Солтүстік Қазақстан газеті

ИНВЕСТИЦИЯ — ТАБЫС КӨЗІ

Печать PDF

Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында екі мәселе талқыланды.

argaiv1934

Тамыздың 21-31-і аралығында Астана қаласындағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі аясында Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өтеді. Төрт жүзге жуық қызылжарлық өнерпаз қатысқалы отырған елорда төріндегі айтулы шарада келушілердің назарына солтүстік өңірдің тарихи құндылықтары мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін жәдігерлер ұсынылмақ. Бұл туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Нұрмұқанова хабарлады.

– Өңіріміздің мәдениет күндерінің шымылдығы еліміздің мәдени-туристік және имидждік бірегей жобасы болып табылатын “Этно-ауыл” ұлттық-мәдени кешенінің алдында суретшілердің және қолөнер шеберлерінің көрмесімен ашылады. Ал шараның шарықтау шегінде солтүстікқазақстандық өнерпаздар Амфитеатр, Энергия холы, Конгресс-холл және Өнер орталығының алдындағы алаңдарда Қызылжар өңірінің мәдениетін кеңінен таныстыратын болады, – деді Зәуре Талапкерқызы.

Баяндамашының айтуынша, қазір өңірдің мәдениет қызметкерлері дайындықтарын пысықтауда. Мәдениет күндері барысында облыстық қуыршақ театры – “Белая дочь степей”, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры – “Ночь перед Рождеством”, ал С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері “Ревизор” спектакльдерін қояды. “Әлқисса” фольклорлық-этнографиялық, “Туған жер” халық би ансамбльдері, “Балқадиша” вокалдық тобы, “Айнар”, “Самғау”, “Әлем”, “Курс” эстрадалық топтары, “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі астаналықтар мен қала меймандарына өз өнерлерін ұсынатын болады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Астана төріндегі мәдени шараға облысымыздан шыққан танымал өнер адамдарын да тарту қажеттігіне назар аударды.

Жиын барысында облыстық индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов шетелдерден инвестициялар тартуға жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Тамыздың 25 күні “Green Park” демалыс аймағында облысымызға шетелдік инвесторларды тартуға арналған өңірлік кеңес өткізіледі. “Open air” форматындағы шараға Австралия, Қытай, Ресей, Оман және тағы басқа елдердің үш жүзге жуық компанияларының өкілдері қатысады деп күтілуде. Бүгінге дейін тығыз әріптестік орнатып үлгерген Қытай Халық Республикасынан он компания келмек. Ашық диалогтың мақсаты – ауыл шаруашылығы және таукен саласындағы жетістіктерімізді көрсету арқылы өңірімізге инвестиция тарту болмақ. Шара барысында әр ауданның және облысымыздың инвестициялық мүмкіндігін көрсететін көрмелер мен басқа да шаралар қолға алынады. Ресейлік мұнай компаниясы Айыртау ауданында май өңдейтін зауыт ашуға ниетті. Өңірлік кеңестің қорытындысы бойынша онға жуық меморандуымға қол қойылып, ортақ жобалар жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Бұл ретте Құмар Ақсақалов АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибелерін алға тартты. Бұдан бөлек, облыстық индустриялы-инновациялық даму басқармасының жұмысын күшейтуді тапсырды.

– Бұл бағытта ешқандай да немқұрайлылық, бюрократиялық енжарлық та, селқостық та болмауы қажет. Шетелдік инвесторлармен жүргізген әр келіссөзіміз, әр кездесуіміз нәтижелі болуы керек. Біз облысымыздың экономикасына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында өткізілген әр инвестициялық форумның соңында жұмысымызға талдау жасайтын боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау