Солтүстік Қазақстан газеті

Үздіктерге құрмет

Печать PDF

Спорт күніне орай Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен салтанатты жиында Азия, әлем біріншіліктерінде, Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, тәуелсіз еліміздің атағын әлемге паш етіп жүрген солтүстікқазақстандық спортшылар марапатталды.

argaiv1934

Облыс спортшыларына өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізген облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап айтты.

– Бүгін саламатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірлік серік еткен азаматтардың кәсіби мерекесі. Қазір бұқаралық спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтардың саны 170 мыңнан асып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың 30 пайызы дене шынықтырумен айналысуы керек деген тапсырмасы облысымызда орындалды. Өңірімізде спорттық инфрақұрылымдар нығайтылып, жаңа нысандар салынуда. Үстіміздегі жылы Уәлиханов ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Алдағы уақытта осындай спорт нысандары Талшық ауылында және Булаево қаласында салынатын болады. Облыс орталығында заманауи теннис орталығы салынып жатса, “Қарасай” мен “Жастар” стадиондарында жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Салтанатты шара барысында жерлес спорт саңлақтарының толымды жетістіктері туралы сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Бүгінде 356 жерлесіміз еліміздің құрама командаларының сапында өнер көрсетуде. Жыл басынан бері олар республикалық және халықаралық сайыстарда әртүрлі деңгейдегі үш жүзден астам медальға ие болды. Соңғы жылдары облысымызда алты спорт клубы ашылды. Жерлестеріміз Алматыдағы XXVIII дүниежүзілік қысқы Универсиада мен Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында сәтті өнер көрсетті.

Салтанатты жиналыс барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы, еңбек сіңірген спорт шебері Виктор Сайкоға Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы белгісі табысталды. Өңірімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ жаттықтырушы мен спортшы облыс әкімінің, Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, әйелдер арасындағы жоғары лига командалары арасындағы XXV ел біріншілігінде жеңімпаз атанған “Қуаныш” волейбол командасы мен “Ақ бидай” облыстық ауыл спорты мерекесінде үздік үштіктен көріне білген Тайынша, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың өкілдері марапатқа ие болды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

(Спорт күніне арналған материалдарды газетіміздің 5-бетінен оқи аласыздар).

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау