Солтүстік Қазақстан газеті

Дәстүрлі марафон

Печать PDF

argaiv1122

Жыл сайын дәстүрлі түрде тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтіледі. Биыл бұл мерекеге арналған шаралар легі жаппай жүгіру марафонымен басталды.

Саламатты өмір салтын насихаттаған дәстүрлі шараға бес жүзден астам қызылжарлық қатысты. Елбасының Жолдауын насихаттауды, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуді, бұқаралық спортты дамытуды, жастарды саламатты өмір салтына тәрбиелеуді мақсат еткен шара барысында мемлекеттік қызметшілер, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен жастар бір жарым шақырым қашықтықты бағындырды.

– Облысымызда спорт саласы даму үстінде. Жерлес спортшыларымыз республикалық және халықаралық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Бүгінгі шара да жастардың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді. Себебі, оның мақсаты – жастардың спортқа құлшынысын арттыру, тұрғындар арасында бұқаралық спорт түрін дамыту. Сол үшін қызылжарлықтарды осындай спорттық шаралардан қалыс қалмауға шақырамын, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.

Шара бағдарламасы бойынша қатысушылар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдынан бастап, шаһардың Пушкин, К.Сүтішев, М.Жұмабаев көшелерімен жүгіріп өтті.

Дәстүрлі шараға үзбей қатысып жүргендердің бірі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті басшысының орынбасары Елена Степаненко. Ол спортты жанына серік еткен адам өмірдің әр саласында жеңістерге жетеріне сенімді. Елена Степаненконың айтуынша, бүгіндері департамент қызметкерлерінен волейбол командасы жасақталған. Сондай-ақ, аптаның әр сәрсенбісі спорт күні болып белгіленген.

Спорттық шараның соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау