Солтүстік Қазақстан газеті

“ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІМ ӘЛІ АЛДА”

Печать PDF

Жуырда солтүстікқазақстандық кәсіпқой боксшы, аса жеңіл салмақтағы WBA белбеуінің иегері Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) пен IBF тұжырымдамасының чемпионы Райан Барнетт (17-0, 9 KO) арасында жекпе-жек өтетіндігі белгілі болды. Бокс кеші 21 қазанда Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында, яғни Райанның туған жерінде өтпек. Жеңімпаз негізгі екі тұжырым бойынша чемпион атанбақ. Осыған орай, жыл басындағы жеңісінен кейін облыс орталығындағы бокс мектебінде жаттығып жүрген Жанат Жақияновпен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

argaiv1322

– Жанат Ескендірұлы, сонымен кезекті қарсыласыңыз анықталды. Ендігі кезекте көпшілікті “Райан Барнетт деген кім?” деген заңды сұрақ мазалайтыны сөзсіз. Болашақ қарсыласыңыз жайлы бар мағлұматыңызбен бөліссеңіз.

– Райан Барнетт өз салмақ дәрежесі бойынша “BoxRec” сайты мен “The Ring” журналының рейтингінде бесінші орында тұр. Ал мен болсам бұл рейтингте сәйкесінше он бірінші және үшінші орында тұрмын. Яғни, деңгейлеріміз шамалас. Осы салмақтың өзінде әлемде мыңнан астам кәсіпқой боксшы бар екенін ескерсек, екеуіміздің деңгейіміздің қандай екенін түсінуге болады. Екеуіміз де оңқаймыз. Әрі бір-бірімізді жақсы танимыз. Бұған дейін талай спарринг кездесулер өткіздік. Яғни, бір-біріміздің әдіс-айлаларымыз бен қарым-қабілеттерімізді жақсы білеміз. Барнеттің аяқпен жұмыс істеуі, қорғанысы, қарсыласын сезінуі, жылдамдығы жақсы. Ашық жүріп жұдырықтасқанды жақсы көреді. Алайда, соққысы жойқын дей алмаймын. Кәсіпқой бокста жеңіліс тауып көрмеген.

– Спортсүйер қауым сізді техникасы мен физикасы қалыптасқан, рухы мықты жігіттердің бірі ретінде таниды. Спорт мамандары бокстасу өнеріңізді жеке бапкеріңіз, кәсіпқой бокс әлеміне белгілі Рикки Хаттонға ұқсатады екен. Десе де, алдағы кездесуден не күтесіз?

– Бұл жолы Райанға өз үйінде, жергілікті жанкүйерлер алдында бокстасқан ыңғайлы болғалы тұр. Бұл оған психологиялық артықшылық сыйлауы мүмкін, алайда, мен де қарап қалмаспын. Бұл кездесуде жеңіске жетсем, орта салмақтағы WBC, WBA super және IBF тұжырымдарының чемпионы Геннадий Головкиннен кейін кәсіпқой бокста екі негізгі чемпиондық белбеуге қол жеткізген екінші қазақстандық боксшы атануым ғажап емес.

– Кәсіпқой бокста чемпиондық белбеу иеленген боксшылар тізімінде жеті қазақстандық бар. Белбеуі саны жағынан тек орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO белбеулерінің иегері Геннадий Головкинге (36-0, 33 КО) ғана жол беріп тұр екенсіз.

– Бокс – қазақтың маңдайына біткен берекелі спорт түрлерінің бірі. Әуесқой бокстың ұландары жазғы Олимпиада ойындарынан алтынсыз оралмайды, кәсіпқой бокста да намысымызды жанып жүргендер жетерлік. Екі мыңыншы жылдардың басында кәсіпқой бокс десе, Василий Жиров пен Марат Мәзімбаевтың есімдері ауызға ілігетін. Бүгіндері кәсіпқой шаршы алаңнан нәсіп терген өр тұлғалы жігіттеріміз көбейді. Жалғыз Геннадий Головкиннің (GGG) өзі Қазақстанның атын айдай әлемге танытуда. Бірақ кәсіпқой бокс дегеніңіз – ұзақ жыл тер төгуді талап ететін, бір жекпе-жектің өзінің жыры бірнеше айға созылатын, қазіргі кезде ақша мен шоу таразы басын басқан күрделі спортқа айналды. Осындайда 33 жастағы былғары қолғап шебері, бірінші ауыр салмақ дәрежесінде тұрақты әлем чемпионы Бейбіт Шүменовті атап өтпеуге болмайды. АҚШ-тың төрінде қарсыласын ауыр соққыларымен жайратып жүрген, шаршы алаңда 22 кездесу өткізіп, 18-ін нокаутпен аяқтаған Қанат Исламның өзі бір төбе. Ол – бірінші жартылай орта салмақта WBO Inter-Continental және WBA Fedelatin чемпионы. Одан басқа жартылай орта салмақта Александр Журавский (WBO Oriental), екінші жеңіл салмақта Бекман Сойлыбаев (WBC Eurasia Pacific Boxing Council, WBA-NABA USA), бірінші ауыр салмақта Иса Ақбербаев (Global Boxing Counsil) ел намысын қорғап жүр. Яғни, қай салмақта болсын чемпиондықтан кенде емеспіз. Қазақстандықтардың жеңісті де табысты жолы қуат берді ме, соңғы жылдары боксқа келуші жастардың қатары көбейді.

– Жанат Ескендірұлы, 2007 жылдан бастап кәсіпқой шаршы алаңда жұдырықтаса бастағаныңызды білеміз. Оқырмандарға бокстағы бағыңыздың қалай ашылғанына тоқталып өтсеңіз.

– Бокста бірден жолым ашылды дей алмаймын. Бүгінгі жетістіктерімнің барлығы жаттығу залында төгілген қара тердің нәтижесі. Спорттық мансабымда биік шыңдардан көріну үшін әлемнің ең үздік бапкерлерінен тәлім алу қажеттігін түсінгеннен кейін 2008 жылы АҚШ-қа баруға бел будым. Шетте жүрген төрт жылдың ішінде тәжірибе жинап, боксшы ретінде қалыптаса бастадым. 2011 жылы Швейцарияның “Salle du Bourg” аренасында өткен жекпе-жекте спорттық мансабымдағы ерекше оқиға орын алды. Шаршы алаңда Бенджамин Питтелудті екінші раунда жеңгеннен кейін, кезінде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған, бүгінде танымал промоутер Рикки Хаттонмен келісімшартқа отырдым. Негізгі жаттығуларым Ұлыбританияда өтеді. Белгілі бір жекпе-жек аяқталғаннан кейін бапкерлерімнің рұқсатымен 1-2 айға елге ораламын.

Жекпе-жек алдындағы дайындық кезеңінде міндетті түрде промоутерлік компаниядағы бапкерлерімнің көмегіне жүгінемін. Олар қарсыласқа қарсы қалай дайындалу керектігін, қандай тактика ұстану қажеттігін түсіндіреді. Солар құрып берген бағдарлама бойынша жаттығамын. Көп жағдайда менеджерлерімнің жұмысына араласа бермеймін. Қандай қарсылас таңдайды, жекпе-жек қай жерде өтеді, оның ақшасы қалай белгіленеді, қандай титулдар сарапқа салынады, барлығы компания мамандарының атқаратын жұмысы. Ал менің міндетім – шаршы алаңға шығып, жеңіске жету.

– Жылдың басында АҚШ-тың Огайо штатында америкалық Роуши Уорренді жеңіп, WBA нұсқасы бойынша “Супер чемпион”, IBO тұжырымы бойынша чемпион атанғаныңызда ел болып қуандық.

– Роуши Уоррен – ұзақ уақыт бойы әуесқой бокспен шұғылданып, жазғы Олимпиада ойындарына үш мәрте қатысқан тәжірибелі боксшы. Кәсіпқой бокста өзін жақсы қырынан танытып үлгерген ол 17 кездесу өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен. Бірақ оның атағы мені еш сескендірген жоқ. Бапкерлерімнің тактикасын ұстанып, жеңіске жетудің амалын жасадым. Соңғы гонкқа дейін басымдық танытуға барымды салдым. Соның нәтижесі болар, төрешілер ұпай саны бойынша жеңісті маған берді. Бұл жеңістен кейін еңбегімді бағалаған облыс басшылығы үш бөлмелі пәтер берді. Бір атап өтерлігі, мен шетелдік боксшылар сияқты өз-өзімді жарнамалап, болашақ қарсыласыма айбат көрсетуден аулақпын.

Әзірге тек ойлайтыным бокс қана. Менің спортшы ретінде қалыптасуыма үлестерін қосқан Владимир Чернышков пен Александр Лебедевке өмір бойы қарыздармын. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Өкінішке қарай, сіздің есіміңіз тек чемпион атанғаннан кейін елге кең таныла бастады. Бүкіл әлем назар аударған чемпиондық кездесуіңіз де отандық телеарналардан көрсетілмей, ғаламтордан тамашалауға мәжбүр болдық. Бұл жарнаманың аздығына байланысты болды ма?

– Менің ойымды дөп бастыңыз. Отандық арналарда Сергей Ковалев, Мэнни Пакьяо, Василий Ломаченко, Владимир Кличко сияқты шетелдік кәсіпқой боксшылардың кездесулері үнемі көрсетіліп жүргенін білеміз. Аталған боксшылар шынында да мықты. Дегенмен, өз елімізде де талай белестерді бағындырып жүрген саңлақтар бар. Осындайда өз спортшыларымызға бірінші кезекте орын берілгені жөн деп санаймын. Телеарналарымыз рухты, еңбекқор жігіттеріміздің шаршы алаңдағы кездесулерін алдағы уақытта тікелей эфирде көрсетіп тұрады деп үміттенемін.

– Жанат Ескендірұлы, шаршы алаңда жұдырықтасқыңыз келетін қарсыласыңыз бар ма?

– Аса жеңіл салмақта Райан екеуімізден басқа тағы екі негізгі чемпион бар. Олар – “WBC” және “Ринг” журналының чемпионы Синсукэ Яманака мен WBO белдігінің иегері Золани Тете. Бұл чемпиондармен кездесудің де ауылы алыс емес. Әсіресе, жапониялық боксшымен біріккен жекпе-жек өткізгім келеді. Ол өте тәжірибелі қарсылас, 28 жекпе-жегінің 26-сында жеңіске жеткен. Менің жұлдызды сәтім әлі алда. Мақсатым – өзге чемпиондармен кездесіп, белбеу санын көбейту.

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау