Солтүстік Қазақстан газеті

ГЛАУКОМА — ҚАУІПТІ КЕСЕЛ

Печать PDF

argaiv1087

Қазақ “суқараңғы” деп атайтын, емделмеген жағдайда науқасты табан асты жолын көруден қалдыратын бұл кеселді медицина тілінде глаукома дейді. Глаукома неден пайда болады дегенге келсек, бұған көз ішіндегі қан қысымының өсуі себеп болады. Көз ішінің көтерілген қысымы төмендемесе, уақтылы ем қолданылмаса, бұл кесел көру жүйкесін түбегейлі құртып тынады. Сөйтіп, сырқат кісіні қараңғы түнектің ішінде қалдырады.

Көз ішінің қалыпты жағдайдағы қан қысымы 18-22 мм. сынап бағанынан аспауға тиісті. Бұл қысым көз ішіне сұйықтың жиналуы мен сыртқа шығуының тепе-теңдігі арқылы қамтамасыз етіледі. Осы тепе-теңдіктің бұзылуының салдарынан көру жүйкесі мен көздің басқа да құрылымдарына түсетін жүк ауырлайды. Қос жанардың қанмен жабдықталуы нашарлайды. Көздің көру қызметіне зақым келеді.

Аурудың басында көздің көруі нашарлағандай сезіледі де, содан бірте-бірте адамның қашықтан көру қабілеті кеми береді. Көз алдындағыны көрмейтін күйге түседі. Мұндай жағдайға жеткен глаукоманы емдеп жазу мүмкін болмайды. Сондықтан да бұл кеселді асқынып кетпей тұрғанда, алдын алу маңызды.

Ауру елеусіз басталады. Тіпті, көп уақытқа дейін сезілмеуі де мүмкін. Міне, оның асқынуына, науқасты кенеттен апатты күйге душар етуіне осы жағдай себеп болады. Кеселге ұшыраған адам оны сезбей тұрып-ақ, глаукомаға табан астында тап болады. Көз жарық дүниені көруден қалған бойда шаншып, суырып ауыруды бастайды. Мұндайда ауру көзді алып тастаудан басқа амал қалмайды. Көз дәрігерлерінің аурудың алдын алып, жанарыңызды жүйелі түрде тексертіп тұрыңыз, көзім сау екен деп опық жеп қалмаңыз деуі сондықтан.

Глаукома кеселіне негізінен 40 жастан асқандар ұшырайды. Олар жанарын міндетті түрде жылына бір рет болса да, тексертіп тұруы шарт. Бұл сырқатқа, әсіресе, қант диабетіне, атеросклерозға шалдыққандар көп ұшырайды. Сондықтан көру қабілетіне әрқашан мұқият көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ, тұқымында глаукомаға шалдыққан адамы барлар да бұл дертке жиі ұшырайды.

Суқараңғы кеселінің ашық бұрышты және жабық бұрышты деп бөлінетін екі түрі бар. Бұл екеуінің айырмасы жанардағы қысымды қалай көтеретініне байланысты. Мәселен, жабық глаукома кезінде көздегі сұйықтықтың сыртқа ағуы қиындайды, кедергіге ұшырайды. Сыртқа шыға алмаған сұйық сөйтіп көздің ішіндегі қысымды көтереді. Ал ашық бұрышты глаукома кезінде көздегі сұйықтың сыртқа шығу жолында кедергі болмайды. Бірақ жанардың сүзгілік қызметі бұзылады. Көздегі сұйықтың сыртқа шығуын да қиындатады. Мұның салдары да көз қысымының көтерілуін туғызады.

Суқараңғы кеселінің салыстырмалы түрдегі қауіптісі ашық бұрышты глаукома болып табылады. Өйткені, кеселдің бұл түрін байқау қиын. Ол науқасқа тек әбден асқынған кезде ғана білінеді. Ал жабық бұрышты глаукома кезінде көздің ішкі қысымы көтерілген сайын көзде ауру пайда болады. Науқастың көзінің алды тұманданып тұрады. Күнге немесе шамға қараған кезде көзінің алдында түрлі түсті шығыршықтар түзіледі.

Глаукома сырқатын мүлдем жазып жіберу мүмкін емес. Бұл ауру созылмалы болып табылады. Алайда, ем уақтылы басталған және жүйелі жүргізілген жағдайда кеселдің одан әрі дамуына жол бермеуге, науқастың көру қабілетін зақымға ұшыратпай сақтап қалуға болады. Оның негізгі емі көзге тамызатын тамшы дәрілер. Науқастың оны көбінесе ғұмыр бойы тамызуына тура келеді. Дегенмен, глаукома кеселі жас ұлғайған кезде өзінен өзі бәсеңдеуі мүмкін. Ондайда көздегі қан қысымының мөлшері қалыпты мөлшерден ауытқымайды, әрі қарай тұрақты сақталады. Сол себепті дәрі тамызудың қажеті болмай қалады.

Басқа дәрілер сияқты көзге тамызатын дәрілердің де жағымсыз әсері болуы мүмкін. Ондайда дәрі тамызғаннан кейін көздің іші дуылдап ауырғандай болады, қызарып кетуі ықтимал. Тіпті, кейде көзге тамызған дәрі жүректің қағуын туғызуы, басты ауыртуы да мүмкін. Мұндай әсер сезілген жағдайда дәрігерге айтуға тиіссіз. Ол оны басқа дәрімен ауыстырады немесе қосалқы әсерді жоюдың жолын айтады. Көз дәрігеріне көрінген кезде бойыңыздағы басқа да сырқаттарды айтқан жөн. Себебі, қант диабетіне, демікпеге, өкпенің созылмалы ауруларына, басқа да кейбір сырқаттарға көзге тамызатын дәрілер жағымсыз әсер етеді.

Глаукома кеселіне шалдыққан адам дастарқан мәзіріне де көңіл бөлу керек. Ас мәзірінен өрікті, картопты, бананды үзбеген жөн. Өйткені, бұл жеміс-көкөніс түрлерінде калий элементі мол, ол көзге де, жүрекке де пайдалы.

Глаукома кеселіне ем ретінде физиотерапия да, хирургиялық тәсіл де қолданылуы мүмкін. Олардан қауіптеніп, қашқалақтаудың жөні жоқ. Физиотерапия көру жүйкесінің жұмысын жақсартады. Көз торшасының қызметін қалыпқа түсіреді. Ал хирургиялық ем дәрінің шамасы жетпейтін кездерде қолданылады. Оны бүгінде тез әрі ауыртпай жасайтын жолдары көп. Дәрігер айтқан емдерді уақыт өткізбей қолдану керек. Өйткені, уақыт өткен сайын көзіңіз көруден біржола қалуы ғажап емес.

Әмина МӘДИЕВА,

облыстық аурухананың офтальмологы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау