Солтүстік Қазақстан газеті

ГҮЛГЕ ОРАНҒАН АУЛАЛАР

Печать PDF

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті”, – деген болатын.

argaiv1934

Жақында Мағжан Жұмабаев ауданының әкімдігі елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық тазалау бойынша үш айлық шараның қорытындысын шығарды. Осы шара кезінде қыруар жұмыстар атқарылған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Құсановтың берген ақпаратынан белгілі болғандай, үш айда аудан аумағындағы елді мекендерде 8940 түп ағаш отырғызылып, 3400 шаршы метр аумақ гүлзарға айналған. Оқу мекемелері 52 мың шаршы метр аумақты тазартып, 51 ескерткіш маңы абаттандырылған және 930 мың шаршы метр аула тазартылған.

Шараны қорытындылаған аудан басшысы Асқар Бегманов тазалықты ең бірінші, өз үйің мен аулаңнан бастау керектігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл әр адамның ар-ұятына байланысты. Сондықтан жұмыс істейтін ұйымның аумағын, бекітілген көшелерді абаттандыру, жалпы өмір сүріп жатқан елді мекеніңді таза ұстауға атсалысу – әрбір тұрғынның басты парызы болу керек.

Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Меймановтың мәліметі бойынша, тұрғындар учаскелік инспектор тарапынан жасалған ескертулерге түсіністікпен қарап, иелігіндегі аумақты абаттандыруға белсене араласқан. Сол себепті, жыл басынан бері аудан тұрғындарына айыппұл салынбаған. Үш айлық шара барысында 308 азаматқа ескерту ғана жасалған.

Жуырда Булаево қаласы әкімінің орынбасары Жанбота Қайыржановпен бірге аудан орталығын аралап, қаланы көркейтуге өзінің үлесін қосып жүрген азаматтармен кездестік.

Бірінші, Виталий Королевтің үй орамына соқтық. Ауласы таза, әдемі гүлдермен көмкеріп тастаған. Виталий Александрович кеңпейілді, жаны жомарт адам екен. Отағасының еңбекқорлығына бір тәнті болсақ, қазақ тілін жетік меңгергені тағы сүйсіндірді. Өзге ұлт өкілімен қазақша әңгіме-дүкен құрған қандай ғанибет?! Жайқалған гүлдердің арасында жануарлар мен құстардың ескерткіштерін орнатыпты. Ол өз үйінің ауласына ғана көңіл бөлмей, көшенің абаттандырылуына да қолғабыс жасап жүреді екен. Чехов көшесінің қиылысынан бастап үйіне дейін өз қаражатына қиыршықтас төсеген. Көршілерімен бірге көшені ретке келтірген. Одан үлгі алатындар аз емес. Виктор Андреевич пен Ирина Викторовна Поротниковалар да – басқаларға үлгі боларлық жандар. Олар да аула тұрмақ көше бойын таза ұстап, гүлзар отырғызып, автомобиль доңғалақтарынан жан-жануарлардың мүсіндерін жасап, сәулеттендіріп қойған. Бақшаларында өсіп тұрған алма, шие, мойыл сияқты ағаштардың жемістері айналаны одан әрі әрлендіре түседі.

– Зейнет демалысына шыққаныма төрт жылдан асты. Содан бері осы үйімнің маңын абаттандырумен айналысамын. Мен ғаламтордан әдемі суреттер тауып, оны жұбайыма көрсетемін. Ол соған қарап, пластикалық бөтелкелерден, резеңкелерден және тағы да басқа заттардан әртүрлі заттар жасайды. Менің ойымша, әр адам өзінің үйін, ауласын таза ұстаса, басқалары да оған тартылады. Осылайша, қаламыз да көркейеді, – дейді Ирина Поротникова.

Мұнай айдау станциясы аумағында тұратын Любовь Скок пен Жанна Морожниковалардың үйлеріне қарап, ертегінің ішінде жүргендей күй кешесің. Көшеде өсіп тұрған ағаштарды жан-жануарлардың суретімен безендіріп қойған. Есік алдында тас төсеніш, айналасы гүлзар. Әртүрлі гүлдің исі мұрын жарады. Екеуінің үйі мен ауласы бір-біріне ұқсас, бірақ әр үй иесі безендіруді өзінше жасаған. Мұндай әсемдік, ең алдымен, есік алдында ойнап жүрген немерелерін қуантады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында осындай патриоттарды, өз елін, жерін, қаласы мен ауылын сүйетін адамдарды үлгі етіп көрсету қажеттігін айтқан болатын. Елбасы: “Туған жерге деген сүйіспеншілік, бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді”, – деген болатын.

Жоғарыда сөз етіп отырған деректер атқарылып жатқан көп жұмыстың бір пұшпағы ғана. Алайда, біз өз еліміздің, қоғамымыздың, тіршілік етіп отырған ортамыздың гүлденіп тұруына атсалысуды міндет деп қана емес, азаматтық парыз деп те білуіміз керек. Елді мекендердің абаттандырылу жұмыстары айлық қорытындысымен ғана емес, күнделікті дағдыға айналдырған әдеттен көрінуі тиіс.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау