Солтүстік Қазақстан газеті

ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

Печать PDF

“Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты әр қазақстандық үшін маңызды құжат – Мемлекет басшысының Жолдауында ішкі, сыртқы саясаттың негізгі бағыттары айқындалып, әр салада атқарылатын міндеттер және елдің алдағы уақытта дамуының бағыттары белгіленді.

argaiv1900

Үстіміздегі жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанына 26 жыл толады. Қазақстан халқы жаңа қоғамның қалыптасу кезеңінен өтіп, жаңару мен жаңғыруға, дамуға бет алды. Өткен жыл еліміз үшін табысты болғаны сөзсіз. Индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығының басты қорытындысы – экономикалық өсуде елеулі құрылымдық өзгерістердің басталуы болды. Сол сияқты экономика емес, білім беру мен мәдениет, рухани салаларында, әлеуметтік өмірде, заңдылықты сақтау мен құқық қорғауда көп ілгері жылжыдық. Мұның бәрі жан-жақты ойластырылған, сараланған жоспардың, бағдарламалардың, оны орындау жолындағы бүкілхалықтық жұмыстың нәтижесі.

Елімізде тұңғыш рет “Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы” Заң қабылданып, бақылау жүргізудің барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ қағидасы мен тәртібі белгіленді, меншікті қорғаудың құқықтық тетіктері енгізілді. Сондай-ақ, облыста адамдардың кәсіпкерлікпен айналасуын оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді жою бағытында көп жұмыс атқарылды. Нәтижесінде заңды тұлғаларды тарату үдерісін оңтайландыру бойынша заң актілеріне тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында еліміздің дамыған 50 мемлекеттің қатарына кіргендігін айтты. Енді біз әлемнің дамыған 30 озық мемлекетінің қатарына қосылуымыз керек. Бұл мақсатқа жету үшін біздің өңірімізде де сындарлы жұмыстар қолға алынуда.

Атап айтқанда, облысымызда республика бойынша алғашқылардың бірі болып АХАЖ-дың электрондық мұрағаты жасалды. Ол мұрағаттық құжаттарды алуды жеңілдетіп, уақыт үнемдеп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырды. Мәселен, былтыр АХАЖ-да туу бойынша – 7913, өмірден өткен – 6900, әке болған – 1419, бала асырап алған – 44, аты-жөнін өзгерткен – 212 адам, некелескен – 3682, ажырасқан 2090 жұп тіркелді.

Жылжымайтын мүліктерді тіркеу саласында да оң өзгерістер бар. Елбасы биылғы Жолдауының бесінші басымдығында елімізде жекеменшікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізіліп жатқанын айтып, Үкіметке жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырды. Осыған орай, мемлекеттік қызметтің жартысынан көбі баламасыз негізде көрсетіліп, лицензиялау, жылжымайтын мүлік, заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы қызметтер электрондық түрге ауыстырылды. Бұл қызмет түрінде өтініш беруші мен тіркеуші арасында тікелей қатынас болмайды, яғни сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Нәтижесінде жылжымайтын мүлік кепіліне тіркелген шарттарды беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Біздің басқарма көрсететін мемлекеттік қызметтерде тұрғындарға жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу бойынша қызметтердің үлес салмағы зор. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында қалалық әділет басқармасына мемлекеттік тіркеу бойынша 11896 өтініш келіп түсті. Соның 3583-і мемлекеттік тіркеуден электрондық жүйе арқылы өтті. Ал заңды тұлғалардан түскен 597 өтініштің 179-ы электрондық форматта түсті, ал 102 өтініш кері қайтарылды.

Мемлекет басшысы Жолдауларында әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру қажеттігін айтып, әкімшілік айыппұлдардың әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиістігіне назар аударған болатын. Осы бағытта да жұмыстар атқарылуда. Жылжымайтын мүлікке құқықты рәсімдеу мерзімін кешіктіргендер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 460-бабына сәйкес жазаға тартылады. Заңнама бойынша жеке тұлғаларға – он, ал заңды тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында әділет басқармасы жылжымайтын мүлікке құқықты рәсімдеу мерзімін кешіктіргендерге қатысты 110 әкімшілік іс қозғады. Жалпы 89 жеке және 21 заңды тұлғаға 1,9 млн. теңгенің айыппұлы салынды. Ал жеті әкімшілік іс тоқтатылды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әділет органдары атқарушылық билік органы ретінде мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету міндетін жүзеге асырады. Яғни, азаматтардың, лауазымды тұлғалардың және мекемелердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Біздің жұмысымызды, ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін бағалауда халықаралық ұйымдар және агенттіктер жасайтын рейтингтердің маңызы зор. Олардың ішіндегі ең беделділері – “Doing-Business” және Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі болып табылады. Соңғы зерттеулердің қорытындысы бойынша Қазақстан бұл тізімде 35-орында тұр. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, біз сегіз орынға жоғары көтерілдік.

Дүниежүзiлiк экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк индексiнде Қазақстанның орнын жоғарылату үшiн Әділет министрлігіне – “Зияткерлік меншікті қорғау”, “Меншіктік құқық”, “Заңдылықта таласты мәселелерді шешу тиімділігі”, “Заңдылықта әкімшілік тәртіпке салуды даулау тиімділігі” индикаторлары бекітілген. Осыған байланысты бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша барлық қызметкерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Әділет жүйесінде жүргізілген реформалар Мемлекет басшысы мен Үкіметтің әділет органдарына артып отырған зор сенімінің белгісі. Бүгіндері әділет органдарының маңызы артып, олардың қызметтерінің аясы кеңейе түсуде. Әділет органдарының қызметкерлері Елбасымыздың Жолдауларында айқындалған барлық тапсырмаларды орындауға білім-білігін, күш-жігерін жұмсап келеді. Алдағы уақытта да біз осы бағыттан айнымаймыз.

Асқар ӨРІКБАЕВ,

Петропавл қалалық әділет басқармасының басшысы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау