Солтүстік Қазақстан газеті

МАРАПАТ САҒАН, ҚҰРЫЛЫСШЫ!

Печать PDF

Тамыздың екінші жексенбісінде елімізде Құрылысшы күні аталып өтіледі. Осы мереке қарсаңында Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында құрылыс саласының үздіктері мен ардагерлері марапатталды.

argaiv1962

Ел экономикасында құрылыс саласының алар орны ерекше. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өңір басшысының атынан құрылыс саласының өкілдерін мерекелерімен құттықтады.

– Құрылыс саласы біздің қоғамымыздың маңызды бөлігі болып табылады. Осы сала өкілдерінің еселі еңбектерінің арқасында тұрғындар үшін қолжетімді және жайлы баспана, мектептер мен балабақшалар, өндіріс нысандары салынуда. Біздің алдымызда құрылыс қарқынын өсіруді жалғастыру, пайдалануға берілетін нысандардың сапасы мен беріктігін арттыру, қолжетімді баспана нарығын қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр, – деген Дәурен Жандарбекұлы солтүстікқазақстандық құрылысшыларға еңбекте жаңа жетістіктер, отбасыларына бақыт пен амандық тіледі.

Мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатын құрылыс индустриясын дамытуға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп отыр. Оның нәтижесін жыл сайын құрылыс қарқынының өсіп келе жатқандығынан да байқауға болады. Тек биылғы жылы ғана Қызылжар өңірінде Оқушылар сарайы мен төрт жатақхана, бірнеше тұрғын үйлер мен нысандар тұрғызу жоспарланған.

Дәурен Жандарбекұлы құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан 19 солтүстікқазақстандыққа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.

Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен “СУ-808” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ардагері Виктор Ли “Еңбек ардагері” медалімен, алты адам “Құрметті құрылысшы” төсбелгісімен марапатталды. Ал құрылыс саласының бір топ өкіліне министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Құрыш қолды құрылысшылар ардақталған салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.


Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау