Солтүстік Қазақстан газеті

Біліктіліктерін жетілдіреді

Печать PDF

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанындағы “Қызылжар” орталығы 2013 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласының 846 маманының біліктілігін арттырған. Тыңдаушыларға қысқа мерзімді курстар ұйымдастыратын орталықта сала мамандарымен қатар, кәсіпкерлер де ақылы түрде білімін жетілдіреді, ғылым жаңалықтарын үйренеді.

argaiv1682

– Курста өзіме қажетті біраз ақпарат алдым. Білікті мамандардың дәрісі ғаламтордағы мағлұматтан бағалы деп есептеймін. Биыл гидропоника әдісімен қызанақ, қияр өсіруді жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда 500 шаршы метр болатын жабық, жылы ғимаратты жалға алдым. Екі адамды жұмысқа қабылдап, өсімдікті күзде өсірмекпіз. Кәсіптің бағыт-бағдарына қатысты ақпараттарға осы орталықта қаныға түстім, – дейді Қызылжар ауданындағы “Токопро” ЖШС-нің директоры Жанат Құсайынов.

Соңғы екі жылдан бері орталықты “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржыландырып келеді. Ауыл шаруашылығы мамандары курста тегін дәріс алып, тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Мамандарға дәрісті білікті оқытушылар береді. Орталықта 3 ғылым докторы мен 25 кандидат, онға жуық магистр жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда малды ұрықтандыру ісін көп маман тиянақты біле бермейді. Осы тақырыпқа арнап үш күндік курстар ұйымдастырамыз. Зоотехник, инженер мамандарына малды бағалау бойынша 40 сағаттық курс өткіземіз. Оқытуларда малдың жаңадан пайда болып жатқан аурулары жайлы кең мағлұмат беріледі, – дейді орталықтың жетекшісі Аймағамбет Барлыбаев.

Тыңдаушылар дәріс тыңдап қана қоймай, тәжірибе станциялары мен мал шаруашылықтарына барып, олардың жұмыс үрдістерімен танысуда.

Берік ҚАСЕН.



Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау