Солтүстік Қазақстан газеті

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КОЛЛЕДЖІ

Печать PDF

argaiv1208

Үдемелі білім стратегиясын жүзеге асырудың негізгі мақсаты бәсекеге қабілетті кәсіби мамандарды даярлау болып табылады. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту арқылы іске асырылады, еліміздің экономикасының дамуына, қазақстандық қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын, жастарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі осы міндетті жүзеге асыруға сүбелі үлес қосуда. Біздің колледж он төрт мамандық және біліктілік бойынша 1200-ден астам студент білім алатын оқу-өндірістік және әлеуметтік-педагогикалық кешен болып танылады. Колледждің алпыс жылдық тарихында еліміздің ауыл шаруашылығы, автокөлік, энергетика және білім беру, спорт салалары үшін он бес мыңнан астам маман даярланды. Олардың ішінен “СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Леонид Ларичев, Петропавл машина жасау колледжінің директоры Анатолий Фурманюк, “Дайындық-Агро” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов, Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің оқытушысы, профессор Серік Тойғамбаев, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорттық бағдарлаудан жетінші қысқы Азиада ойындарының жеңімпазы Аслан Тоқбаев сияқты азаматтардың есімін ерекше атап өтуге болады.

Соңғы жылдар ішінде білім бәйгесінде қол жеткізген жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, 2011 жылы колледж ауыл шаруашылығы саласы үшін кадрларды даярлау бойынша “Техникалық және кәсіптік білім берудің ең үздік оқу мекемесі” атты республикалық байқауда үшінші орын алды. Ал араға бір жыл салып, “Алтын сапа” байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.

Мамандарды даярлаудың сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық база нығайтылды. Білім ордасы өзінің алпыс жылдығын жаңа жетістіктермен қарсы алуды мақсат етеді. Және бүгінде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заман талабына сәйкес оқу орнында электрлі жабдықтау мамандығы бойынша дуалдық оқыту енгізілген. Болашақ энергетиктерді даярлаудың сапасын арттырудың қажеттілігі мен маңыздылығын есепке ала отырып, колледж “СевКазЭнерго” АҚ-мен дуалдық оқыту туралы шартқа қол қойды. Осы шарттың негізінде кәсіпорын колледж студенттеріне өндірістік тәжірибеден өту үшін жалақы төленетін жұмыс орындарын ұсынады. Акционерлік қоғамның күшімен колледжде оқу полигоны құрылды. Оның құрамында трансформаторлық-тарату құрылғылары, темір бетонды тіреулі жоғары, төменгі вольттік аспалы электр тарату желілерінің учаскелері бар.

“Жұмыспен қамту – 2020” және “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламалары аясында бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан келген елуден астам студент ел экономикасы үшін маңызды мамандықтар бойынша білім алуда.

2014 жылы түлектердің нақты кәсіби қызметке даярлығының сапасын арттыру мақсатымен колледжде “Кәсіпкерлік қызметтің негізі” атты бизнес-мектеп ашылды. Қазіргі уақытта білімін ұштаған он бір түлек өз кәсібінің маманы болды.

Дүбірлі додаларда жеңіске қол жеткізіп, соңғы үш жыл ішінде республика бойынша үздіктер қатарынан көрініп жүргендердің арасынан Максим Яварович, Гауһар Мусина, Елена Долгушина, Рузана Құсайынова, Серік Құлатаев, Ақбөпе Жүсіпова сияқты ұлағатты ұстаздардың есімдерін атап өтуге болады.

“Білімді ұстаздан – білікті маман” дегендей, оқу мен өнердің тізгінін қатар ұстаған студенттеріміз – біздің мақтанышымыз. Үмітімізді ақтаған жігерлі жастарымыз “Майские звезды”, “Пою мое Отечество...”, “КультУра!” фестивальдеріне қатысып, жеңіспен оралды. Жалпы білім ордасының қоржынында әртүрлі дәрежедегі марапат белгілері аз емес. Олардың барлығы ұстаздар мен студенттердің жемісті еңбегінің нәтижесі.

Саламатты өмір салтын ұстанатын студенттеріміз спорт бағытында да жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мәселен, студенттеріміз “Сұңқар” облыстық спартакиадасында спорттың жиырма бір түрінен өнер көрсетеді.

Осы салада қажырлы еңбек еткен әріптестерді еске алып, оларға тағзым ету үшін тәрбиелік мәні бар іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрады. Осы ретте аталмыш оқу орнына он жыл бойы басшылық еткен Сүйіндік Бегалинді еске алуға арналған жарысты тілге тиек етуге болады. Бұл жарыста ұжым мүшелері қарсыластарына дес бермей, футзалдан турнир жеңімпазы болды. Айта кету керек, команда соңғы жиырма жыл ішінде жалпы сынақта тұрақты көшбасшы болып келеді. Бұл да үлкен жетістік.

Білімнен, өнерден, спорттан алған асуларды санай берсек, саусақ жетпейді. Бірақ биылғы жылдың ең басты жаңалығы – ол Қазақстан бойынша “Жылдың үздік колледжі” атағына ие болғанымыз. Шара “Уақыт таңдауы – Выбор времени” біріккен жобасы аясында өтті.

Тұрақты дәстүрлер, жиналған тәжірибе, жоғары кәсіпқойлық және шығармашылық талпыну арқасында ұжым алдағы уақытта да үздіктер арасынан көрінеді деген сенімдеміз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар.

Жеңіс ӘБІЛМӘЖІН,

облыстық кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау