Солтүстік Қазақстан газеті

ЕРІКТІЛЕР СЕНІМНЕН ШЫҚТЫ

Печать PDF

argaiv1428

“ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі – ел мәртебесін биіктеткен шара. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристер елордамызды дүниедегі әсем қалалардың бірі деп таныса, қазақтарды қонақжай халық деп санайды. Оған көрмені ұйымдастырушылар мен еріктілердің мол еңбегінің арқасында жеттік.

Еріктілерді іріктеу кезінде алдымен биыл өткен XXVIII Бүкіл-әлемдік қысқы Универсиадаға ерікті болып қатысқан жастар алыныпты. Қалғандары үш кезең бойынша сынақ тапсырған. Қазір осы сынақтан өтіп, жүзден жүйрік шыққандары көрмеде Астана тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетіп жүр. Еріктілердің барлығы кем дегенде үш тіл біледі.

Жазғы демалысын бүкіләлемдік көрмеде ерікті ретінде пайдалы өткізіп жүрген жастардың бірі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Асхат Жақсыбаев.

– Тамыздың бірінен бастап “ЭКСПО – 2017” көрмесінде мәдени іс-шаралар бағыты бойынша жұмыс істеудемін. Менің қызметім – Конгресс орталықта өтетін іс-шараларға, форумдарға келген қонақтарға жол көрсету, делегацияларға бағыт сілтеу. Біз таңертеңгі сағат 8-ден 15-ке дейін, кей күндері сағат 15-тен 23-ке дейін жұмыс іс-тейміз. Бізден қоғамдық көлікте жолақы сұрамайды және көрменің мәдени шараларын тегін тамашалаймыз. Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жатақханасында тұрамын, – дейді Асхат.

Оның айтуынша, еріктілер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Оларға қойылатын басты талап – шет тілін жетік меңгеріп, сапалы қызмет көрсету. “ЭКСПО – 2017” көрмесінің қызығы көп. Біз мұнда әр елден келген өзге ұлт өкілдерімен танысып, оларға қызмет көрсетеміз. Бұл – тәжірибе жинақтауға таптырмас мүмкіндік. Көрмеде, ең алдымен, еліміздің “Нұр Әлем” атты ұлттық павильоны ерекше көзге түседі. Сегіз қабаттан тұратын павильон келушілердің бірінші баратын орны. Сондай-ақ, Ресей, Германия, Америка Құрама Штаттарының павильондары да ерекше. “Менің бұл көрмеге келу себебім, елім үшін маңызы зор шараға өз үлесімді қосу, аянбай еңбек ету. Бұл көрме мен сияқты еріктілердің барлығының жадында ұзақ сақталады. Мен үшін еліме қызмет ету – үлкен абырой”, – дейді Асхат Жақсыбаев.

Көрмеге ерікті ретінде көмек көрсетіп жүрген жастардың қатарында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқушысы Әйгерім Талғатқызы да бар. Ол шілде айында мәдени іс-шаралар бағыты бойынша жұмыс істеп, белсенділік танытқан.

– Көрмені алғаш көргенде ерекше таңғалдым. Мұнда бәрі әдемі, үйлесімді, қарасаң, көзің тоймайды. Шетелдерден келген қонақтардың да таңданысы ерекше. Біз, еріктілер, қонақтарға қызмет етуден басқа бос уақытымызда көрмені тегін аралаймыз. Менің “ЭКСПО”-ға қатысудағы басты мақсатым – шетелдіктердің санасына Қазақ елі туралы жақсы естеліктер қалдыру, сондай-ақ, еліме қызмет ету, – дейді Әйгерім.

Талапты қыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Сондықтан ол үшін шетелдік қонақтармен әңгімелесу қиын болмапты.

“ЭКСПО – 2017” көрмесі аясында еріктілерге арналған үлкен іс-шара өтіпті. Бұл кешке еліміздің әр өңірінен келген 1500-ден астам жас қатысыпты. Олар өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салған.

Әсел БІРІМЖАНОВА,

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқушысы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау