Солтүстік Қазақстан газеті

СОҚ ЖҮРЕК, СОҚ!

Печать PDF

Өңір дәрігерлері тахикардия ауруына шалдыққан сырқаттарды емдеуді бастады.

argaiv1293

Бұған дейін емделушілер еліміздің өзге қалаларына, тіпті, шетелге де жіберілетін. Облыстық кардиологиялық орталыққа заманауи құрылғы орнатылды. Оның көмегімен мұнда бір күннің ішінде бес науқас ем алады. Ота күрделі болғандықтан, екі сағатқа созылады.

– Біздің емханаға электрофизиологиялық қондырғы, радио-жиілікті абляция және жүректі 3D-модельдеуге арналған құрылғы сатып алынды. Бұл соңғы үлгідегі қондырғылар еліміздің өзге емдеу мекемелерінде жоқ. Тахикардияны біз күйдіру әдісімен емдеп, жүрек соғысы жиілігін қалпына келтіреміз, – дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Асхат Молжігітов.

Бұл америкалық қондырғылар “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде алыныпты. Оған облыстық бюджеттен 190 миллион теңге қаржы бөлінген. Дәрігерлер бірегей отаны жасау үшін алдымен Томск және Мәскеу қалаларында оқып келді. Бүгінге дейін орталықта бұл диагнозбен 20 науқас емделіп үлгерген. Жыл сайын мұндай ота 600-ге жуық солтүстікқазақстандыққа жасалатын болады.

Айта кеткен жөн, үстіміздегі жылы өңірімізде “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қондырғылар сатып алуға жергілікті қазынадан 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл сомаға жүзден астам медициналық құрылғы мен 23 көлік сатып алынатын болады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.



Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау