Солтүстік Қазақстан газеті

“СЕРПІННІҢ” АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ

Печать PDF

“Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” мемлекеттік бағдарламасының мақсаты адамдар көп шоғырланған республиканың оңтүстік өңірінің (Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары) жастарына еңбек ресурстарына сұранысы жоғары солтүстік аймақта білім алуға жағдай жасап, кейін сол жерлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру болып табылады. “Серпін – 2050” – жарқын болашақ жобасы. Бұл оңтүстік өңірдің мыңдаған жас өрендеріне Қазақстанның солтүстік облыстарындағы колледждер мен жоғары оқу орындарында сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

argaiv1797

Игі бастаманың жүзеге асуына Петропавл темір жол көлігі колледжінің ұжымы алғашқылардың бірі болып қатысты. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы Сайрам, Қара-бұлақ, Төле би, Ордабасы аудандарындағы білім ошақтарынан колледжге елу студент қабылданды.

Бұл студенттер үшін оқу ордасында барлық жағдай жасалған. Колледжде 37 кабинет орналасқан үш корпус, оның ішінде он зертхана, интернет желісіне шығатын алты компьютерлік сынып, спорт залы, кабинеттер бар.

Студенттер “Электрмен қамтамасыз ету”, “Темір жол жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету” мамандықтары бойынша білім алады.

Мамандық бойынша оқу жоспарына және күнтізбелік кестеге сәйкес студенттер өндірістік-технологиялық тәжірибеден өтеді. Осылайша, жастар теориялық оқу кезінде алған білімдерін іс жүзінде бекітіп, қажетті іскерліктерін ұштауға мүмкіндік алады.

Өткен оқу жылы ішінде аталмыш екі мамандық бойынша білім алып жүрген студенттер Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінде (локомотив депосы) және “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамында өндірістік-технологиялық тәжірибеден өтті.

Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші. Білімді де тәрбиелі бойжеткендер мен боз-балалар кемел келешектің кілті десек, артық айтқандығымыз емес. Елбасының сындарлы саясатына орай солтүстікке келіп, білім бұлағынан сусындап жүрген серпіндіктер – ынталы және жігерлі. Оқу мен өнердің қос тізгінін қатар ұстаған жастар колледжде өтетін барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Ел үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан, мәдениетті, парасатты ұл-қыздар қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!”, “Серпін – 2050” жобасына қатысқан олар жастар арасында өткізілген “Аламан – 2016” өңірлік фестивальдарында, қалалық байқауларда топ жарып, біліктіліктерін танытты. Саламатты өмір салтын ұстануды басты бағыттардың біріне айналдырған серпіндіктер спорттық сайыстарда да жеңіс тұғырынан көріне білді.

Асхат Абсен “Поиск” әскери-патриоттық клубының құрамында халықаралық еске алу вахтасы аясында Новгород облысына барды. Республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшелерімен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесулер өткізілді. Облыс орталығының көрнекті жерлерімен таныстыру жұмыстары, концерттік бағдарламалар, театр мен мұражайларға бару сияқты танымдық шаралар жоспар бойынша жүргізілді. Бұл жерде біздің басты көздеген мақсатымыз жастарды мәдениетке, әдебиетке баулып, ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеуге үйрету, тарихымызды тереңнен қозғап, баға жетпес байлықтарымыздың құндылығын түсіндіру болды.

Жастар үшін барлық жағдайды жасап отырған тәуелсіз мемлекетімізде алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ екенін жете түсінген серпіндіктер арасында Гүлнәр Есбатырованы ерекше атап өткіміз келеді. Өмірін өлеңмен өрнектеген Гүлнәр өткен жылы Спорт сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуге қатысып, облысымыздың білімді, білікті, алғыр жастарының атынан тілек білдірді. “Қазақ хандығының құрылу тарихы” атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар “Қазақ поэзиясының Хан тәңірі – Мұқағали” сайысында бағын сынап, екінші орынға ие болды. Қаламқас Хыдырова Мұқағали Мақатаев атындағы “Поэзия менімен егіз бе едің?” байқауында үшінші орынды қанжығасына байлады. Абай оқуларында Онарбек Зияханов топ жарса, “Мемлекеттік тіл – менің тілім” сайысында Фаррухбек Шамасурханов пен Григорий Сагайдак тамаша өнер көрсеткендері үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Ән мен биден таласы бар серпіндіктер қала өмірінен де тыс қалған емес. Жүректері жылылыққа, мейірімділікке толы ұл-қыздар көктемде орын алған су тасқыны кезінде апаттан зардап шеккен тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсеткендері үшін Алғыс хатпен марапатталды. Өзгеге өнеге болатын осындай үлгілі істердің барлығы, әрине, тәрбиеден бастау алады. Өйткені, “Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады”, дейді дана халқымыз.

“Серпін – 2050” республикалық бағдарламасы бойынша қабылданғандар диплом алып, жаңа өмірге қанат қақты. Колледжде үш жыл оқыған қырық бес оқушының екеуі қызыл дипломмен тамамдап шықты. Бұл біздің өңірге “Серпін – 2050” бағдарламасы арқылы келгендер болатын. “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” дегендей, ой-парасаты жоғары жастарымыз келешекте аянбай еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосатынына сенімдіміз.

Қазақстанның жарқын болашағы тек білімді жастармен ғана қалыптаспақ. Осы ретте білім алам деген жігерлі, қайратты ұрпақ үшін елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып, маңызды бағдарламалар жүйеге енгізілуде. Жас буынға арналған ең танымал бағдарламаның жұмысы жүйелі түрде жалғасып келеді.

Айта кету керек, жаңа оқу жылы басталысымен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізінде іс-шаралар қолға алынады. Осы орайда, негізгі орта білім базасында “Жолаушылар вагонының жолсерігі”, “Электрондық есептеу машиналарының операторы” сияқты он екі бағыт бойынша тегін жұмысшы мамандықтары даярланады.

Айгүл ОСПАНОВА,

Петропавл темір жол көлігі

колледжі қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау