Солтүстік Қазақстан газеті

ӘРДАЙЫМ КӨМЕККЕ ДАЙЫН

Печать PDF

argaiv1208

Құтқарушы мамандығын таңдаған адамның мінез-құлқын бақылап көрдіңіз бе? Олардың бойынан мейірімділік пен қамқорлықты, жігер мен батырлықты аңғаруға болады. Жұмыс барысында салқынқандылық таныту да оларға тән. Бұл мамандықты кез келген адамның игере алмасы анық.

Суда құтқару қызметін атқаратын жігіттер биыл да тынымсыз еңбек етті. Жаз бойы жағалаудан шықпаған олар өмірі қыл үстінде болған 35 адамды ажалдан құтқарып қалды. Құтқарушылар кезектесіп атқаратын қызметтері кезінде ауа райы қалай құбылып жатса да, жұмыс басынан табылады. Өз өміріне немқұрайды қарайтын біреу қауіпсіздік ережелерін сақтамай, суға түссе немесе балық ауласа құтқарып қалу – оларға міндет.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару жасағында алпыс құтқарушы еңбек етеді. Әрқайсысы бірнеше рет адам өміріне араша түскен жандар. Олжас Ережеповтің бұл қатарға қосылғанына биыл төртінші жыл. Оған дейін ол сүңгуір болған екен. Сүңгуір де мықты психологиялық дайындықты талап ететін қызмет. Осы төрт жылдың ішінде ол 22 адамның өмірін құтқарыпты. Осыдан екі апта бұрын жиырма жастағы бойжеткенді суға кетіп бара жатқан жерінен аман алып қалған болатын. Жаға-жайға неше түрлі мінезді адамдар келетіндіктен, жұмыс төзімділікті және қырағылықты талап етеді. Әр оқиғаның артын сәтті етуді ойлайтын құтқарушылар бұл жағдайда өздері туралы ұмытады.

– Жыл басынан бері 23 адам су айдынында қаза тапты. Адамды құтқара алмай қалған кезде қатты күйзелесің. Құтқарушы үшін өзі аман алып қалған адамның қуанышын немесе туыстарының ризашылығын көру бақыт, – дейді Олжас Төлегенұлы.

Бүгінде ол әріптестері Дәурен Алпысбаев, Бейбіт Елемесов, Дидар Нұрғалиевпен бірге облыс орталығының жанындағы Пестрое көлінің жағажайында қызмет атқаруда.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: құтқарушылар (солдан оңға қарай) Д. Алпысбаев, Д. Нұрғалиев пен топ жетекшісі О. Ережепов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау