Солтүстік Қазақстан газеті

Мақсаты — олимпиадаға жолдама алу

Печать PDF

argaiv1087

Бүгіндері елімізде спорттың бокс, ауыр атлетика және велоспорт сияқты түрлері жақсы дамып келеді. Талай додалы сайыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген жастар аз емес. Бәсекеге түскенде барын салатын жандардың бірі – жерлес велошабандоз Махаббат Үмітжанова. Ауылдан шығып, велосипедімен Еуропаның бірнеше шақырым тасжолдарын бағындырған спортшымен әңгімелескен едік.

– Велоспортқа қалай келдіңіз?

– Мен Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылының тумасымын. Кішкентай кезімде велосипед тебуді мүлдем білмейтінмін. Ағам Дидар үйрете бастаған жылы (ол кезде 13 жастамын) мектебімізге Петропавл қаласынан веложаттықтырушы Виктор Потапов келіп, мені облыс орталығына оқуға шақырды. Сөйтіп, мен Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқуға ата-анамның келісімін алдым. Мұнда жаттығу күніне екі рет болатын. Сол себепті велосипедті тез тізгіндедім. Бұл спорттың қыр-сырын үйретіп, спортқа баулыған Виктор Иванович уақыт өте келе менің жеке бапкерім болды. Велоспорт жарақаты көп спорт түрі ғой. Алғашында құлап қаламын деп қорқатынмын. Бірақ жарыс барысында бәрі болады. Уақыт өте оған да үйрендік. Алғашқы жарысым Петропавлда өтті. Шыны керек, қатты қобалжыдым. Есім шығып, педальды қатты айналдыра бергенім әлі күнге дейін көз алдымда. Осының арқасында берілген уақытта мәреге жеттім. Бұл жарыстан кейін бапкерім мені басқа қалалардағы додаларға қоса бастады.

– Жетістіктеріңіз жайлы айта кетсеңіз...

– Ата-анам мен тәлімгерімнің үмітін ақтап, алдымен облыстық, кейін республикалық, халықаралық жарыстарда талай мәрте жүлделі орындарға ие болдым. Былтырғы жылдың өзінде бірнеше рет топ жардым. Қазақстанның қысқы чемпионатында топтық жарыста бәсекелестерімді шаң қаптырып, бірінші орынды иелендім. Ел біріншілігінде жарыстың жекелей түрінен күміс жүлдені қанжығама байладым. Қытайда өткен “Tour of udon” халықаралық веложарысында 12-орынға қол жеткіздім. Шамалы уақыттың ішінде спорт шебері атандым. Былтыр Бахрейнде өткен Азия чемпионатында 4-ші келдім. Биыл Ұлттық біріншілікте жекелей сында қола медаль бұйырды.

– Спортпен қатар білім алуға да ұмтылу ләзім. Мұны да қаперіңізден шығармайтын шығарсыз?

– Әрине! Жоғары білімді Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде алдым. Мамандығым – дене шынықтыру мұғалімі және жаттықтырушы.

– Белгілі “Аstana women team” командасына қалай мүше болдыңыз?

– 2012 жылы Талдықорған қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығына шақыртылдым. Ал екі жылдан кейін ұлттық “Astana BePink” әйелдер құрамасына қосылдым. Жыл өткен соң команданың аты “Astana-Acca Due O” болып өзгергенімен, 2016 жылы “Аstana women team” брендімен жаңа маусымды бастадық. Командамыздың бас менеджері – Олимпиада чемпионы Зульфия Забирова. Менен басқа Қазақстан атынан Наталья Сайфутдинова, Жанерке Санақбаева, Татьяна Генелева, Амилия Искакова, Рината Ахметча сияқты қыздар өнер көрсетеді. Бәріміз Италияның Монтебеллуна қаласында бірге жаттығамыз. Мақсатымыз 2020 жылы өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алу.

“Аstana women team” жобасы бізге үлкен мүмкіндік сыйлады. Бұрын тек ғаламтор арқылы тамашалаған жарыстарда қазір елімізден бес бірдей спортшы бақ сынап жүр. Маусым соңына дейін жарыстардың барлығы Еуропада өтеді. Қыркүйек айында Норвегияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу басталды. Егер бапкерлер лайық деп таныса, ел намысын қорғаймын.

– Спорттың арқасында бірқатар елде болу бақыты бұйырыпты.

– Ұлттық құрама сапында Қытай, Франция, Италия, Ресей, Вьетнам секілді елдерде бақ сынадым. Әр жарыста кем дегенде 100 шақырымдай жолды бағындыруға тура келеді. Ол жерде бір спортшының ғана емес, Отанның намысы сынға түседі. Сондықтан бойдағы қуаттың бәрін сарп етуге дайын боламыз. Осындай шоқтығы биік елдерде туған жердің абыройын арқалап жүргенімді мақтан тұтамын.

Әңгімелескен

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: М.Үмітжанова (оң жақта) әріптестерімен бірге.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау