Солтүстік Қазақстан газеті

МЕЖЕ — БИІК, ЖҰМЫС ҚАРҚЫНДЫ

Печать PDF

Берекелі күз айлары да таяп қалды. Өңір диқандары үшін биыл күз қолайлы болатын түрі бар. Тамылжып тұрған тамыз айын дала жұмыстарына сәтімен пайдаланып қалуды ойлаған шаруалар күн-түн демей еңбек етуде.

argaiv1682

Қырдағы қызған еңбек дүбірін көзімізбен көрмек болып Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округіне бет түзедік. Ауылдық округтің аумағындағы бірнеше ірі агроқұрылымның қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс істеуде екен. Ең бастысы, меже – биік, жұмыс қарқынды.

Есімі елімізге белгілі кәсіпкер Еркебұлан Мәмбетов басқаратын “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі – осыдан тура жиырма жыл бұрын “Меңкесер” кеңшары негізінде құрылған облысымыздағы ірі агроқұрылымдардың бірі. Бүгіндері иелігінде 25 мың гектарға жуық егістік алқабы бар. Элиталы тұқым өндіретін шаруашылық мәртебесін алғалы гектар берекелігі 20 центнерлік межеден төмендеген емес. Еркебұлан Мәмбетов пен шаруашылықтың атқарушы директоры Арыстан Жүнісов бізді, ең алдымен, іргелі ауылға тұтқа болып отырған серіктестіктің техникаларымен таныстырды.

Күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары ойдағыдай жүргізілген. Биылғы науқанға агроқұрылымда барлығы 200-ге жуық техника жұмылдырылған, олардың бірқатары алымдығы кең заманауи шетелдік техника.

– Ауа райы тосын мінез танытпаса, науқанды 20 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндігіміз бар. Шаруашылықта алымдылығы жоғары шетелдік техникалардың кеңінен қолданылуы, диқандарға жасалған тұрмыстық жағдайлар, еңбек­ақылық үстеме сияқты шаралардың барлығы егін жинауды неғұрлым қысқа мерзімде әрі шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізеді деп ойлаймыз, – деген серіктестіктің бас директоры үстіміздегі жылы жалпы құны 150 миллион теңге болатын бірнеше жаңа техника сатып алынғандығын жеткізді. Бір “К-744”, екі “МТЗ” тракторлары және шөп жинайтын техникалар шаруалардың жылдағыдан да өнік нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік тудырары сөзсіз.

Серіктестікте сегіз жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Жеңіс Мәмбетов алқапқа шығатын техникалардың сақадай сай екендігіне сенімді.

– Осы уақыт ішінде техникалардан ақау табылып, сан соққан кезіміз жоқ. Мұнда жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Еңбекақымыз да ауыз толтырып айтарлықтай. Тіпті, науқан кезінде мол табысқа кенелеміз. Тек аянбай еңбек ету керек, – дейді ол.

Кәсіпорын шеберханасының ауласынан шығып, танап басына бет алдық.

– Жаз айларында молынан түскен жауын-шашын мен күн райының ыстық болуы алқапқа сіңірілген дәннің жақсы өсуіне зор септігін тигізді, – дейді Еркебұлан Нұрмағамбетұлы жайқалған егінге қарап көңілі көтеріліп. Диқандардың маңдай термен өсірілген астықты шашпай-төкпей жинап алуға ұйымшылдықпен жұмылғаны олардың ширақ қимылдарынан көрініп-ақ тұр. Егістік алқабындағы қаз-қатар ті­зілген “қыр кемелері” екі мыңға жуық гектар алқаптың астығын дестеге түсіріп үлгеріпті. Шаруашылықтың егін орағына тас-түйін дайындықпен кел­генін серіктестіктің бас агрономы Батыржан Сауытбаев айтып берді.

– Жұмысты бастағанымызға бүгін – бесінші күн. Бөлектеп орып жатырмыз, – деген ол 22 мың гек­тар алқаптың астығын оруға қырыққа жуық комбайнның, жиырма шақты шалғының, жүзге жуық жүк мәшинесінің, отыз алты трактор­дың қатысатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар серіктестікте тұрақты жұмыс істейтін 235 адамның күзгі орақ кезінде 270 -ке дейін көбейетінін айтты.

“Мәмбетов және К” командиттік серіктестігінің механизаторы Данияр Кукенов ауыл шаруашылығы саласына он екі жыл ғұмырын арнап, маңдай терін төгіп келеді. Бұрындары “Нива”, “Енисей” комбайндарын тізгіндесе, енді “Есіл-763" техникасын ұршықша үйіруде. “Қостанайда шығарылатын бұл комбайнның артықшылықтары көп. Ең бастысы, теріскейдің ауа райына лайықталып жасалған”, – дейді ол.

Шаруашылықтың “Бексейіт” бөлімшесіне жақындай бере ен далада thr3y жайылып жүрген табын-табын малды көзіміз шалды. Мұнда атакәсібімізді жандандыруға да ерекше мән беріліп, репродуктор шаруашылық ұйымдастыру қолға алынған. Соған орай 2012 жылы “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан етті бағыттағы 200 абердин-ангус тұқымды тайыншалар әкелініп, жергілікті жерге тез бейімделіп кетіпті. Жоба құны – 250 миллион теңге. Содан бері табынға бес жүзге жуық төл қосылған. Келесі жылы мал басын бір мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

– Оған толық мүмкіндік бар. Құнарлы жемазық жеткілікті. Мал шаруашылығы – халқымыздың ата кәсібі. Алдымызда өнімділігі жоға­ры, солтүстіктің табиғатына тө­зімді малды будандастыру, өңір­лік элиталық тұқымды өндіру мін­деттері тұр, – деді командиттік серіктестіктің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау