Наталья Беленкова, Шал ақын ауданындағы Қаратал орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Серік Сексенов өз жетістіктері мен тәжірибелерін ортаға салды. “Жолдасбай-Агро” шаруа қожалығының директоры Серік Жолдасбаев елді мекендердегі білім сапасы жергілікті кәсіпкерлердің қолдауының арқасында жақсаратынын айтса, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов білім саласына қатысты кейбір ойларын ортаға салды. “Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім”, – деп атап көрсеткеніндей, біз білекке емес, білімге сенетін заманда өмір сүріп отырмыз. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, азаматтардың білімімен өлшенеді. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт табысқа жетеді. Олай болса, біз бәріміз қол жеткен табыстар мен тәуелсіздік жылдары жинақталған тәжірибелерге арқа сүйей отырып, еліміздің алға қарай табысты ілгерілеуін жалғастыру үшін білім мен ғылымды өрлеу өзегіне айналдыруға тиіспіз”, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы Елбасы мақаласындағы бүкіл идеяларды оқу бағдарламаларына енгізу артық болмайтынын айтты. Білім және ғылым министрлігі Статистикалық жоспарлау және үйлестіру департаменті директорының орынбасары Бахтияр Маликов мүмкіндігі шектеулі балаларға кедергісіз ортаны қалыптастырудың, дарынды оқушыларға жағдай жасаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстың білім саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында еліміздің басым бағыттарының бірі білім саласы екендігін атап айтты. Облысымызда бұл бағытта атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ кейбір мәселелер де бар екенін жасырмауымыз керек. Облысымызда біраз жылдан бері балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен қамтамасыз ету өзекті болып тұр. Оған жыл сайын 2 миллиард 800 миллион теңге қаржы бөлініп келеді. Үстіміздегі жылы бұл мәселе түгел шешілмек. Бүгінде Петропавл қаласында балалардың 27 пайызы жеке балабақшаларда тәрбиеленеді. Біз осы жоба бойынша жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде аянып қалмаймыз, – деді Құмар Іргебайұлы. Облыс әкімінің айтуынша, білім сапасы емтихандардың нәтижесіне байланысты. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша облысымыз 16 өңірдің ішінде 15-орында тұр. Бірдей экономикалық жағдай болса да, Тимирязев ауданының орташа ұпайы – 79,9 балды көрсетсе, ақжарлықтар 64 балл жинаған. Бүгінде ҰБТ-ға жыл сайын түлектердің 40 пайызы қатыспайды. Биыл “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша өңірімізге 500-ден астам жас маман келеді деп күтілуде. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 500-ден астам грант бөлінді. “Біз жастардың өңірден алыстамай, қажетті білім алулары үшін барлық жағдайды жасауымыз керек”, – деді Құмар Ақсақалов. Сондай-ақ, облыс басшысы аудан, қала әкімдері мен білім беру мекемелері бірлесе жұмыс атқарып, дуалдық оқытуға, еңбек нарығына қажетті мамандық иелерін даярлауға баса назар аударулары қажеттігін қадай айтты.

Өңір басшысы жиын соңында облысымыздың үздік тәлімгерлерін марапаттады. Бір топ ұстаздарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты берілді. Сонымен қатар жеті ұстаз “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” атағына және “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісіне лайық деп танылды. Ал “Үздік білім беру ұйымы” деп танылған Сәбит Мұқанов атындағы Тимирязев орта мектебіне 800 АЕК мөлшеріндегі сертификат табысталды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау