Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАЛДЫҚТЫ КӘДЕГЕ АСЫРЫП...

Печать PDF

argaiv1900

Бүгінде өз ісін ашамын деген жасқа мемлекет тарапынан қолдау бар. Менің қала қоқыстарын іріктеп, сұрыптайтын кәсіпорынды ашқаныма көп уақыт болған жоқ. Қоқыстарды реттейтін “ноухаумен” АҚШ-та танысып, елге оралған соң ойымдағымды жүзеге асыра бастадым. “Даму” қорының “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктен алған несиеме демеу-қаржылық және кепілдік қолдау көрсетілді.

Алғашқыда қалдықтардың көлемі аз болса, кейін жұмыс күші артқан соң кәсібіміз кеңейе түсті. Бүгінде 20-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Біз қоқыстарды сұрыптап, керекті жерге жөнелтеміз. Осының арқасында тұрмыстық қалдықты өңдейміз. Облыс орталығындағы сауда орындарының жанынан төрт нүкте ашып, тұрғындардан макулатура, пластик бөтелкелер және қолданыстан шыққан техникалық бұйымдарды қабылдаймыз. Олардан тәулігіне екі тоннаға жуық қоқыс жеткізіледі. Макулатура Алматыға жіберіліп, олардан тұрмыстық бұйымдар дайындалады. Ал полиэтиленнен жергілікті “Радуга” кәсіпорны пластмасса өнімдерін жасайды. Жақында мерзімі өткен алкогольді ішімдіктерді де қабылдай бастадық. Құтыларын қайтадан кәдеге жарату үшін сұйықтықты кәріздік коллекторға төктік. Бөтелкелерді Тараз қаласындағы “Еврокристалл” компаниясына жөнелтеміз. Олар шыныны балқытып, одан қайта құтылар жасайды. Алюминийді Петропавлдағы металл базасына тапсырамыз.

Біз қаланың бірнеше ауласына пластикалық бөтелкелерге арналған контейнерлер орнаттық. Осы ыдысты толтыруда белсенділік танытатын тұрғындарды біз де қолдаймыз. Мәселен, Жуков көшесіндегі 3-үйдің пәтер иелері кооперативі төрайымына бірнеше қалбыр сыр табыстадық.

Жақында экологиялық марафонды бастадық. Оның аясында біз ұйымдардың әрбір тапсырған 100 килограмм макулатурасының орнына жас ағаштың көшетін алу үшін сертификат береміз. Бұл акция бір жылға созылады. Ал жалпы қалбырдың 1 килогра мын – 100 теңгеден, пластикті – 30 теңгеден, макулатураны 20 теңгеден қабылдаймыз. Бұл үлкен ұжымдар үшін аз да болса, қосымша табыс көзі.

Біз “Жас Отан” жастар қанаты мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп макулатура жинау акцияларын ұйымдастырамыз. Бұл шараның мақсаты оқушылар бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция барысында мектеп белсенділерімен жұмыс істеп, макулатураны көп жинауға тырысамыз. Сөйтіп, жиналған жарамсыз қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін ұйымдарға тапсырамыз. Мәселен, қайта өңдеуге тапсырылған 60 килограмм макулатураның арқасында бір ағашты сақтап қалуға болады. Сондықтан қала тұрғындары табиғатты қорғау мәселесіне бейжай қарамауы тиіс.

Қайыржан АЙСИН,

“Вторсырье” ЖШС-нің директоры.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау